Екі бақаның аста-төк үйлену тойына министрдің өзі келді
Үндістанның Бунделкханд провинциясында екі бақаның үйлену тойы дүркіреп өтті. Бұл туралы NUR.KZ порталы resheto.net сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Тойды ұйымдастырған жергілікті тұрғындар осылайша егістікке жаңбыр жауады деген үмітте. Олардың сенімі бойынша, жаңбыр құдайы Индру бақалардың тойына разы болып, тұрғындарды өз шапағатына бөлейді.
Той қонақтары арасында өңірдің Балалар және әйелдер ісі бойынша министрі де қатысқан.
"Бізге жаңбыр керек. Бұл екі бақаның тойы Индраның жүрегін жұмсартып, жаңбыр алып келетініне сеніңіздер", - дейді той ұйымдастырушыларының бірі.
Айта кетсек, өңірде мұндай тойлар үйреншікті жағдайға айналған. 2009 жылы Джаркханд штатындағы бақалардың тойына 500 адам жиналған болатын. Тіпті бақаларға көлік кортежі жалданған.