Ренжіген әруақ...
2005 жылдың қысы болатын. Ауылдан 80 шақырым жерде орналасқан аудан орталығында тұратын туысымыз қоңырау шалып, қонаққа шақырды. Қазақтың «...шақырған жерден қалма» деген қағидасын ескеріп, қалмай баратынымызды айттым. Әйеліме аудан орталығында тұратын туысымыздың қонаққа шақырғанын айтып едім, «бармай-ақ қойсақ қайтеді, менің ертеңге жоспарлап қойған үй шаруаларым бар еді» деді. Мен «барамыз» деп сөз беріп қойғанымды айтып, «үй шаруасын кейінгі демалысқа қалдыр» дедім. Әйелім үндемей өз шаруасына кетті. Әйелімнің үндемегенін келіскені деп ұқтым.
Ертеңінде таңертең тұрып, жолға шығар алдында көлігімді бір тексеріп алуды ұйғардым. Доңғалақтарын тексеріп, май-суын бір-бір қарап шықтым. Бәрі де дұрыс екеніне көз жеткізіп, үйге кірдім. Үйге кірсем әйелім жайбарақат үй шаруасымен жүр екен. Тіпті, қонаққа баратынымызды ұмытып кеткен сияқты. Әйелімнің мына жүрісіне аздап ашуым келіп, «оу, дайындалмайсың ба?» дедім. Ол жайбарақат күйде, ештеңеден хабары жоқ кісіше «қайда?» дейді. «Қайдаң не, қонаққа бармаушы ма едік?» деп ашуландым. Әйелім сол бір салмақты қалпын сақтап, «бармай-ақ қойсақ қайтеді, тіпті болмаса өзің барып қайтсаң ше?» деді. Менің одан сайын ашуланғанымды көрген соң «жарайды» деп келісті.
Қонаққа сағат 1-ге шақырғандықтан үйден 11- де шықтық. Жаз айы болса бір сағат көлемінде жететін жер, бірақ қазір қыс, жол тайғақ болған соң асықпай жүреміз деп ертерек шықтық. Асықпай жүріп отырып, дәл уақытында жеттік. Шақырылған кісілер әлі толық жиналмаған екен. Қалған қонақтар келгенше, тағы жарты сағаттай күттік. Ас-шәйді ішіп, ән салып, думандатып отырғанда күн кеш болды. Қыс мезгілі болған соң тез қараңғы түсті. Аздап арақтан да ұрттадық. Аудан мен ауыл ортасында ГАИ болмайтындықтан кейде рөлге ішіп алып та отыра беретініміз бар. Бірақ, ептеп қызу болғанмен, мас емеспін. Кешкі 10-дар шамасында үй иелерінен қайтуға рұқсат сұрадым. Олар қонып, ертең қайтуды ұсынды. Әйелім де «қайтпай-ақ қойсақ қайтеді» деп қиылғанмен, мен үйде балалардың жалғыз қалғанын айтып, «қайтуымыз керек» деп көнбей қойдым.
Қазақтың қалай қоштасатынын білесіздер ғой, ал ішіп алса тіпті... «Ал, жарайды, ал, сау бол, кетер аяқ, жол ашар» деп жүргенде сағат 11 болған екен. Қимай қоштасып, жолға шықтық. Аудан орталығынан шықпай жатып, әйелім «көңілім жайсыз болып тұр осында тұратын досымыздың үйінде қала салсақ қайтеді» деп әңгіме бастады. Арақтың демі ме, әлде қырсық шалды ма, «қайдағыны айтпа» деп кесіп тастадым. Әйелім «онда, асықпай жүрші» деп өтінді. Әйел бірдеңе десе түлен түртетін, қырсығып қалатын осы мінезім-ай... Ал ішіп алғанда тіптен есіріп кетеміз ғой. Сол қырсықтыққа салып, көліктің жылдамдығын асыра түстім. Менің сол мінезімді білетін әйелім, одан әрі үндемеді. Оның үндемегеніне одан сайын ызаланып (арақтың да демі бар шығар), жылдамдықты одан сайын асырдым. Ол кезде ауданнан 30 шақырымдай ұзап кеткен едік.
Әлі де ашуым басылмай, әйеліме қайта-қайта қарап келем. Солай аптығып келе жатқанда жол үстінде тұрған қызды көзім шалды. Тежегішті басып, рөлді бұрып жібердім. Не болғанын ұқпай да қалдым. Көлік бір-екі аунап, төрт аяғына қайта тұрып қалыпты.. Әйелімнің ыңыранған дауысынан тез есімді жидым. Аяқ-қолым аман сияқты. Еш жерімнің ауырғаны сезілмейді. «Әсия, Әсия» деймін... Жауап жоқ. Сыртқа шығайын десем есік ашылмайды. Быт-шыты шыққан алдыңғы терезені теуіп түсірдім де, сыртқа шықтым. Әсияны түсірмек болып есікті жұлқылаймын, ашылмайды. Ашылып қалған жүк салғышты көргенде сонда жатқан темір ырғауыш (мантировка) есіме түсті. Темір ырғауыштың көмегімен есікті ашып, Әсияны жерге түсірдім. Не істемек екенімді өзім де білмеймін. Әсияның ақырын ғана ыңыранған дауысы есітіледі. «Әсия, Әсия» деймін... Жауап жоқ. Бір кезде жердің суық екені есіме түсіп, көліктің артқы орындығын алып, Әсияны соның үстіне жатқыздым. Не істерге білмеймін... Ең жақын жер аудан орталығына дейін 30 шақырымдай. Әсияны арқалап, оған жете алмасым анық. Біреу келіп қалса екен деп Алладан тілеуден өзге амал қалған жоқ.
Алла тілеуімді қабыл алды ма, арадан екі-үш сағаттай өткенде, аудан жақтан келе жатқан жарық көрінді. Жарық сонша ұзақтан көрінген жоқ сияқты еді, алайда жете алмай-ақ қойды. Жылдам жете қоймағанына қарап трактор ма екен деп ойлағам, жоқ жеңіл көлік болып шықты. Бір мезгілде, әйтеуір, жетті-ау. Ауданнан қонақтан қайтып бара жатқан көрші ауылдың кісілері екен. Мәшинада көлік басқарып келе жатқан жас жігіт және алпысты алқымдап қалған аға мен апа бар екен. Мен әйелімді жылдам ауруханаға жеткізуін өтіндім. Бәріміз көлікке отырып, аудан орталығындағы ауруханаға жеттік. Ол кезде уақыт таңғы 4 мезгілі болған екен. Дәрігерлер Әсияны жылдам жансақтау бөліміне алып кетті. Біз есік алдында күтіп қалдық. 10-15 минуттан кейін дәрігер шығып, «әйеліңіз қайтыс болды» деді. Айтуларынша, көп қан жоғалтқан. Дәрігер «бір сағат бұрын жеткізгенде, мүмкін аман қалар ма еді?!» деді.
Ауылда көліксіз болмайды. Аудан орталығына жиі баруға тура келеді. Сондықтан көктем шыға көлігімді қайта қалпына келтіріп, жүргіздім. Ал автобус ауданға күніне бір рет қана қатынайды. Бір күні тығыз шаруам шығып, түс ауа өз көлігіммен ауданға бардым. Ондағы шаруаларымды бітіргенімше кеш болды. Жұмысым бітісімен ауылға қарай тарттым. Жалғызбын. Ойланып келе жатып, қыстың күні аударылған жерімізге келіп қалғанымды байқамаппын да. Өз-өзінен бойым шымырлап кетті. Сол түні апатқа себепші болған, жол үстінде тұрған қыз есіме түсіп кетті. Қанша сабырлық сақтасам да, бойымда үрей пайда болды. Ананы-мынаны ой елегінен өткізгенше, апатқа түскен жерден өте шықтым. Бойдағы қорқыныш сейілгендей болды. Десе де, арт жаққа қарауға қорқып келем. Сол жерден ұзаңқырап кеткен соң айнадан артқа қарадым. Өз -көзіме өзім сене алмаймын. Мәшинаның артында екі қолын созып, Әсия жүгіріп келеді. Маған тоқта деп ишара жасайтындай. Мәшинаның газын барынша басып, ауылға қалай жеткенімді білмей де қалдым.
Ертеңінде, жеті шелпек пісіртіп, құран бағыштадым. Әсияның бейітінің басына барып, құран оқыдым. Неге екенін бейіт басынан кеткім келмеді. Әсияның бейіт басындағы тасқа салынған суретіне ұзақ қарап отырдым. Бір кезде тастағы суретке жан бітіп, қабақ шытқандай болды. Қайта анықтап қарадым, иә, сурет қабақ шытып тұр. Шошып кеттім. Тез орнымнан тұрып, мазараттан шығуға асықтым. Үйге келгенде «маған солай көрінген шығар» деп өз-өзімді жұбаттым. Сол күні түсіме Әсия кірді. Қабағы қатулы. «Кеше неге мені жол бойына тастап кеттің?» дейді. Мен «кешір, байқамай қалдым» деймін. «Осылай сен мені үнемі тыңдамайсың» деп, Асия мені буындыра бастады. Қиналып жатып ояндым. Оянсам қара терге түсіп жатыр екем.
Таңертең шәй ішпестен, мешітке бардым. Имамға болған жайды айттым. Ол кісі апат болған жерге мал сойып, құрбандық шалу керек екенін айтты. Сол күні бейіт басына барып, Әсиядан кешірім сұрадым. Ертеңінде имам мен 7-8 ауыл ақсақалын алып, екі көлікпен апат болған жерге барып, құрбандыққа мал сойып, құран оқытым. Сосын үйге келіп ас бердім. Сол күні түнде Әсия тағы түсіме кірді. Бұл жолы көңілді көрінді. Анадай жерден маған қол бұлғап қоштасып, ұзап кетіп бара жатты. Имамның айтуынша, Әсия апат орнында қайтыс болған. Біз ауруханаға оның жансыз денесін ғана апарғанбыз. Сол жерде жаны тәнінен бөлініп шығып қалып қойған. Содан бері Әсияның рухы тұрақ таппай жүрген көрінеді.
Менің ойымша, Әсия мені кешіре алмай жүрген-ау. Өйткені, оның өліміне мен себепші болдым. Сол күні ол бірдеңені сезіп, қонаққа барғысы келмеген еді. Қонақтан шыққан соң да «түнде қайтпай, аудан орталығында қалайық» дегенде де мен тыңдамай қойдым. Сол қырсық мінезімді оның рухы кешіре алмай жүрген сияқты. Құрбандыққа мал сойып, арнайы ас беріп, кешірім сұрағаным қабыл болған шығар. Алланың құдіретімен, ниетім қабыл болып, Әсия мені кешірді-ау деп ойлаймын. Өйткені, содан кейін Әсияның рухы жол бойында да, түсімде де мазалаған емес. Сонда, әруақтың да ренжитін болғаны ғой...
Рымхан, ШҚО