Көз тиюден қалай сақтанамыз?
Көз тию дегенде бала кезім есіме түседі. Атамның бойындағы ерекше қасиеттің бірі – көз тиген баланы құлан-таза айықтырып жіберетін. Атам көз тиген балаға түкіргеннен кейін әлгі сәби бұрынғы қалпына келетін. Осыдан кейін жаңағыдай оқиға орын алып жатса, менің есіме дереу бала кездегі сол бір көріністер орала береді. Әрине, ол шақта мұндай шараларды дінге қатысты деп санап, оған көп адам жақындай бермейтін еді. Алдымен дәрігерді жағалап келеді. Олардан еш қайран болмағаннан кейін амалсыздан көз тигенді қайтара алатын адамдарға келетін-ді. Осыдан ғаламның тылсым сырларына қайран қалмасқа амалың қайсы? Қанша жерден оған жұртты сендіргісі келмегенмен ежелден келе жатқан осындай қасиеттерімен ерекшеленіп жүретін адамдар саны аз болмайтын. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы наным-сенімнің бұл түрі осылайша елдің арасынан жоғалған жоқ. Шындығында, оны ешкім де жоққа шығара алмайтын. Әлемнің және еліміздің белді ғалымдарының өзі ондай құбылыстың жоқ екендігін айтып, елдің алдында өз түйінін жасай алмағаны белгілі. Осының нәтижесінде оған құрметпен қарап, сондай қасиетті бойына сіңірген адамдар үнемі құрметке бөленіп жататын.
Адамдар арасында біреуге сұқтана қарайтын адамдарды жақтыра бермейтінін байқаймыз. Тіпті, көзі өткірлері де бар деседі. Оларға ештеңге баса назар аударып қарамау қажет делінетін. Соған қарамастан көз тиіп, өздерін жайсыз сезінген жандар кездесіп қалып жататын. Халқымыздың таным-түсінігінде жақсы адамға, жас нәрестеге, жүйрік жылқыға, әдемі қызға көз тиеді деген әңгіме айтылып жататын. Содан да болар, жаңа туған нәрестені көзі өткір адамдарға көрсетпеуге тырысатынын аңғарамыз. Сондай-ақ, сан алуан аламан бәйгеде алдына жүйрік салдырмайтын сәйгүліктер де елдің көзінен тас жерде ұсталушы еді. Ал өмірге жаңа келген нәрестеге көз тимесін деп сол үшін молдаға дұға жаздырып оқытып алатын. Оны былғары бойтұмардың ішіне салып, мойнына тағып қойған немесе үстіндегі киімнің омырауының астыңғы жағына қадап қойып жатқанын талай мәрте көзіміз көрді. Осындай жағдайлар салдарынан кішкене нәрсете ауырып қалса, оған алғашқыда өздерінің тарапынан емдеу жасап жатады. Әжелеріміз оған ащылау әдісін қолданатын. Бұл мақсатта қолдарына ащылау тұзды алып, баланың жалаңаш денесін басып, көз тиюді қайтарып жатты. Еліміздің кейбір өңірлерінде оған қарсы қолданылатын әдістер де баршылық. Мәселен, Жетісу өңірінде жеті ұқсақ тасты тұмарша етіп, шүберекке тігіп қою салты бар екенін сол аймақта тұратын азаматтар жиі атйып отырады. Жергілікті жұрт оны тіл-көзден сақтану шарасы деп санайды. Жасы үлкен кісілер жас баланы көз тиюден сақтау үшін үшкіріп немесе түкіріп дегендей әрекеттер жаасйтын. Әлемдегі көптеген халықтардың тыныс-тіршілігінде түкіру әрекеті магиялық және діни әдет-ғұрыптары маңызды мәнге ие болып отыр. Ілгері кезден бері босағадан енді ғана аттаған жас келін мен өмірге жаңа келген нәрестеге қызыға қараған адамға көз тиеді деп санап, оған назар аударған адамына түкіртуге мәжбүр ететін. Сондықтан мұндай іс-қимыл жасайтын адамдар ең алдымен "Тіл-көзім тасқа" деп әңгімесін бастайтын. Болмаса, ең алдымен түкіріп алып, содан кейін әңгімесін жалғап жататын. Тағы бір айта кетерлігі, адамға немесе малға көз тиіп жатса, тіл кестіру арқылы емдеген. Осындай шарадан кейін құдайы ас беріліп жататын еді. Сауыққан адамның біраз уақыт ешкіммен сөйлеспеуі талап етілетін.
Бұл жөнінде ғылымның айтары да бар. Мұндай көз тиюге негізінен энергетикалық жағынан қорғалмаған және әлсіз қорғалған адамдарға тиетін көрінеді. Негізінде адамның көз тиюге де және дуаға да сенбегені дұрыс делінеді. Өкінішке орай, бір нәрсеге сенбеу толықтай қорғаныс әкеле қоймайтынын ескеруіміз тиіс. Шынзығын айтқанда, одан ешкім де толықтай сақтана алмайды. Материалистер де, демократтар да... Олардың да бойында көз тию мен дуаға ұқсас созылмалы қажу синдромы пайда болмас еді. Мұндай адамдарда да сондай белгілер байқалып жатады.
Осы тақырыпқа назар аударып жүрген мамандардың айтуынша, биоөрісі әлсіз және мінезі ынжық адамдарға биоөрісі күшті және мінезі қатты келген кез келген адамның көзі тиюі мүмкін деген жорамал айтылады. Жалпы алғанда, бір адамның екінші бір адамға теріс биоэнергетикалық әсерін көз тию деп аталады. Осындай жағдайға душар болған адамның айналасымен энергия алмасуы бұзылады. Сондай жағдайды бастан өткізіп жатқан адамның көңіл-күйі төмендейді. Осындай адамның биоөрісінде энергетикалық тесіктер пайда болады. Солар арқылы адамбойындағы энергиялар ағаып кетеді деп айтылады.
Әрине, адамның барлығы бірдей емес. Біреу екінші бір адамның алға озып кеткенін қалай бермейді. Осылайша ол сол адамның өіміріне көзінің сұғын қадауы ғажап емес. Осының нәтижесінде оның сол адамға көзі тиіп қалуы әбден мүмкін. Түрлі әдістермен көз тиюді анықтау барысында оның түрлі жағдайлары анықталып жатады. Оған басты себептер қандай? Адамдар арасындағы іштарлық, жағымсыз қарым-қатынас, жек көрушілік және өзге де теріс жағымсыз жағдайлар көз тиюдің басты себептерінің бірі саналады. Рас, көз тию әдейі жасалған және ойластырылмаған жағдай болып табылады. Әдейі жасалмаған көз тиюдің басты себебі – менмендіктің ең бір күшті көрінісі – іштарлық. Өтірік демей-ақ қоялық, өмірже ішіне шынашақ айнала алмайтын жандар да кездеседі.
Қашанда ешкімге жамандық ойламай-ақ қоялық. Лайым, солай болсын дейікші. Өйткені, қай кезде де деніміздің саулығы жақсы. "Басты байлық – денсаулық" дейді ғой қазақ. Түрлі жағымсыз әрекеттерден тұла бойымызды сақтасақ дейміз. Осының нәтижесінде өзіміз де түрлі тосын жағдайлардан аман боламыз.