Уақыт
Ол осында келген сайын қабырғаға тақау тұрған дәу сағатты айналсоқтайтын.
– Оған ешқашан жақындаушы болма!.. – деп, мұражайды күзететін шал бажылдайтын.
– Бұл қай заманның сағаты?
– Қай заманда тұрсың.
– Көрсем бола ма?
– Неге?
– Неге тоқтап тұр?
– Асықпасаң өзің-ақ білесің…
– Жарайды ендеше. Бұл өзі не қылған сағат?
– Кім айтты саған бұны сағат деп, бұл уақыт!..
– …
Сол шал туралы достары да көп айтысатын, «осы шал зәуде ғалам сенің бірдеңең, сенен аумайды, жо, сен одан аумайсың» дейтін. Бұл туралы өзі де көп ойлайтын. Бір де шалдан:
– Шал-еке, қай ауылдансың?..- деп сұрады.
Неге екенін өзі де білмейді, әйтеуір осы шалмен сен деп сөйлесетін.
– Сенің ауылыңнан.
– Қойшы, өтірік, біздің ауылда сендей шал жоқ-ты.
– Онда енді болады.
– Расын айт…
– Расы сол, тек ана сағатқа ешқашан жақындама…
Шал кетіп қалды.
Шалдың еш сөзіне сенген де жоқ. Кешке қарай мұражайды жапқалы жатқанда әлдебір үлкен сандықтың ішіне тығылып, қалып қалды. Ел аяғы әбден үзілді-ау дегенде сағатқа келді. Сағат тоқтап тұр. Ол сонда барып көрді, сағаттың тілі ғана бар да, цифрлары жоқ екен. Еппен бетін ашты. Құлағын бұрай бастады. Сырт-сырт… тық-тық… сағатың тілі кенеттен оңды-солды шыр айнала бастады. Ол гүрс етіп еденге құлады. Есін жиғанда таң атып кетіпті. Ел жұмысқа келіп жатыр екен. Жайлап шығып кетпек болып, есікке қарай таяй беріп сағатқа қарады. Тық-тық етіп жүріп тұр. Сағат түбінде тұрған бала оған қарап:
– Ей, шал, бұл қай заманның сағаты? –деп сұрады.
Оның қолынан бір шумақ кілт жерге шылдыр етіп түсіп кетті.
Қойшыбек МҮБАРАК