Тартпадан табылған түйінделген қызыл жіп
Осыдан алты жыл бұрын ауруханада өзім куә болған оқиғаны «Алаш айнасына» жолдап отырмын. Ол кезде 12 жаста едім. Қасымдағы қыздар да мен құралпы болатын. Сондықтан болар дәрігерлер біздің айтқанымызға сене қойған жоқ.
Оқиға былай болған еді. 12 жасымда байқаусызда жоғарыдан құлап, екі омыртқам сынып ауруханаға түстім. Мен келгенде палатада Аяулым, Лаура және Катя деген орыс қыз жатқан екен. Бәрі де мен құралпы қыздар. Бір аптадан кейін біздің палатаға Валя деген қызды алып келді. Валя бізден үш-төрт жас кіші еді. Сондықтан қасында анасы бірге жатты. Валяның жарақаты дәл менің жарақатыммен бірдей екен. Екі омыртқасы сынған.
Ешқайсымыз да тұрып жүре алмайтын болғандықтан Валяның анасы бізге қажет нәрселерімізді әперіп тұратын. Ешқайсымызға ұрысып немесе қатты сөйлеп көрген емес. Десе де, неге екенін қайдам, әйтеуір алғашқы күннен-ақ Валяның анасы бәрімізге де ұнамады. Еш қабағы ашылмайтын. Түсі өте суық. Сол кісінің күлгенін көрмеппіз. Ол кісі біздің аналарымызға да ұнамады. Ешқайсымыздың анамызбен әңгімелеспейтін. Сәлемдеседі де, теріс бұрылып, қызымен сөйлесіп отыратын. Арада бір айдай уақыт өтті. Бір күні түнде біреудің жүргенінен оянып кеттім. Палата ішіне дәлізден болмашы ғана жарық түсіп тұр екен. Көзімді ашсам, Валяның анасы бірдеңе деп күбірлеп, менің төсегімді айналып жүр. Қорқып кеттім. Оянғанымды байқап қалмасын деп қозғалмай жата бердім. Одан кейін Валяның анасы күбірлеп бірдеңелер айтып, су шашқан секілді қолын сілтеп, Аяулымның төсегін айнала бастады. Бір кезде Аяулым қозғалды. Оянып кетті деп ойлады ма екен Валяның анасы тез орнына барып жатты.
Ертеңінде анам келгенде Валяның анасының түнде істеген әрекеттерін айтып бердім. Анам менің тумбачкамды тексеріп, тартпасынан бірнеше түйінделген қызыл жіп тауып алды. Дәл сондай жіппен Валяның анасы тоқыма тоқып отыратын. Анам ол кісіге ештеңе демегенмен, дәрігерлерден ол кісіні басқа палатаға ауыстыруын сұрады. Бірақ дәрігерлер менің айтқаныма сенбепті. Десе де, Валяның анасымен сөйлесіп, түнде балалардың мазасын алмауды ескертетінін айтыпты.
Арада он күндей уақыт өткенде Валяның анасы баяғы әрекетін тағы қайталады. Түн ортасында «тарс» еткен дыбыстан оянып кеттім. Аяулым төсегінде тұрып отыр екен. Валяның анасы Аяулымның сүйеніп жүретін қолтық таяғын жерден көтеріп жатыр. Сол кезде Лаура да оянды. «Бізді бірдеңені сезіп қалды-ау» деді ме, Валяның анасы «қолтық таяқ құлап кеткен екен соны көтеріп жатырмын. Алаңдамай ұйықтай беріңдер» деп өзінше, бізді тыныштандырған болды. Бірақ біз ол кісінің сөзіне сенген жоқпыз. Ертеңінде Аяулым болған жағдайды анасына айтып берді. Түнде Валяның анасы Аяулымның төсегін тағы айналып жүріпті. Менің анамның, өткенде, менің тартпамнан түйілген жіп тауып алғанын естіген Аяулымның анасы қызының тумбочкасын тексерді. Таң қаларлығы, Аяулымның да тартпасынан бірнеше рет түйінделген қызыл жіп табылды. Аяулымның анасы Валяның анасына ондай жіпті тек сол пайдаланып жүргенін, бұл соның ісі екенін айтты. Бірақ Валяның анасы ештеңені мойындамады. Екеуінің арасында ұрыс-керіс болды. Содан кейін дәрігерлер Валяны басқа палатаға ауыстырды.
Валя екеуміздің жарақатымыз бірдей болғанмен, екі ай дегенде ол айығып, ауруханадан шықты. Одан кейін мен тағы бір ай жаттым. Сол аралықта біздің палатады тағы да түсініксіз жағдай орын алды. «Валяның анасының кеткені жақсы болды» деп әңгіме айтып отырғанбыз. Кенет күтпеген жерден терезе ашылып кетіп, бір жақтауы құлап түсті. Қыс мезгілі. Терезелер желімделіп, жауып тасталған болатын. Сонда ол қалай өздігінен ашылып, құлап қалды? Дәрігерлер де таң қалды. Бізді кінәлайын десе, терезе құлататындай біздің ешқайсымыздың шамамыз жоқ. Бәріміз де балдаққа сүйеніп жүрген жас балалармыз.
Көп өтпей Лаура мен Катя да жазылып шықты. Жаңа жыл таяп қалған. Палатада Аяулым екеуміз ғана қалдық. Дәрігер 29 желтоқсан күні Лаура екеуміздің де ауруханадан шығатынымызды айтты. Қуанышымызда шек болған жоқ. Әйтсе де, үш ай бірге жатып, бір үйдің баласындай болып, бір-бірімізге бауыр басып кеткен едік. Ертең шығамыз деген күні қимастық сезіммен түннің бір уақытына дейін әңгімелесіп жаттық. Бір кезде тумбочканың үстінде тұрған сусындар өздігінен қозғалып, еденге құлады. Бір қызығы құлаған кезде сусындардың қақпағы ашылып, жерге төгілді. Оған дейін де, кейін де құлаған кезде сусынның қақпағы ашылып, төгілгенін көрген емеспін. Бұл бір түсініксіз жағдай еді.
Сол күні екеусіз таңды көзбен атырдық. Ертеңінде дәрігер алдымен Лаураға жауап берді. Менің бір анализмнің қортындысы келмей, түстен кейінге дейін күтуіме тура келді. Түстен кейін дәрігер анализмнің дұрыс болмағанын айтып, тағы бір апта жатуым керек екені айтты. Бірақ мен анама жылап-еңіреп, алып кетуін өтіндім. Егер алып кетпесе өзім қашып шығатынымды айттым. Өйткені ауруханада қалудан қатты қорықтым. Мен жылап болмаған соң анам дәрігермен сөйлесіп, мені үйге алып қайтты.
Кейіннен сол бір оқиғаларды ой елегінен өткізіп, Валяның анасының әрекетіне де, тартпадан табылған, түйінделген қызыл жіпке де, өздігінен құлаған терезеге де, сусындардың өздігінен құлап, қақпағы ашылып кеткеніне де түсінік таба алмадым. Сіздер ол жайлы не ойлайсыздыр?
Саяна, Көкшетау қаласы
alashainasy.kz/