Қарғысты қайтару кезінде аласұрған қазақстандықтар жұртты таңғалдырды
Уағыз кезінде аласұрған отандастарымыз жайлы ролик TikTok әлеуметтік желісінде жарияланды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде шіркеуге келіп қарғысты қайтаратын дұға оқытпақ болған қазақстандықтардың әрекеті қызу талқылануда. Бейнероликте өзгенің дауысымен сөйлеген, бір орында қатып тұрған әйелдердің ақылға қонымсыз әрекеттерін байқауға болады.
Жиын кезінде пастордың сөзіне елітіп, есінен тануға шақ қалған ер азамат пен басын оңды-солды шайқап отырған әйелге қарап діни рәсімнің адамдарға әсері күшті болғанын аңғару қиын емес.
Мен сенің бойыңдағы ата-бабаңнан келе жатқан қарғысты аластаймын, — дейді кәрленген әйел дауысы.
Аталған іс-шара мерекеге орай безендірілген ғимаратта өткен. Адамдар мол жиналған залда Қазақстанның көк туы мен басқа да мемлекеттік нақыштағы көрнекілікті байқауға болады. Жиналғандар арасында шапан киген асаба да бар.
Әлеуметтік желі қолданушылары жерлестеріміздің бұл жиынын сан-саққа жоруда. Ұзақ пікірталастан кейін көпшілік уағыз кезінде азаматтардың аласұруын олардың бойын жайлап алған жын-шайтанның әрекетімен байланыстырған.
Кейінірек бұл діни жоралғының Алматыға Украинадан арнайы келген Владимир және Виктория Мунтян есімді діни қызметкерлердің ұйымдастыруымен өткені белгілі болды. Олар өздерін қазірше көпшілікке беймәлім жаңа христиан қауымдастығының негізін қалаушылармыз деп таныстырады. Және бұлар өздері негізін қалаған шіркеудің елшісі және пасторы қызметін де қоса атқарады екен.
Желі қолданушылары бейнероликке әртүрлі баға беруде. Бірі мұндай жиындарда сау адамның ауру жұқтырып алуынан қауіптену керек десе, екіншісі уағызға елітіп есінен айырылғандарға "Оскар" киножүлдесін тапсыруды ұсынуда.