Тылсым күштің құдіретімен сол үйге келін болдым
«Алаш айнасы» бетінде көпшіліктің бастан өткерген, оқыған, естіген әңгімелерімен бөлісіп жатқанын көріп жүрмін. Сондықтан мен де осы бір оқиғаны «Алаш айнасы» оқырмандарымен бөлісуді жөн көрдім.
Қыз алып қашу туралы әңгіме болғанда қарадай күйіп-пісетінмін. Әсіресе «бұрын танып-білмейді екен, бір көрген адамы» дегендерге. «Қал» дегенге адам қала береді ме екен? Сырын білмейтін адаммен отбасын қалай құрмақ?» дейді ішкі ойым. Өткенде бір әйелдің әңгімесін естідім. Оның басынан өткен оқиға ақылға сыймастай көрінді. Өткен оқиғаны ол өкінішпен есіне алды.«Жиырмаға жаңа келген кезім. Тұрмысқа шығам деген ойым болмаған. Мұғалімдік оқуды бітіре қойған жоқ едім. Ауылға каникулға келген бетім. Келесі күні құрбы қыздар маған туған күнге барайық деп қолқа салып келді. Анамнан сұранып, көрші ауылда болатын туған күнге мотоциклге мінгесіп тартып кеттік.
Содан не керек у-шу боп, тойлап жатқан үйге келдік. Расымен жүзтаныс қыздың туған күні болып жатыр екен. Дастархан жайылып, ас іштік. Тілектер айтылды. Сөйтіп, туған күн кеші таң сібірлегенде бір-ақ бітті. Енді ауыл-ауылымызға тарап жатырмыз. Түнде келген мотоциклді біреу мініп кетіпті. Болмаған соң сол ауылдың бір жігітінің көлігіне топырлап міндік. «Қазір, әуелі Аңсардың үйіне кіріп шығайық, содан соң жолға шығамыз» деген сөзін есітер-естіместен бәріміз көлікке лап қойдық. Аңсардың үйі ауылдың шетінде екен. Анасы ма, жеңгесі ме білмеймін, біреу үйден шыға сала «шай ішіп кетіңдер» деп қалбалақтап жатыр. «Не деген қонақжай адамдар» деп таңқалдым. Әлден уақытта қыздар жағын алды-артымызға қаратпай, үйге тықты.
Алдымызға шай келді. Содан соң тамақ. Құдды бір бізді тосып отырғандай. Сөйтсек, расымен де бізді тосып отырғаны екен. Дәлірек айтқанда, келінді тосып отырған екен. Бүгінгі құрбан мен болдым. Есіктен сызыла келген жеңгейлер мен болашақ күйеуімнің (өзін көргем жоқ) жолдастары жан алқымнан алып, «келіс те келістің» астына алып жатыр. Әлден уақытта «күйеу жігіт» келді.
Бұған дейін өң мен түстің арасында отырғандай болғам. Енді ойыннан шынға айнала бастағандай болды. Жылап қоя бердім. У-шудың арасында Аңсардың атасы қасымызға келгенін байқамаппыз. Ол кісінің молда екенін естуім бартын. Науқасты оқып, кішкентай балаларды сүндеттейді. Сол кісі ақырын жөткірінгенде, бөлмедегі шу тына қалды. Үстіндегі шекпенінің етегін қолындағы таяғымен қағып, жеңгейлерге «жүре беріңдер, келін ақылды ғой, осында қалады», деді жайлап. Бәрі шығып кеткенде маған бажайлап қарады да, таяғын алдыма тастап, үндемей шығып кетті.
Не керек, содан артымнан анам келгенше, сол таяққа тапжылмастан қарадым да отырдым. Неге дейсіз ғой? Молда ата шығып кеткен соң көлденең жатқан ақ таяққа жан бітті. Біресе жіп секілді ширатылып, енді бірде жылан құсап кегжитіп басын көтеріп алады. Осылайша құбылып тұрған таяққа арбалып қанша отырғанымды білмеймін. Есіктен анам кіріп келіп: «Жинал, үйге қайтамыз!» дегенде ғана есімді жидым. Бірақ, анама қарай жылжиын десем, әлгі жылан-таяқ ысылдап алдыма тұра қалады. Не оң, не сол жағынан өткізбейді. Ештеңе айта алмай, жылап кейін шегіншектей берем. Мұнымды анам келісіп келгені десе керек, көзінің жасын сүртіп, шығып кетті. Сөйтіп, атамның амалымен сол үйде қалдым.
Келін болып түскенмен, Аңсар екеуміз жараса қоймадық. Атамның жіп, таяқтарды қозғалтқанын кейін де талай көрдім. Есік алдында жас балаларды ойнатқанда, не ит-құсты үркіткенде, осылай жасайтынын байқадым».
Айқын Тәліпұлы
alashainasy.kz