"Уақыт иірімі" шындық па, әлде...
Жер бетінде түрлі құбылыстар қайталанып тұратын анамольды нүктелер жеткілікті. Бірақ ондай жерлерде болатын тылсым құбылыстардың құпиясын ғылым әлі толыққанды шеше алған жоқ. Жалпы, бұл жұмбақ құбылысты парапсихологтар «хонтинг» деп атайды. Бұл термин «кейбір елестердің белгілі бір географиялық нүктеге байлануы» деген ұғымды білдіреді. Кейде мұндай орындарда бір мезгілде бірнеше жүздеген елестер пайда болады. Хонтингтер қанды шайқастар өткен жерлерде жиі байқалатыны сан түрлі ойларға жетелейді...
Осындай орындардын бірі - Франциядағы Эджхиллдің маңында 1943 жылы ханзада Руперт пен Оливер Кромвельдің отрядтары өліспей-беріспейтіндей шайқас өткен жер. Шайқастан кейін ұрыс болған жерде 5000-нан астам адамның жансыз денесі шашылып қалған. Бір ай өткен соң жергілікті бақташылар бұрын болмаған кереметті көрді. Аспанда олардың көз алдарында король мен парламенттің армиялары жан алысып, жан берісті. Тағы да барабандар қағылып, қарулардың сарт-сұрт дыбысы естіліп, қанды қырғын басталды...
Содан бері бұл аймақтағылар осы шайқастың елесін мезгіл-мезгіл байқап келеді. Осыған ұқсас жайлар кейде Ресей аспанында да пайда болады. Мәселен, әдеттен тыс құбылыстарды зерттеумен айналысатын «Феномен» комиссиясына Кемерово облысындағы Прокопьевск қаласының тұрғыны Александра Васильевна Ушаковадан мынадай хат келген:
«Отан соғысы басталар алдында бала кезімде мен «аспандағы шайқасты» көрдім. Кешкілік сағат 10-дар шамасында әпкем екеуіміз моншадан шықтық. Мен аспанға қарап, қорыққанымнан шыңғырып жібердім. Онда алып салт аттылар бірін-бірі қылышпен шауып, қан-жоса қылып жатты. Адамның жанын түршіктіретін шайқас киноға түсіріп жатқан сәттегідей толық тыныштықта өтті... Әпкем аспанға жалтақтай қарап, менің қолымды қыса ұстап жүрісін жылдамдата түсті. Сол күні түні бойы көз ілмей шықтық. Біраздан кейін есіктің алдына шыққанымда, аспаннан жаңағы құбылысты көре алмадым. Бұрын-соңды мұндай құбылысты көрген емеспін. Көп кітаптарды парақтап, көрген жұмбағыма жауап іздедім. Бірақ мардымды жауап таппадым. Бәлкім, сол шайқасты менен басқа біреулер де көрген болар. Хабар күтемін».
1988 жылы КСРО әскери ұшқышы Сергей Колесников Белоруссия жеріндегі әуежайдан ұшып шығып, айтылған межеге қарай бара жатқан кезде бірер секундқа «уақыт иіріміне» түсіп кеткен. «Ойымда ештеңе жоқ, кезекті тапсырмамен көкке көтерілдім. Орман үстінен өте бере, кенеттен керемет оқиғаға тап болдым. Айтсам сенгісіз. Төмен жаққа қарасам, артында жаяу әскер шұбырған танктер ауыздарынан от шашып, шабуылдап барады. Жер жүзі қып-қызыл майдан, соғыс. Менен төменде қызыл жұлдызы бар ұшақтар, немістердің кресі бар екі-үш ұшағын қуалап атқылап жүр. Шамасы, бұл осы маңда болып өткен Ұлы Отан соғысының бір кезеңі болса керек. Есімді жиғанша болған жоқ, бәрі қас-қағымда жоғалып, бүгінгі күнге тап болдым» деді ол ақпарат беттеріне берген сұхбатында.
Мұндай «уақыт иіріміне» Египет әскери ұшқыштары да тап болған көрінеді. «Төменнен құжынаған әскер көрдім. Қолында баяғының найза-қылышы. Кескілесіп жатыр. Жер бедері де өзге. Бір таңғалғаным, әлгілерінің бәзбірінің үстілеріне кигендері баяғы мысыр жауынгерлерінің сауыт-жарағына ұқсап кетті. Шамасы, бұл соғыс біздің дәуірімізге дейін болған қақтығысқа ұқсайды» деседі олар. Бұл - еш қоспасыз ащы шындық. Рас, бүгінгі күн адамдары кейде санаулы секундқа болса да «уақыт иіріміне» түсіп кетіп, баяғыда болған өмірді бір көріп қайтып тұрады. Онда да ол жер бетінің осындай бір ғажайып құбылысқа толы санаулы өлшем қашықтығында ғана болса керек.
Иә, «елес армиялар» мен «елес шайқастардың» аспанда пайда болу жұмбағы баяғыдан бар, бірақ оның құпиясын осы күнге дейін ешкім толық шеше алған жоқ. Кейбір ғалымдар мұндай құбылысты атмосфераның қалың қабатында жарықтың бөлшектеніп, сынуынан пайда болатын сағымға теліп, түсіндіреді. Дегенмен кейбір таңғаларлық құбылыстар бұл болжамның аясына сыймайды.