Асығыс көлігін оталдырған ол барынша тез жылдамдықпен жүріп кетті. Қашып келеді. Бұл жолы өз үйінен. Ауылдың ең шетіндегі жалғыз түтін осы Ғабиттердікі болған-ды. Бұрын. Қазір ол ешкімге тіс жармастан темір тұлпарын тізгіндеп, үрейі ұшып келеді. Қалай ойламаған, ә? Басы зеңіп, жолға зорға қарайды. Көліктің айнасынан арттағы жолды, үйін көруге тіпті қауқарсыз...
Үлкен қалаға отбасымен бірге көшіп келгеніне биыл 10 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында бармаған тәуібі, қаралмаған емшісі қалмаған. Түн ауа есі шығып, екі дүниенің ортасында қалады да қояды. Сыртынан қараған адамға не өмір сүріп жатқанының, не ажал құшқанының нышаны білінбейді. Ал бұл уақытта Ғабит өзімен-өзі арпалысып шығатын.
Басқа әлемге енгендей болған оны сезімі алдамапты. Айдала. Шөл. Жанында келбеті келісті, сымбаты сымдай тартылған әдемі қыздар өріп жүр. Айнала билейді ме, бұны биге шақыра ма, әзілдескен бола ма, түсініксіз. Әйтеуір, жапа-тармағай барлық бойжеткенге ұнап қалғандай. Әнебір ортада жүргені ең ерекше сұлу екен, сыңғырлаған күлкісін айтсаңшы! Кенет көзіне қарап қалып еді. Сұмдық-ай! Қыздың көзінің орнында қып-қызыл болып шоқ тұр екен. Қорыққанынан қалтырап кеткен Ғабиттің аузына сөз түспей қиналды. Қалада ақшаның соңынан қуып жүргенше бір мезгіл мешітке барып, Құран жаттаса ғой. Осы кезде көмегі тиген болар еді деп те ойлап қояды. Қыз бұған қарай жақындап келеді. Жерге қараса атасынан қалған кездігі жатыр екен, жалма-жан алды да бойжеткенге қарай сілтеп қалды. Қаһарына мінген сұлуы әп-сәтте албастыға айналды. Екеуі тілсіз қалып, бір-біріне қарап тұрды. Жаңағы мыстанның мысы басып бара жатқандай. Ғабит болса мына әлемнен өмірге қалай ауысып келерін білмей дал. Өзінің үйіне өтетін есік қайда? Жан дүниесі әлем-тапырық болып кетті. Мұның ізін ала жаңағы айнала жүргендердің барлығы жалбыр шашты, киімдері лас, адам түсінбейтін мақұлыққа айналды. Бұған қарай ентелеп келеді. Бұл қара терге малшынып, құстай ұшты. Басы ауған жаққа жүгіріп барады. Бір кезде біреуі жетіп келіп, екі қолымен жұлқылай бастады.
Көзін ашса, анасы. «Ұлым-ау, жаның шығып кетті ме, тұрсаңшы» деп жылап, жұлқылап жатыр екен. Аман-есен оралғанына шүкірлік айтып, бір жаудан құтылғандай кеудесін кере демалды. Терезеден сыртқа көз салып еді, жаңағылар қоршап төніп тұр екен. Осылай күнде бір арпалыспен оянады. Олар да күнде бір «қылық» көрсетіп кететін болған. Бәлекеттердің үйге кіруіне кезінде марқұм атасынан қалған тұмары кедергі. Сол тұмарды мойнына таққысы келмеп еді кезінде. Осыны ойлағанда бар денесін ауырлық басып, үні өше берді. Дауысы шықпай жатқан бейшараның не айтқысы келгенін үй ішіндегілердің ешқайсысы ұқпады. Осылай отырғанда бірнеше сағат өтті. Сосын ол бар күшін жинап тұрды да, машинасының кілтін алып сыртқа шықты. Есіне бірдеңе түскендей еді. Атасы өлерінің алдында үйінің жанында тұрған күркенің есігін ашпа деген болатын. Қалаға көшерінің алдында бұл қызық көріп, ішін ашып көрген. Пәлендей ештеңе жоқ. Ескі-құсқы киімдер. Шаш, тырнақ, қара маталарды көргенде де ештеңе сезбеген еді. Енді бұлар Ғабиттің соңынан қалмайтын болды. Ауылына барып, өз көзімен тағы бір көрді. Аңдап қараса, портрет ілулі тұр. Шаңын алақанымен сүртіп қалғанда, түсінде көрген бейнені көрді. Сурет емес, құдды, жанды мақұлық дерсің. Көлігіне қарай жүгіріп, асығыс оталдырды да жүріп кетті. Өз үйінен қашты.
Шаңқай түс. Қаланың кең көшелерінің біріне жүйткіп келіп бір көлік тоқтай қалды. Жанынан өтіп бара жатқан жолаушылар айқайлай бастады:
–Қараңдар, машинаны басы жоқ адам айдап келіпті!
Көшедегі жұрт үрпиісе қалып, Ғабиттің көлігіне жақындады. Есікті ашса, адам баласы жоқ.
Ескі күркеде Ғабиттің тұншыға жөтеліп жатқан дауысы шықты. Алайда оны қаңыраған ескі үйден басқа ешкім естімеді.
Дереккөз: el24kz