Орыстар ауа райын осылай болжаған екен

Алдағы ауа райының қандай болмағы әсіресе шаруалар үшін маңызды. Осы орайда әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік болжамдары бар. Сондай дүниенің бірін бізге белгілі шымкенттік ауа ра­йын болжаушы Нұрғабыл Қозыбай әкеліп тапсырған еді. «Бұл – орыс хал­қының жыл он екі айға қатысты болжамдары. Жұртқа пайдасы тиетін болғандықтан, «Замана» газетіне арнайы әкеліп отырмын. Осыны жарияласаңыздар екен», – дейді болжамшы. Біз оның өтінішін орындап отырмыз. 

Көктемде 

Сәуір айын орыстың бабалары «Қар қуушы», «Қарды жақ», «Жырада ойна» деп бейнелеп те атаған екен. Соған орай бұл айдың ауа райы қандай болмағына өзіндік сипаттамалар беріпті. Олардың сәуір құбылыстарына қарап бұл айға жасайтын болжамдары мынадай екен: 

Сәуірде аспандағы бұлттар көгілдір тартып тұрса, онда күн жылиды, жаңбыр жаууы мүмкін. Күндіз ысып, түнде салқын тартса, онда ауа райы жайлы болады. Ал егер қайың шырыны көп бөлінсе, онда жаңбырлы жазды күте беріңіз. 

1-сәуірде күн райы қандай болса, күздегі 1-қазанда да тап сондай болады. 4-сәуір күні таң атқанда аспанда қызғылт шеңберлі шапақ байқалса, бұл жыл құнарлы болады. 6-сәуірде түн жылы болса, ол – алдағы жылы көктемнің белгісі. 

7-сәуір (Ізгі хабар күні) жел тұрса, қырау қатса, тұман түссе – жыл астықты болады. Ал бұл күні ауа райы ылғалды болса, онда жаздан қозықұйрықтың мол өнімін күте беріңіз. 

19-сәуірде күн тыныш болса, онда жаздық астықтан өнім мол түседі. 20-сына жаңбыр жауса, жаздық астық сирек бітеді, есесіне бүрген өнімді молынан береді. 24-сәуірде су көздері ашылмаса – жаз нашар болады.

Мамыр айы – шөп қаулайтын кезең. Бұл айда жауын қаншалықты мол болса, соншама жыл астықты болады. Мо­йыл гүлдеп тұрғанда күн райы әрдайым салқын. Әсіресе емен ағашы жапырақ жая бастағанда суытады. 6-сына суытса және ол бір аптадан соң қайталаса, онда күз маусымы жылы болады. 

7-мамырда аяз болса, бұл айдың 12 таңы ызғарлы болып атады. 8-мамырда кемпірқосақ жоғары, тік болып көрінсе, күн райы жақсы болады, ал төмен, қиялап көрінсе, жауын-шашын, жел-құз болады. Әнші құстар топтанып ұшса, жаз маусымы жылы болады. 11-мамырда түнде аспан ашық, жұлдыздар көп көрінсе, астық мол болады, ал таң ат­қанда күн ашық болса, жауын көп болады. 

13-мамырдағы кеш жылы болса, астық мол өнім береді. Егер 15-іне бұлбұл жапырақ жаймаған ағашта отырып сайраса, онда бау-бақша өнімдері аз болады. 19-ына ірі шық түссе, онда қияр өнімді мол береді. 24-іне жаңбыр жауса, бүкіл жаз жаңбырлы болады. Таң шапағы шымқай қызыл болса, жаз өртке қауіпті аптап ыстық болып келеді. 25-іне таң қызарып атса да жаз маусымы солай болып өтеді. 26-сына масалар аз болса, сұлы мен шөп сирек бітеді. Ал маса көбейсе – жидек, шіркейлер көп болса, қозықұйрық мол өнімдер береді. 27-мамырда күн ашық болса, қиярдан мол өнім аламын дей беріңіз. 28-іне күн жылы болса, бүкіл жаз жылы болады. 31-іне емен шағаннан бұрын бүршік атса, жаз құрғақ болады. 

Жазда 

Маусым айын орыстың бабалары «Ашкөз, дүниеқоңыз», «Нан өсіруші» деп те атапты. Бұл айда түндер жылы болса, ай жемісті мол береді. Шық көп түссе, ай құнарлылығымен ерекшеленеді. Тұман жиі түссе, қозықұйрық көп өседі дейді. Ал тұман су бетіне түссе, ол – жайлы ауа райының хабаршысы. Егер таңертең шөп иісі ерекше жұпар шашып тұрса, онда жауынды күте беріңіз. 

Мамырдың алғашқы екі күнінде жаңбыр жауса, қалған күндерде ол жаумайды. 10-мамырда тыныш болса, астық түсімі артады.16-сына жаңбыр күні бойы жауса, қозықұйрықтан өнім мол алынады. 18-іне күн райы ашық, жылы болса, астық дәні ірі болып піседі. 

Шілде айы – қауырт науқан, шөп шабатын кез, оны орыстар «Жаздың ұшар басы» деп атапты. Бұл маусымда таңертең шөп құрғақ болса, жаңбыр жауады дей беріңіз. Ал айдың түсі жасылданыңқырап тұрса, онда қатты құр­ғақ­шылық болады. Егер айдың бір ұшына ойша апарып шелекті «іліп қоюға болса», онда құрғақшылықты күтіңіз. Бұл арқылы мұндай ауа райын екі апта бұ­рын болжауға болады. 

7-шілдеде шық мол түссе, қияр өнімі мол болады. Аспан ашық, жұлдыз көп көрінсе, қозықұйрық өнімі мол. Егер күн күркіресе, онда жаңғақ аз салады немесе жеміс салғанымен де оның ішінде дәні болмайды. 

8-інен ары қарай біркелкі аптап күн­дер келеді. Ал 10-шілдеде жаңбыр жауса, онда ол қоңыр күзге дейін жал­ғасады. 26-шілдеде ауа құрғақ болса, жайлы күз келеді. Нөсер көп жауса, онда ол астық түсімін нашарлатады. 

Тамыз айын орыстар әуес асы, жеңсік асы, наны мол кезеңге теңейді. Бұл айда емен жаңғағы мол болса, астық та мол болмақ. Егер ағаш жапырақтары төменгі жағынан сарғая бастаса, онда ерте егілген егіс жақсы жетіледі. 

Егер 1-тамызда ылғалды болса, күз ылғалды болады. 2-сіне таңертең бұлтты болса, егіс те ерте жетіледі, астық түсімі жақсы болады. Ал егер түс кезінде бұлтты болса, егіс орташа өнім береді, егер кешке бұлт басса, егін кеш егіліп, түсім нашар болады. 

7-тамызда күн суық болса, онда қыс та суық болады. Түске дейінгі ауа райы қалай болса, қар жауғаннан кейінгі желтоқсанға дейінгі ауа райы да сондай болады. Түстен кейін күн райы қандай болса, желтоқсаннан кейінгі қыс та сондай болады. Бұлтсыз, жылы ауа райы суық қыс келетінін білдіреді, ал жаңбыр жауса, ол жылы әрі қарлы қыстың келетінінен белгі береді. 

11-тамызда тұман түссе арпа мен сұ­лыдан өнім мол болады. Ал егер піскен сұлы екінші мәрте жасылданып, өне бас­таса, күз жайсыз болады. 12-тамызда күн бұлтты, бірақ салқын болса, жаңбыр жаумайды, қапырық болып, жән­діктер мазаны алса, жаңбыр жауады. 15-тамызда күн райы қандай болса, қыркүйектің ауа райы да сондай болады. 19-ына ауа райы қандай болса, қаңтар айы да сондай болады.

23-тамызда су бетіне қарағанда ол тыныш жатқан болса, күз де тыныш, қыстың бораны аз болады. 28-іне қоңыр күздің алғашқы күндері басталады. 

Күзде 

Қыркүйекте күн күркіресе, тырналар тым биікте, асықпай ұшып жүрсе, өрмекшінің өрмегі өсімдіктерге жайылып жатса, онда ауа райы жылы болады. Емен жаңғағын мол салса, қыс қатты болады. 3-қыркүйекте күн ашық болса, мұндай ауа райы тағы да төрт апта бойы сақталады. 8-қыркүйекте таңертең суық болса, онда күз суық болады әрі ол ерте түседі. 14-іне құрғақ болса, күз құрғақ болады. Осы күннен 21-қыркүйекке дейін – қоңыр күздің кезеңі, егер оның алғаш­қы күні ашық әрі жылы болса, онда бүкіл күз маусымы жылы болады. 

Қазан айын бұрынғы орыстар «Жапырақ жауатын ай» деп атапты, шалшығы көп, қыстың хабаршысы деп сипаттаған екен. Егер бұл айда күн күр­кіресе, онда қыс қарсыз болады дейді. Қырау түссе, ауа райы ашық, құрғақ болады. Жаңғақ аз болса, қыста қар қалың түседі, ол қатаң болады. Егер 1-қазанда тырналар қайтпаса, онда 2-қарашаға дейін бір де мәрте аяз болмайды. Қурай биік өссе, қыста қар мол болады. 

3-қазанда жел солтүстіктен болса, күн суытады, оңтүстіктен көтерілсе, күн жылы болады. Жел батыстан соқса, жауын-шашынды болады. 4-қазандағы күн райы келесі 4 күн бойы өзгермей сақталады. Қайың жапырақтары 5-қазанға дейін толық түспесе, қар кеш жауады. 

8-қазанда алғашқы қар жауса, онда қыс 21-қарашаға дейін орнығады. Алғаш­қы қар «құрғақ» түссе, жаз маусымы жайлы болады. Егер қар 13-қазанға дейін жаумаса, онда қыс кеш түседі. 14-іне оңтүстіктен жел тұрса, қыс жылы болады, солтүстіктен көтерілсе, онда ауа райы суытады. Тырналар 14-іне дейін ұшып кетсе, онда қыс ерте басталады әрі суық болады. 

25-қазан күні түн ашық, жұлдыздар жарқырап тұрса, аяз болады, ал жұлдыздар көмескі көрінсе, онда күн жылынады. Ал егер жұлдыздар айналасы кө­гілдірлене, ерекше жарқырап тұрса, онда қар жауады. 

Қараша айын орыстың аталары «Жапырақ шіріткіш», «Жарты қыс» деп атапты. Бұл айда қатып жатқан жерге қар түссе, жаздағы астық өнімі мол болады дейді. 8-қарашада күн суық болып, қар жауса, көктем кеш шығады әрі ол сал­қын болады. Ал егер күн жылынса, қыс пен көктем жылы болады. 14-і қарлы болса, көктемде жерді су басып, қатты әбіржітуі мүмкін. 19-ына қар мол болса, онда қыс қарлы болады, өзенде мұз қалың болса, келесі жылы астық мол болады. 

21-қарашада қар жауса, оның үстіне қырау көп болса, онда қар мол жауады. Ал күн тұманмен басталса, онда күн жылынады. 22-қарашада ауа қарлы болса, онда мамыр айында бұлтты күндер жиі болады, қырау тұрса, күріштен өнім мол болады, жаңбыр жауса, бидай бітік өседі. 25-іне жаңбыр немесе қар жауса, 4-желтоқсанға дейін күн жылынады. 29-қарашада жел ұлып тұрса, онда боран, дауыл көтеріледі, мұндай күндер 19-қаңтарға дейін созылуы мүмкін. 

...Міне, бұрынғы орыстар әр жылдардағы табиғат құбылыстарын бағамдай отырып, ауа райына қатысты осындай болжамдар жасаған екен. Ресейдегі егін егіп, мал өсіретін шаруалар арасында бұған мән бере қарайтындар қазір де аз емес деседі. Себебі ондағы айтылатындар – халықтың ғасырлар бойғы аң­ғарып-байқап, көңілге түйген құбылыс­тары ғой. 

Бұл болжамдардың біздің ел аумақтары үшін маңызы болуы да, болмауы да мүмкін. Дегенмен танымдық жағынан айтары аз емес. Ал болжамшы Нұрғабыл Қозыбайдың өзі мұны құлақ асып, көңілге түйе жүрер жақсы болжамдар деп бағалайтынын айтады. 

Жалпы, біз бұл жолы аталған болжамдардың сәуір – қараша айларының аралығын қамтитын бөлігін беріп отырмыз. Басқаларын газетіміздің бұрынырақтағы нөмірлерінің бірінде жариялаған болатынбыз. 

Д. НҰРПЕЙІС.

www.zamana.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста