Қазіргі кезде емші-балгер, көріпкел, дуахан-молда дегендерге сенбейтіндер көп. Солардың бірі – мен. Өйткені, кейінгі уақытта «емшімін» деп елді алдайтын алаяқтар көбейген. Өтірікті шындай қылып айтып, халықтың ақшасын қағатындар жетіп артылады. Оларға алданған адам сосын шын емшіге де сенбейді. Себебі олардың қайсысы шынымен-ақ қасиет қонған адам екенін ажырата алмайсыз.
Сондайларды көп көрген соң мен де емші-балгер, дұға жасаушы дегенге сенбейтін едім. Бірақ өзім бір жағдайдың куәсі болған соң, сенбеске амалым қалмады. Сол оқиғаны "Алаш айнасы" оқырмандарының назарына ұсынып отырмын.
Бізден екі үй кейін тұратын көршіміз қалаға көшіп кетті де, сол үйге бір емші-балгер көшіп келді. Ауыл адамдарының айтуынша, ол кісі дұға да жасайды екен. Көшіп келген күнен бастап-ақ сол үйден адам аяғы арылмайтын болды. Тек ауыл адамдары ғана емес көрші ауылдардан, тіпті ұзақ жерлерден арнайы іздеп келушілер де күн санап арта түсті.
Бір күні құрбым Зияда келіп, сол балгерге барып көрейік деп дегбірімді алып, ақыры көндірді. Құрбымның балгерге баруының өзіндік себебі бар еді. Оның жігіті қалаға оқуға түскен. Сол баяғы «жігітім басқа қызға кетіп қалмай ма, мені тастап кетпей ме?» деген сияқты көңіліндегі күдікті сейілту үшін құмалақшыға да, көріпкелге де, картамен бал ашатындарға да барғыш-ақ. Мына емшінің көшіп келгенін естігелі көңілі тыныш таппаса керек. Бір жағынан құрбымның көңілін қимай, екінші жағынан «шынымен де керемет емші ме екен?» деген қызығушылық пайда болды да, Зиядамен еріп емшінің үйіне келдім.
Біз барғанда 15-20 адам кезек күтіп отыр екен. Арасында ауыл адамдары да бар. Көпшілігі бейтаныс кісілер. Жасы да, кәртемісі де бар. Біз де есік алдындағы ұзын тақтайдан жасалған орындыққа жайғастық. Екі сағаттай отырдық. Ақыры таусыла күткен кезек те жетті-ау. Ол кезде бізден кейін келгендердің қарасы тым көбейген еді. Мен өзім бал аштырмасам да, құрбыма не айтқанын өз құлағыммен есітейін деп Зиядамен бірге кірдім. Жайғасқан соң емші не шаруамен келгенімізді сұрады. Зияда келген шаруасын, ал мен жай еріп келгенімді айттым.
Емші алдына ақ матаны жайды да, кішкентай бір буылған түйіншекті алып, шеше бастады. Түйіншек ішінде бал ашатын тастар бар (құмалақ) екен. Күбірлеп бірдене оқыды да, құмалақты ақ матаның үстіне шашып жіберді. Шашылған құмалаққа біраз қарап отырды да, қайта жинап алды. Сосын құмалақ салуға кірісті. Сәл кідіріп, бір күрсініп алды да, айта бастады. «Жігітіңнің іргесі нық болмай тұр. Міне құйысқаны көтеріліп тұр. Шамасы басқа біреуге көзі түсіп жүр-ау» деді. Мұндай сөзді естіген құрбым не істерге білмей, «енді не істеймін?» деп құмалақшыға қарады. Емші де осы сөзді күтіп отырғандай «оның амалы бар» деді. «Апа сол амалын жасап беріңізші» деп Зияда емшіге жалына бастады. Бір жағынан құрбымды аяғанмен, Зияданың мына қылығына ұялып кеттім. Емші құрбыма ертең мына заттарды әкел деп, тізбектей бастады. Мен одан әрі шыдамай, «есік алдында күтем» деп тысқа шығып кеттім.
Емшінің айтқан заттарын алып, Зияда «бірге барайық» деп ертеңінде маған тағы келді. Мен ренжімеуін өтініп, бара алмайтынымды айттым. Алып бара жатқан шаруам да жоқ, бірақ емшіге барғым келмеді. Ренжігендей кейіп танытқанмен, құрбым қайтарда соғатынын айтып, емшінің үйіне қарай бет алды. Әйтсе де, «емші не деді екен?» деген ой мені де қызықтырып, құрбымның келуін тағатсыздана күттім. Арада үш-төрт сағат өтті. Қақпа жаққа қайта-қайта қараймын, Зияда көрінбейді. Ол күні құрбым келмеді. Бірге бармағаныма ренжіген шығар деп ойладым.
Ертеңінде Зияда емшіге бара жатқанын айтып, тағы келді. Бірақ бұл жолы маған бірге жүр деп қолқа салмады. Онысын маған ренжігені болар деп топшылағам. Бірақ олай емес екен. Сөйтсем, емші Зиядаға «қашан ем жасап біткенімше ана құрбыңмен араласпа» депті. Құрбымның айтуынша, емші менің дуа дегенге сенбейтінімді, емші-балгерлерді ұнатпайтынымды сезіпті. Сондықтан «құрбыңмен аралассаң ем қонбайды» депті. Содан құрбым ем алып болғанша біздің үйге келмейтінін айтып, менен ренжімеуді өтініп, емшіге кетті.
Содан арада бір айдай уақыт өтті. Бір күні «Зияда тұрмысқа шыққалы жатыр» деген сөз ауылға тарады. Алғаш естігенде, өз жігітіне тұрмысқа шыққалы жатқан болар деп ойлап, құрбым үшін қатты қуандым. Бірақ кімге тұрмысқа шыққалы жатқанын естігенде, есімнен тана жаздадым. Біз алғаш барғанда емші апаның үйінде отыздан асып қалған бір кісі жүрген. Түрі де бір қызық. Жаз мезгілі болса да бір қолына қара қолғап киіп алған. Шамасы бір қолында кемістігі болу керек. Ол емшінің туған інісі екен. Зияда соған тұрмысқа шыққалы жатыр екен.
Мына жаңалыққа сенер-сенбесімді білмей, ақиқатын білмек болып Зияданың үйіне бардым. Зияда үйде жоқ екен. Мамасынан қалай сұрардың ретін таппай тұрғам, ол кісі өзі сөз бастады. «Ана құрбың ақылынан адасты. Ешкімді тыңдамайды. Өзінен бірнеше жас үлкен, жарымжан адамға тұрмысқа шыққалы жатыр» деп, көз жасына ерік берді. Зияданың анасын аяп кеттім. «Мен сөйлесіп көрейінші, өзі қайда?» дедім. Кемсеңдеген ана «ол бір аптадан бері емшінің үйінде, үйге де келмейтін болған» деді. Амалым таусылып, үйге қайттым. Емшінің үйіне баруға қорықтым.
Бір аптадан соң Зияда тұрмысқа шықты. Зияданың ата-анасы той жасамады. Емшінің үйінде кішігірім ауыл тойы болды. Бірақ мен ол тойға барғам жоқ. Содан кейін Зиядамен достығымыз үзілді. Өйткені, емші апа оны үйден шығармайтын. Ал мен ол үйге барудан қорқатынмын. Ауыл адамдарының пайымдауынша, емші Зияданы дуалап, інісіне қосқан. Оған сенгім келмейді-ақ. Ал сенбейін десем, құрбымның мына қылығына түсінік таба алмадым. Осыдан біржарым ай бұрын сүйген жігітін күтіп, жолын тосып жүрген 20 жастағы қыз, аяқасты, өзінен 12 жас үлкен, жарымжан адамға қалай тұрмысқа шықты?