Бұл дүниеде сүйіп қосылған жарыңнан тірілей айырылғаннан ауыр қасірет жоқ екен. Дүниеден озып кетсе жылайсың, сосын балаларың үшін бәрібір көндігесің емес пе. Мені қинайтыны Құдай қосқан қосағымның тірі болса да біз үшін өлген адамдай болып кеткендігі. Менің басымдағы жағдай бәлкім басқа да адамдарға ой салар деген үмітпен осы хатымды «Алаш айнасына» жолдап отырмын.
Мен балалық шағыма өкпе артқан емеспін. Ата-анам мен ата-әжемнің мейіріміне бөленіп, шапағатына шомылып алаңсыз өстім. Кластастарымның алды болдым. Алғыр мінезімнің арқасында мектепте өтетін кештердің бел ортасында жүретінмін. Алты бала болсақ та тату-тәтті өстік. Біріміздің тентектігімізді екіншіміз жауып жүре беретінбіз. Есейе келе алғашқы махаббатымды да осы ауылдан таптым. Сағат әскерден келген жігіт еді. Сөзге жоқ біртоға болғанымен ниеті адал, жүрегі таза жан екенін бірден байқалды. Көп ұзамай екеуміз қосылдық. Жақсы тұрдық. Екі ұлды дүниеге әкелдім. Ата-енемді көздері жұмылғанша күтіп, фатихасын алдым. Күйеуімнің қарындастарын ұзатып, інілерін үйлендірдік. Бір сөзбен айтқанда ел-жұртқа сыйлы, ағайын-туыстың арасында үлгі боларлықтай жанұяға айналып келе жатқандай едік. Біз шын бақытты едік. Амал не... Бәленің бәрі біздің қалаға көшіп келуімізден басталды.
Күндердің күнінде күйеуім тастап кетіп, оны осынша зарығып күтемін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес еді. Ол кезде ұлымның алды бесінші класта оқитын, кішісі алты жаста ғана. Ауылдағы жастардың дені қалаға көшіп жаттқанын көрген күйеуім өсіріп отырған малымыз бен үйімізді сатып қалаға көшуге бел буды. Шынын айту керек бір қора малдың сатқандағы құны әбден тозығы жеткен жатақханадан бір бөлме алуға ғана жетті. Ішім удай ашығанмен амалсыз көндім. Еш жоспарсыз келген соң шаһардың қым-қуыт тірлігіне бірден ілесе алмадық. Сағат жұмыс іздеуге таңмен таласа кеткеннен кешке бір оралады. Сөйтіп жүргенде алты ай өтті. Содан Сағат өзінің ескі достарымен бірге “ақша табамын” деп құрылыс бригадасымен Ақтауға кетті. Сол кеткеннен бес айдан кейін бір оралды. Қолында жартымсыз ақшасы бар.
Мені алаңдатқаны ақшаны аз тапқаны емес, оның бойында бізге деген бір суықтықтың пайда болғаны еді. Алдынан шыққан мені де, “әкеміз келді” деп асыр сала қуанған ұлдарын да танымағандай біртүрлі көзқараспен қарады. Ұлдарымның көңілі үшін сыр білдірмедім. Бірақ, келгеніне екі күн өтпестен Сағат кері жолға жиналды. Тез бармаса болмайды екен. Оған да түсіністікпен қарап, үн-түнсіз киім-кешегі мен тамағын дайындап, жолға шығарып салдық. Тағы да сарылып күту. Тіпті пәтерге коммуналдық ақы төлеу мен тамақ табудың өзі қиынға соға бастады. Әйтеуір ара-тұра әкем келіп жинаған зейнетақысын беріп, қарайласып тұрды. Қыраулы қыста кеткен Сағат енді жазда бір-ақ келді. Сондағы тартқан азабымды сөзбен айтып, жеткізе алмаспын. Жаныма батқаны сол, бұл жолы ол үйге де кірмеді. Есік алдынан жүз елу мың теңгені санап беріп, тым асығыс екенін айтып, кеткенше асықты. “Неге үйіңе кірмейсің, жылдап өзіңді көрмейтін болдық, балалар да әбден сағынып құса болуға айналды” деген сөздерімді құлағына да ілмеді. Бұрынғы менің Сағатым емес, мүлде бөтен, жат адам секілді. Сосын мені оңашалап: “Енді мені күтпе, ажырасу туралы арызды өзім беремін” деп төбеден жай түсіргендей әңгіме айтты да артына қайырылмастан жүре берді.
Әлдебіреулер секілді ең болмаса ұрысып-керісіп, белгілі бір себептермен ажырассақ бір сәрі ғой. Бірге тұрған тоғыз жылда күйбің тірліктің кикілжіңі болмаса, әріге барып бет жыртысып көрмеппіз. Не болса да бұл тегін емес еді. Содан апамды ертіп бақсы-балгер жағаладым. «Дуа салынса» солай болады демей ме. Бақсы апай да күдігімді бірден растап берді. Ол кісі құмалақ салғаннан-ақ «үйіңнің табалдырығына дуа салған, күйеуің сол жерден асып кіре алмайды. Ол сені жақсы көреді, бірақ оны бір әйел әбден дуалап алған, ақырын күт, өз бетіңмен ештеңе жасаушы болма, дуа салған адамның жазасын Құдай ғана бере алады» деді.
Ащы өкініш өзегімді өртейді. Бірақ, ол қайтып оралатындай ертеңгі күннен де үмітімді үзгім келмейді. Осы оймен бұрын тұрған жатақананың бір бөлмесін сатып, ата-анамның қолына келдім. Дүкенге сатушы болып орналастым. Жалақым да жаман емес. Тек Сағатым отбасына қайтып келсе екен...
Әйгерім, Орал қаласы