Жоғарғы оқу орнын бітірген соң өзім сүйген жігітіме тұрмысқа шықтым. Ілмиген арық, қараторы жігітті алғашында ұнатпағаным, тарпаңдық танытқаным рас. Бірақ қасымдағы құрбым «сенің бағыңды ашатын осы жігіт болады» деді. Білмеймін, соның бірауыз сөзі әсер етті ме, әлде жүрек шіркін сезімге шүпілдеп толды ма, әйтеуір тағдырымның жібін соның қолына қалай беріп қойғанымды да білмеймін.
Бір көрім көркі бар Еркіннің оң қолында үлкен ерекше қалы бар еді. Келе-келе оны шын сүйдім. Бір күнімді де онсыз елестете алмайтын халге жеттім. Үйленген соң арада біраз жыл өткенде де оған деген сезімім өршімесе суыған емес. Тек соны ойлап, бар жағдайын жасап, кешіксе ұйықтамай күтіп отыратынмын. Балаларымды да барынша әкелерін сыйлауға, құрмет тұтуға үйреттім. Ол да мен дегенде, балалары дегенше өліп өшіп тұратын. Үйге жеткенше асығып тұратын, мереке күндері отбасы болып қыдырғанды ұнатушы еді. Неге мұның бәрін өткен шақпен баяндап отырмын. Өйткені бақытты ғұмырымыз, бақытты сәттеріміз аз ғана уақытқа созылды. Араға шайтан кірмесін деңіз, араға шайтан кірсе, қиын болады екен. Айналдырған бір жылдың ішінде күйеуім адам танымастай өзгерді. Бұрынғы жадырап жайнап жүретін нұрлы жүзі солғын тартқан, үнемі бірдеңені уайымдайтындай қабағын түйеді де жүреді. Бірде оның жүзіне қан жүгіріп, ерекше жайнап шыға келеді. Түсінбедім. Тіпті бір жолы бақыттан басы айналғандай, біреуе ғашық адамның көзіндей көздері жайнап, ұшқын шашқанын көрдім. Мұндай қалпын өмірімде көрмеп ем. Таң қалдым. Басыма арам ой келді, бәлкім біреуге ғашық болып қалмады ма екен деп. Оңаша сырласуға қаншама рет талпындым. «Мүмкін қателескен шығарсың, айтсаңшы, бәлкім кешірермін. Неге бұлай өзгеріп кеттің?» деп қаншама рет сұрадым. Бірақ ашылып ештеңе айтпады. «Қойшы сен де қайдағыны шығарып» деп өзіме ұрсып берді. Оның бұл мінезін жақын сырласатын қайынәпкеме айтып бердім. Бауыры үшін барын салатын ол бір көріпкелге барған екен, «оны бір әйел дуалаған, қанша оқытсаңдар да қиын болады-ау» депті. Құмалақшы, көріпкел дегендерге сенбейтін басым оған мүлде мән берген жоқпын. Сүйіп қосылған жарым көз алдымда солып бара жатты. Қанша сүйеу болайын десем де ештеңе істей алмадым. Ақыры қабағы қарс жабылған күйі басқа әйелге кетіп тынды. Сондағы жылағаным-ай, жас балаларымды қалай жетілдіремін деп күйіндім. Бәрінен де бұрын күйеуі тастап кетіпті деп ел күлетін болды-ау деген ой жүрегімді тіліп түскендей болды. Жұмысында бір желіккен жесір әйел басын айналдырып ақыры әкетіп тынды. Өң мен түстің арасында жүргендеймін. Не істеп, не қойғанымды білмеймін. Жүрегім де тілім-тілім болып кеткен сияқты. «Әкем қайда?» деп жылаған балаларыма «ұзаққа командировкаға кетті, қашан келері белгісіз» деп жауап бердім. Мені сатып кеткен, махаббатымызға сатқындық жасаған адамды сондай жек көріп кеттім. Мұндай сұмдықты ата жауыма да тілемейтін едім. Қайтем оған керек болмасам балаларыма керекпін деп қайратыма мінуіме тура келді. Бұрын ол барда жұмыс істемей үйде отырғанмын. Енді еден де жудым, екі үш жерде жұмыс істеп балаларымды жеткізу үшін бәрін де істедім. Үлкенім бұл уақытта мектеп бітіргелі тұрған, психологиялық соққы болатын болды-ау әкесінің кетіп қалғаны деп оны уайымдадым. Бірақ балам «мен оқымаймын, жұмыс істеймін» деп бірден кесіп айтты. Алдын көлік жуатын жерде жұмыс істеп жүрді. Аяғында резіңке етік, мұздай су, қарғашыма жаным ашыса да басқа жұмыстың реті жоқ. Түнімен жылап шығамын. Бірақ бала болса да ер адамның тапқан табысы берекелді болады-ау. Бәріне де жетіп тұрды. Екеуміздің табысымызды қосып біраз ақшаның басын жинадық. Баламның жұмыс орнында күнара келіп үлкен көлігін жудырып тұратын бір кісі баламның пысық екенін байқаса керек өзіне жұмысқа шақырды. Басында майда-шүйде жұмысын істеп жүрді. Үлкен кірпіш шығаратын зауыты бар кәсіпкер екен. Баламды өзіне жақын тартып, жоғары жалақылы жұмыспен қамтамасыз етті. Бұл кезде өз-өзіме келіп, жүрегім орнына түсіп тыншып қалғам. Ұйқым да тынышталған. Уақыт сағатымен өміріміз өз арнасымен ағып жатты. Үлкенім әзірге үйленбеймін жағдайымызды жасап алғанша деген. Өзінен кейінгілерге рұқсат беріп. Ортаншы балам үйленді, жақсы жерден келін алдық. Қызым да тұрмысқа шықты. Үлкенім сырттай оқып жүріп дипломын алды. Бұл да әлгі қамқоршысының арқасы. Жұмысты адал атқаратын балам оның оң қолы болған. Сеніміне кіріп бар жұмысты өзі атқарады. Ішіміз майланып, қоңданып та қалғанбыз бұл кезде. Балам жұмыс істемейсіз деп үйге отырғызып қойған...
Бір күні азық-түлік алмаққа базарға бардым. Кіре берісте қол жайып бір қайыршы отыр екен. Садақа тастап кетейін деп қалтамды қармандым. Ілінген тиын тебенді берейін деп еңкейе бергенде қолына көзім түсіп кеткені. Үлкен қалы бар екен. Жүрегім дір ете қалды. Басын бүркеніп алған жүзі жөнді көрінбейді. Сонда да батылым жетіп жүзін жоғары қараттым. Беті домбығып ісіп кеткен. Бұл – баяғы менің сүйіктім болған Еркін еді... Сол жерде құлап қала жаздадым. Әзер дегенде діңгекке сүйеніп үлгердім. Жүрегім бір түрлі атқақтап соғып жарылып кетердей. Үйге өң мен түстің ортасында әзер жеттім. Баламның шопыры «апа сізге не болды» дей берді Дәрігер шақыртпақ болды. Керек емес дегенді әзер ұқтырдым. Бізді тастап масқаралап кеткен күйеуімді табалай алмадым бірақ. Кім не десе де балаларымның әкесі ғой. Жаным ашыды. Бір уақ бізді тастап ит құсатып кетпегенде бақытты өмір кешіп жүрер едік-ау деп қоямын. Бір аптаға дейін өз өзіме келе алмай жүрдім. Ақыры шыдай алмай балама айттым. Ол көпке дейін үндемей отырды. Бала жүрегіне қанжар қадап кеткен әкесін кешере алмай отыр-ау деп ойладым. Ақыры іздеп табайық деді. Базарға барып қанша іздесек те таба алмадық. Кейін басқа бір базардан балам тауыпты. Сондағы айтқаны «Үйге баруға бетім жоқ, сендер кешірсеңдер де мен өз өзімді кешіре алмаспын. Маған жақсылық жасағың келсе, қарттар үйіне өткіз» болыпты бар өтініші. Әлгі әйел бала-шағамды жылатып бізден тартып әкеткеннен кейін біраз жыл мауығы басылған соң үйінен қуып шықса керек... Оны қатты аяп кеттім... Аяулы жар, аяулы әке болған адамды осындай күйге түсірген адамның ақыры болар ма екен, а?
Балам оның өтінішін орындады..
Ақнұр, Шамалған
alashainasy.kz/