Қай бір жылдары біздің отбасымызда болған тылсым жағдайға осы күнге дейін түсінік таба алмай келемін. Бәлкім осындай оқиғаны естігендер немес осындай жағдайға куә болған жандар бар шығар? Мүмкін мұндай жағдайға түсінік бере алатын адамдар табылар? Сондықтан осы бір оқиғаны «Алаш айнасы» оқырмандарымен бөлісіп отырмын.
Біз үйде екі бала едік. Менен 14 жас үлкен ағам және мен. Негізі, анам ағамнан кейін тағы екі бала тапқан екен. Алайда олар сәби кезінде шетінеп кеткен көрінеді. Содан кейін араға жылдар салып мен дүниеге келіппін. Сондықтан мен өте ерке болып өстім. Ағам үнемі мені мойнына мінгізіп көтеріп жүретін.
Бала кезімізде жеңгесі бар қыздарға қатты қызығатынбыз. Қыздар жеңгесі берген шашқа тағатын сәнді заттарды көрсетіп мақтанып, шашын тарап өргенін айтқанда өзімді олардан бір саты төмен сезініп қалатынмын. Менің де ағам ертерек келіншек әкелсе ғой деп армандайтынмын. Ол кезде 9 жастамын. Күндердің-күнінде менің арманым орындалатын сәт жетті-ау. Ағам үйленетін болды. Сол кезде оған менен артық қуанған жан болмаған шығар. Үйдегілер тойға дайындалып жатқанда, мен бұл жаңалықты құрбыларыма жеткізіп, «жеңгем аппақ, шашы ұзын, сұлу» деп мақтандым. «Өтірік айтпа, сен қайдан білесің» дегендерге, «суреттін көрдім» деп өтірік айтып, жеңістік бермеймін.
Той жасалып, үйге келін түсті. Көптен күткен, арман болған жеңгемнің жанынан шықпаймын. Қосақтап қойған сияқты қайда барса да соңынан қалмаймын. Сенімен бірге жатам деп, жеңгем үй шаруасын бітіргенше төсегіне барып, күтіп жатам. Сөйтіп жатып ұйықтап қалам. Бірақ таңертең өз төсегімде оянам (ұйықтап қалған соң мені өз орныма апарып жатқызады екен ғой). Ертеңінде қыздарға «жеңгемнің қасында жаттым» деп мақтанам. Олардың қызыққанын көрген сайын айта түсем.
Жеңгем расымен де әдемі болатын. Сонан соң үй шаруасына өте пысық еді. Таңертең ерте тұрады, кеш жатады. Үй ішін үнемі тап-таза етіп жинап қояды (арасында мен де көмектескен болам). Мінезі де жақсы. Үнемі жымиып жүретін. Сондықтан болар әке-шешем де жеңгемді өте жақсы көретін. Бірақ біздің үйге келген қуаныш ұзағынан болмады. Түскеніне бір жылдан асса да жеңгем бала көтермеді. Дәрігерге де, емшілерге де қаралып жүрді. Солай тағы бір жыл өтті. Алайда еш нәтиже болмады. Бала көтере алмағанына қатты күйзелді ме жоқ әлде басқа бір нәрсе әсер етті ме жеңгемнің бойында бір өзгеріс пайда болды. Кішкентай болсам да, бұл жағдайды мен де байқадым.
Бұрын жарқылдап күліп жүретін жеңгемнің мінезі өзгерді. Үнемі тұнжырап жүретін болды. Мені де бұрынғыдай еркелетпейді. Мазам болмай тұр деп өз бөлмесіне кіріп, есікті жауып жатып қалатын. Ағам да үйге кеш келетін әдет шығарды. Бұрын ағам кешіккенде жеңгем мені қасына алып жататын, сондықтан ағам кешіксе қуанатынмын. Бірақ соңғы кезде ағам кешігіп жатса да жеңгем мені қасына алып жатпайтын болды. Мұның бәрінің себебін кейіннен, үйге жеңгемнің ата-анасы келгенде білдім.
Үлкендердің әңгімесінен ұққаным, жеңгем бір түсініксіз жағдайға тап болған. Кейде түн ортасында үйден шығып кетіп, таңға қарай қайта оралатын көрінеді. Ағам жаман ойға барып, араларында ұрыс-жанжал басталған. Алайда, жеңгем ұйқыдан тұрып, далаға шығып кетіп, қайта келетінін өзі білмейтінін айтады. Бірақ, ағам оған сенбейді. Сондай жағдай тағы бір қайталанғанда, ағам ажырасам деп, жеңгемнің ата-анасын шақыртқан екен. Үлкендер ақылдаса келіп, жеңгем үйіне кететін болды. Ондағы ойлары жеңгемді молдаға оқытпақ екен. Біздің әке-шешеміз де жеңгемді осы жақта молдаға оқытпақ болған, алайда оған ағам көнбей қойған.
Жеңгем үйіне кеткен соң үй іші мүлдеп көңілсіз болып қалды. Күнде шүйіркелесіп отыратын әкем мен шешем де көп әңгімелеспейді. Жеңгем туралы аз-кем сөйлеседі де екеуі екі жаққа қарап күрсініп отырғаны. Ал ағам болса, жеңгем кеткелі үйге кеш келуді жиілетті. Ішімдікке де әуестенген. Әкем бірнеше рет ескерту жасағанына қарамастан, ішуін, кеш келуін қоймады. Анамның «әйеліңе барып, хал-жағдайын сұрап қайт» дегеніне де құлақ аспады.
Бір күні әке мен анам жеңгемнің үйіне барып қайтты. Айтуларынша, түн ортасында үйден шығып кететіні жиілеген көрінеді. Анасы түнімен күзетіп отырады екен. Дәрігерлер психиатриялық ауруханаға жатқызып тексертуге кеңес беріпті. Алайда ата-анасы ондай ауруханаға жатқызуға намыстанған. Молдаға оқытқанмен еш көмегі болмапты.
Ол кезде мүлде бала екем-ау. Мені жеңгемнің науқасынан бұрын қыздардың алдында мақтана алмайтыным көбірек қинайтын. Бір күні қаралы хабар келді. Жеңгем қайтыс болыпты. Кейін естідім, анасы ұйықтап кетіп, жеңгемнің түн ортасында үйден шығып кеткенін сезбей қалған. Таңертең ерте мал жайлауға шыққан әкесі жеңгемді қорада асылып тұрған жерінен тауып алыпты.
Одан бері арадан 14-15 жыл өтіпті. Кейіннен ағам екінші рет үйленді. Бірақ бірінші жеңгем еш есімнен шықпайды. Түсіме де жиі кіреді. Осы уақытқа дейін жеңгемнің науқасына түсінік таба алмаймын. «Түн ортасында жеңгемді далаға ертіп әкететін қандай күш болды екен?» деген ой басыма жиі оралады. Әлде ол айкезбе болды ма?