«Шашымды үш рет қырқып, үш өлім көрдім»(видео)
Түркістан облысы, Ордабасы ауданында тұратын Ырымкүл Ертайдың шашының ұзындығы екі метр, деп хабарлайды Express Qazaqstan. Ол осы жасына қарамастан әлі де спортпен шұғылданады.
Ырымкүл Ертайға әжесі бала күнінен бері "сенің шашың киелі, күтіп ұста" деп құлағына құйып келген екен. Студент шағында қалың қолаң шашымен көпті таң қалдырған.
Шашы ұзын әжей өмірінде үш-ақ рет шашын қиған. Оның өзін жастықпен білмедім,- дейді.
"Тұрмысқа 20 жасымда шықтым. Ол кезде шашымның ұзындығы 2 метр 20 сантиметр болатын. Өзім келінмін, енем марқұм ауыратын. Оның үстіне балалы болған соң әбіржіп шашымды алғаш рет ұшын ғана қидыртқанмын. 1967 жыл болатын. Ол кезде балам шетінеді. Кейін 1970 жылы тобыққа дейін қидырттым. Кейін күйеуім бақилық болды. Осылайша 28 жасымда екі ұл, бір қызыммен жесір қалдым. Араға бір жыл салып тағы да шашымды қидырғанымда енем қайтыс болды. Мен ол кезде жаспын ғой. Кие дегеннің не екенін білмеппін", — деді Ырымкүл Бекенқызы.
Жастайынан жесір қалған Ырымкүл Ертай шашын тағы да бір қидыртпақ болыпты. Ол кезде ауылдан анасы келіп, "Шұбардағы (Ырымкүл әжей тұратын ауыл: автор) қыз шашын тағы қидырса, енді өзі өледі" деп түсінде әжесі аян бергенін айтқан.
Сол кезде барып бала күнімнен бері шашыңның киесі бар деген сөздер сап етіп ойыма түсті. Содан бері шашыма қайшының ұшы да тиген емес, — деді 80 жастағы әжей.
Қолаң шашты Ырымкүл Бекенқызы шашын айран және қымызбен жуады. Тек соңғы екі-үш жылдан бері сусабын қолданады. Оның өзіндік себебі де бар. Айтуынша, соңғы жылдары шашына ақ түскендіктен амалсыз бояп жүр екен. Ал бояудағы химикатты жуып-шаю үшін сусабын аса қажет. Бірақ соңғы кезде шашы жиі түсе бастапты.
Ырымкүл әжей шашын бес күнде бір рет жуады. Ол үшін шамамен 5-6 шелек, яғни 50-60 литр су қажет. Ал бұрымды шашты тарау үшін сағаттап уақыт жұмсайды. Түскен шашын ешқашан аяқ асты етпеген. Қап-қап етіп жинап қойған. Бүгінде екі қапқа жиналған шаштың салмағы 14,5 келі.
Қолаң шашты әжейдің жалғыз қызының да шашы ұзын болған екен. Бірақ студент кезінде шашын қиып тастапты.
"Қызым оқудан келді. Таңғы уақыт болатын. Шашын қидырып тастаған. Сол кезде қызыма қатты ренжідім, тіпті үйге кешке дейін кіргізбей қойдым. Есіктің алдында отырған ол енді шашымды қидырмаймын, өседі ғой деп жылап отыр. Енді өсіргенін қайтейін?.. Кейін қыз тұрмысқа шығып, сол елдің келіні болғандықтан оған шашыңды өсір деп айта алмадым", — деді Ырымкүл Бекенқызы.
Үш перзентінен 13 немере мен 8 шөбере сүйіп отырған әжейдің немерелері мен келіндерінің ешбірі шашын жайып жүрмейді екен.
"Шаш жайып жүру деген жаман ырым. Қазақ өлім болғанда шашын жайған. Сондықтан мен үнемі жүрген жерімде шашты жаюға болмайтынын, шаштың да киесі барын айтып жүремін. Біздің ауылда (Ордабасы ауданы, Шұбар елдімекені: автор) мектеп оқушыларының барлығының шашы иықтан төмен. Ешбірі шашын жайып жүрмейді", — деді әжей.
Ырымкүл әжейге көбі "80 жастағы адамға ұқсамайсыз, жас көрінесіз" деп жатады екен. Қарт тұрғын мұның ешқандай сыры жоқ дейді. Бар болғаны дұрыс тамақтану және спортпен шұғылдану қажет.
Ғұмырының 46 жылын ұстаздық салаға арнаған зейнеткер күн сайын таңертең сағат 7-лерде ұйқыдан тұра сала жаттығудың он бір түрін жасайды. Бала күнінде көркем гимнастикаға қатысып, түрлі жетістіктерге жеткен Ырымкүл Бекенқызы тибет гимнастикасымен де шұғылданады.
"Спортпен адам өзінің денсаулығы үшін шұғылдануға тиіс. Және ол жас таңдамайды" деген әжей өзін сергек сезінеді. Небір жаттығулар жасап, таңғы уақытта жаяу жүреді және ауыл көшелерінде жүгіреді. Алайда пандемия басталғалы жүгіруді уақытша тоқтатыпты. Ал күнделікті белгілі бір тәртіппен ғана тамақтанады.
"Таңертең ұйқыдан тұра сала бір стақан жылы су ішіп аламын. 15 минуттан соң бал араластырып тағы бір стақан су ішемін. 20 минуттан кейін екі дана алма жеймін. Таңғы асым осы. Ал түсте бірінші және екінші асты, ары кетсе екі немесе үш тілім нан жеймін. Кешке жеңіл кеспе көже, жұқпа секілді жеңіл тамақтанамын. Кешкі сағат алтыдан соң тамақ жемеуге тырысамын. Ал көкөніс, жеміс-жидек дегендерді үзбеймін. Сосын қалтамнан құрт үзілмейді. Таңертең біреуін аузыма саламын да түске дейін соны сорып жүремін. Құртты негізі тістелеп жеген дұрыс емес, сору керек. Бұл нағыз кальций", — деді Ырымкүл әжей.
Ырымкүл Бекенқызы ауылдың сыйлы әжейі, ауданның "Құрметті азаматы". Әжейді жұртшылық бұлбұл дауысты әнші Бибігүл Төлегеноваға ұқсатады. Шаш үлгісі тура ұқсағандықтан болар тіпті кейбір өнер иелерінің өзі той-жиындарда "Бибігүл апай" деп қалады екен. 80 жастағы тұрғын ән салып, би де билейді. Әсіресе қазақтың қара жорға биін билегенде көпшілік ерекше таң қалады.
Айтпақшы, қолаң шашты әжей Гиннестің Рекордтар кітабының тізімінен шыққан, қазір Қазақстан рекордтар кітабында.