Перінің қызына ғашық болған жігіт
Бұл оқиға осыдан елу жыл бұрын болған деседі. Ауылдан қалаға жол тартқан екі жолаушы кеш батып, асудан асуға үлгере алмасын білген соң, тау бөктерінде түнеуді ұйғарады.
Жолаушының бірінің жасы 25-тер шамасында болса, бірі жасөспірім бозбала екен. Екеуі ағаш бұталарын жинап, от жағып, шәй қайнатып тамақ ішп алған соң тынығуға кіріседі. Тау бөктерінің топырағы сызды болатынын білген олар отты өшіріп, от орнына сырт киімдерін төсеп, бастарына ер-тоқымдарын жастанып ұйқыға кетеді. Жолдан шаршаған бозбала ерге басы тиісімен ұйықтап қалады. Түсінде анасы бауырына қысып, жұбатып жатыр екен. Ол жастай жетім қалып, өмірінде анасын көрмеген. Кенет біреу аяғына шоқ басып алғандай болады. Шошып оянса, ортада лаулап от жағулы тұр. Бағана өшіріп едік қой деп басын көтеріп қараса, жанған оттың қасында өзінің жолсерігі мен бір қыздың отырғанын көреді. Алайда түсім шығар деп ойлап, қайта ұйқыға кетеді. Түн ортасында біреу түртіп оятады. Басын көтерсе, қасындағы жолсерігі екен.
– Мына табиғаттың кереметін қарашы. Көрсін деп сені әдейі ояттым, – дейді. Жас баланың ұйқысы шайдай ашылды.
– Бұл не? Бұрын-соңды мұндайды көрмеппін. Бізге келмей ме? – деп жас бала сескеніп, жолсерігіне жақындай түседі.
– Жоқ, олар көшіп барады! –деген қыздың дауысы естілгенде жас бала шошып кетеді.
– Мен таныстырмаппын ғой... Бұл қыз жаңа сен ұйықтап қалғанда келді. Жолда арбасы сынып қалған екен. Біздің жаққан отымызды көріп, келіпті, – дейді жолсерігі. Жас бала аяқ асты пайда болған қызға да, табиғаттың мына тосын сыйына да аң-таң болады.
Қыз өзін «перінің қызымын» деп таныстырады. Ал жолсерігі болса, «перінің қызы болсын, әйтеуір теңіміз болсын» –деп әрдеңелерді бір айтып мәз. Жас бала назары тау бауырлай өрмелеп бара жатқан күн түстес көп шарларға ауады. Сол сәтте баланың есіне пері қызының «олар көшіп барады» деген сөзі түседі де, «олар кімдер?» деп сұрайды.
– Кімдер емес, нелер де. Ол таудағы «алтынның көші».
– «Алтынның көші»? Ол не?
– Араға жылдар салып жер қойнауындағы алтындар көшеді. Бірақ, мұны көру кез келгенге бұйыра бермейді – дейді қыз. Бала ойланып қалды. Сәлден соң қыз сөзін жалғап:
– Егер осы «алтын көші» кезінде адам баласы саусағын қанатып, шардың үстіне қанын тамызса, алтын сол жерге тоқтайды. Бұл оның серті – дейді.
Бала бір сәтке қыздың айтқанын орындағысы да келді. Бүкіл отбасын, бүкіл ауылды кедейліктен құтқарар едім деп ойға шомып жатқанда «Алтын көші» көз ұшынан ұзай берді. Солай ойға шомып жатып, қайта ұйықтап кетеді.
Таң қылаң бергенде жолсерігі баланы оятады.
– Әлі ерте ғой, ұйқымызды қандырып жолға шығайық, – дейді бала. Жолсерігі баланың жүзіне тесіле қарап:
– Қыз жоқ! Жер жұтып кетті ме? Қайда кеткенін білмеймін. Көзім аз ғана ілініп кеткен екен, ізім-ғайым жоқ болып кетіпті. Төмендегі жолға да барып қайттым. Арба түгіл ізі де жоқ-дейді. Екеуі төменгі жолға тағы да барып қайтады. Ізі де жоқ. Сол кезде балаға «расымен де перінің қызы ма екен?» деген ой келеді.
Сол оқиғадан кейін екі жолаушы бір-бірімен жарты айдан кейін жолығады. Атын суаруға бұрылған жас бала бұлақ басынан біреудің су тасып жүргенін көзі шалады. Жақындап барып қараса, өзінің ауылдасы, жақында ғана қалаға бірге барып қайтқан жолсерігі екен.
– Ассалаумағалейкум аға! – дейді бала аттан түспестен. Ал қолына қос шелек ұстаған бұрынғы жолсерігі ернін жыбыр еткізіп өз жөнімен жүре береді. Оның ісіне таңданған бала «үйі болса ауылдың бір шетінде, суды қайда тасып жүр?» деп ойлайды. Ал бұрынғы жолсерігі болса мұны көзіне де ілмей, шелекке су толтырып алып, сол маңдағы сарышұнақтардың ініне құйып жүреді.
– Аға не істеп жүрсіз? – дейді таңданған бала. Сонда ол:
– Есіңде ме? Екеуміз тауда перінің қызымен кездесіп едік қой. Сол қызбен түнде осында кездескенбіз. Таңертең тұрсам жоқ. Сол мына індерге кіріп кетті ме деп іздеп жүрмін, – деп күледі. Ештеңені түсінбеген бала атын суарып үйіне қайтады.
Бір аптадан соң екеуінің жолы тағы түйіседі. Бұл жолы көрші ауылды асқа шақыру үшін бірге жолға шығады. Әні шығамыз, міне шығамыз деп жүргенде кеш болып кетеді. Екеуі аттарына мініп, көрші ауылды бетке алады. Түн қараңғылығы қоюлана бастайды. Кенет жолсерігі атын тебініп шаба жөнелді. Ауылға қарай емес, баяғы пері қызы кездескен тауға қарай. Жас бала артынан бармақ болады, бірақ шаңына да ілесе алмайды. Жүрексініп кері қайтады. Ауылға келген бойда бала бар оқиғаны ауыл қарияларына айтады. Ертеңінде ауыл жігіттері баяғы тау бөктеріндегі пері қызымен жолыққан жерден оның атын табады. Ауыл қарияларының «елу жылда бір келетін пері қызы ақыры әкетіпті ғой» деген сөзін баланың құлағы шалды.
Рақым Захан, Алматы облысы