Қиындықтың бәрі қарғыстан келіп жатқан жоқ па екен осы?
Бала кезімізден үлкендердің «біреудің ала жібін аттамаңдар» дегенін естіп өстік. «Ала жіптің» не екенін ұқпасақ та айтқандарын орындауға тырысатынбыз. Сол ала жіптің не екенін енді-енді түсіне бастағандаймыз. Әйтпесе соны түсіндіріп берген адам жоқ. «Сенің құқығың басқа адамның құқығы басталған жерде аяқталады» деген қағида бар. Осы қағида бойынша біреудің құқығы басталған жердегі көзге көрінбейтін сызық аталарымыз бен әжелеріміз айтатын ала жібі болса керек.
Не деген тәлімі терең кемеңгерлер еді десеңізші!
Хош. Біліп-білмей біреудің сол ала жібін аттадың делік. Сонда не болады дейсің ғой? Міндетті түрде тергелесің. Байқамай аттаған болсаң, келесі жолы аттамастай сабақ аласың. Неше түрлі ғибратты һәм қорқынышты оқиғалар естисің, көңіліңе түйесің. Ал енді біле тұра аттағаның анықталса, онда құрығаның. Әшейінде бәрінен арашашы болатын әже деген қорғаушың да ондайда жазалаушы болып шыға келетін. Ең алдымен тәнің таяқ жейтін, кейін руxани әртүрлі «қысымға» тап болатынсың. Жазалаулар апталап созылатын, алуан түрлі болатын.
Сол жазалаулардан кейін реабилитациялық кезеңдерден өтесің. Ол – жамандық пен жақсылықтың қайтарымы, обал мен сауаптың түсінігі, бата мен қарғыстың, адал мен арамның ара жігін ажырату әрі толық түйсіндің деген кішігірім емтиxаннан өту кезеңі еді.
Қайран біздің ғибратқа толы, ақсақалдарға толы балалығымыз-ай десеңші! Қазіргі жастар мен балаларға жаным ашиды. Қарияның бір өнегесін естімей өтіп кетті-ау көбісі. Ата дейтін ата жоқ, бата дейтін бата жоқ кер заман әйтеуір.
Осыны ойлай-ойлай мынандай тұжырымға келдім: Қазақта «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» немесе «Жауынмен жер көгерер, батамен ер көгерер» деген сыңайлы мақал көп. Осыны түсіндіріп берер адам азайғандықтан ба, білмеймін, әйтеуір қазақтың көгеріп-көктейтін түрі көрінбейді. Көгеріп-көктегенді былай қойып, құрдымға бет алып барамыз ба деп қорқамын.
Дәлел керек болса жазайын бірнешеуін.
Кез-келген қарапайым қазақтың кішігірім болса да несиесі бар. Яғни – берешек.
Қазақстандағы әр отбасы жемқорлықтың зардабын тартып отыр. Яғни айдың-күннің аманында желініп отыр.
Әр қазақтың жоқ дегенде ең жақын біреуі жол-көлік апатының зардабын көрген. Дәл бір соғыс зардабы ма дерсің.
Әр қазақтың жақын бір туысы немесе өзі ауру.
Қазақтың бірталайы баспанасыз.
Қазақтың бірталайы жұмыссыз.
Қазақтың ана тілінің түрі мынау.
Елге қорғаны болады деген билігіңнің түрі анау.
Солардан «таяқ» жеп, әділет органдарына барып әділетсіздікті көріп, құқық қорғау органдарына барып құқығыңды таптатып, жүйке жүйең сыр беріп, емxанадан түңіліп, өз-өзіңе келе алмай жатасың тырайып. Соңғы инстанцияң деген дініңнің түрі тіпті сықпытсыз.
Қазақ құдды бір қарғыс алғандай.
Қарғыс алғандай деп неменеге жұмсартамын, ақиқатында күнде қарғыс алатынымыз өтірік емес.
Шариғатта кері қайтарылмайтын, яғни міндетті түрде қабыл болатын дұға түрлері бар. Олар:
- ата-анасының баласына жасаған дұғасы.
- жапа шегушінің нала дұғасы және тағы басқа.
Біз осы екеуін ғана талдап көрейік.
Құдайдың құтты күні балаларын қарғаған ата-аналарды көремін. Олар бұрын «тұқымың құрығыр», «жетпегір», «желкең қиылғыр», «мола», «есек», «жетесіз» деп өрілуші еді, қазір жаңа форматта, қос тілде айтылатын болыпты. Құдай сақтап, үлкендер жағы ағылшынға бойлай алмай жүр, әйтпегенде үш тілде өз ұрпағын өзі боқтар еді.
Енді екіншісіне келейік. Бұл ауқымдылау енді. Қазақтың бәрі жапа шегуші екенін басында айттық. Ал жапа шегушінің дұғасы, яғни қарғысы қабыл болатын санатта екенін білесіздер. Енді сәл ойланып көріңіздерші.
Нәтижесі тым қорқынышты. Бір-бірін қарғысқа көму үдеп-ақ тұр екен.
Көлігін дұрыс қоймай, біреуді қамап кеткен қарғыс алды ма? Алды.
Қоқысын паркингке немесе бір бұрышқа тастай салып, қарғыс алды ма? Алды.
Жол мәдениетін сақтамай, біреудің жолын қиып кетіп қарғыс арқалап кете барды ма? Кете барды.
Лифттің ішіне қақырып-түкіріп, ішін ластап, қабырғасына жаман сөз жазып, кнопкаларын өртеп, сағыз жапсырып жүріп лифт тазалаушының және кіріп шыққан мыңдаған жұрттың қарғысын алды ма? Алды.
Ал қарғыс текке кетпейді. «Жүйелі қарғыс киесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Ұзағынан толғануға болар еді, бірақ ұғар жанға осы да жетер.
Нартай САУДАБАЙҰЛЫ.
P.S. Бүгін автобуста тұрғанымда тексеруші кіріп келіп еді, менімен қатар келе жатқан үш-төрт адам оны көріп жеделдете түсіп кетті. Ал бұл – ұрлық. Кісі ақысы мен жол ақысы текке кетпейді. Жаңағылар сонда осыны да білмей, болмашы тиын үшін зор ауырпалықтар мен келешекте келер кеселдерді арқалап түсіп қалды.
Ондайлардың басқаға ренжуге қақысы жоқ. «Өздерің қандай болсаңдар, солай басқарыласыңдар» деген бар.