Әкем маған елсіз далада жүрсең қаңырап жатқан үйлерге бар ма, ауылдағы ескі үйлерге кірме жын соғады деп айтып отыратын. Бірде әкем өзінің көрген тылсым уақиғасын айтып еді:
- Бір күні сиыр өрістен келмей қалды. Содан соң атыма салт мініп мал іздеуге шықтым. Шілденің аптаған ыстық күні. Ағаштардың арасын, орман қойнауларын түгел сүзіп аралап келемін. Ағаш қойнауында орманшылардың иесіз қалған үйлері тұр екен.
Сол үйлердің жанынан өте беріп едім, ешкі лағының маңыраған дауысын естідім. Айдалада адасып жүрген қандай лақ деп таңырқап қалдым. Сол кезде ат та құлағын қайшылап ойқастай бастады. Осы уақытта ескі үйдің терезесінен бір қара лақ секіріп далаға шыққанда, оқыстан астымдағы ат тулап, аттан аударылып қала жаздадым.
Аттың басын зорға тежедім. Ендігі ойым лақты ауылға апарып иелеріне қайтарып беру, өйткені өзімде мал іздеп келе жатқан соң, лақты далаға қалдырмайын дедім. Ат оқыранып лақтың жанына жоламай ойнақши берді. Мен атымды тебініп келіп, жаныма келген лақты еңкейіп іліп алып ат үстіне өңгеріп, алдыма алдым. Дағдым бойынша «Биссимилаһ» деп атты тебініп жүрмек болып едім, қолыма қыса ұстаған лағым көз алдымда ғайып болғанда жүрегім ұшып кете жаздады. Ат та тулай жөнелді, жасымыздан ат құлағында ойнап өскен қазақ емеспіз бе, тақымды қыса ұстап, тізгінге ие болып әйтеуір құламай қалдым. Содан қорқынышымды сабырға жеңіп, жол бойы дұғаларды оқып, малымды тауып, үйге келдім.
«Шайтан кез келген бейнеге еніп түрлене береді» деуші еді рас екен. Осылай білместікпен шайтанмен байланысып, бір бәледен аман қалғаным бар.
Жылқы малы шайтанды көреді екен. Елсізде лақ көрсең жолама, оданда білетін дұғаларыңды оқып жүре бер, - деді әкем.
Ерсін Ерғалиев