Жалпы адамның асылып қалуының себебін нақты ешкім дөп басып айта алмайтын сияқты. Базбіреулер «бақилық болған ата-әжелер өздерінің жақсы көрген ұрпағын пәни дүниеге алып кетеді екен» десе, енді біреулер «бұл жын-шайтанның ісі» деседі. Ал дәстүрлі медицина «адамның жүйке жүйесінде белгілі бір ауытқушылықтардың болуынан» дейді. Алайда олар нақты қандай ауытқушылық екенін айта алмайды. Меніңше, адамның асылуына қандай да бір тылсым күш әсер ететін сияқты.
Өткенде пойызда келе жатып, адамдардың өз-өзіне қол жұмсауы жайлы әңгіме өрбіді. Сол кезде қасымыздағы жолаушылардың бірі Атырау облысының Дамба деген ауылында жиыны бірнеше күн ішінде жеті адамның асылып қалғаны туралы әңгімені айтып берген еді. Сол бір есітіген әңгімені «Алаш айнасы» оқырмандарына айтуды жөн деп таптым.
Оқиға былай болған екен....
Қай бір жылы Атырау облысының Дамба деп аталатын ауылында араға күн салып жеті адам асылып қалыпты. Бес адам қайтыс болған. Екі адамды туыстары дер кезінде көріп, ажал құрығынан аман алып қалыпты. Тағы екі адам ақыл-есінен адасқан көрінеді. Ауыл адамдарының арасында «кешке далаға жалғыз шыққан адамды, қандай да бір тылсым күш асылуға итермелейді екен» деген қауесет тарапты. Мұндай қауесетті есітіген ауыл адамдарын қатты үрей билесе керек, кеш болысымен отбасы мүшелері далаға жалғыз шықпайтын хәлге жетіпті. Тіпті туысқандар бір-бірін сырттай бақылап, қора-қопсыққа бірінің артынан бірі кіріп, тіркесіп жүретін жағдайға дейін барыпты. Адамдар кешке той-томалаққа да баруды қойған екен. Ауыл жұртының арасындағы үрейді сейілту мақсатымен ауыл әкімі ақсақалдармен кеңесіп, арнайы облыстағы орталық мешіттен имам шақыртыпты. Бүкіл ауыл болып жиналып, құрбандыққа мал шалып, құдай жолына құдайы ас беріпті. Содан кейін асылу оқиғалары тоқтапты.
Ауылда орын алған қайғылы жағдайға қатысты қариялар «ауыл Жайықтың Каспийге құяр тұсында, қасиетті жерде орналасқан. Бүгінгі таңда адамдар тамақ үшін емес, пайда табу үшін өзендегі балықты аяусыз аулап, тауысты. Өзен суының сарқылуына да адамдар себепші болып отыр. Сондықтан да Жер Ана қаһарын көрсетіп, ескерту жасаған» деп топшылапты. Ал имамның пайымдауынша, адамдарда имандылық азайған. Бүгінгі таңда жан тазалығын, тән тазалығын сақтамайтын адамдар қатары көбейген. Соның салдарынан осындай келеңсіз жағдайлар орын алып жатқан көрінеді.
Жолаушы серігімнің айтуынша, өз-өзіне қол жұмсағандардың жас шамасы 18 бен 40 жас арасында болған. Бәрінің де отбасылық жағдайлары жақсы. Ешқайсысы да, бұрын-соңды жүйке ауыруымен ауырмаған. Сол кезеңде отбасыларында ұрыс-керіс те болмаған. Сонда, айдың-күннің аманында, төрт құбыласы тең жандардың өз-өзіне қол жұмсауына не себеп болды екен? Туған-туыстары дер кезінде көріп, ажалдан аман қалған екі кісіден «неге ондай әрекетке бардыңыздар?» деп сұрағанда, олар өздерін ақ киімге оранған ақсақалды кісінің қолдарына арқан ұстатып, қораға ертіп апарып, асылуға итермелегенін айтыпты. Одан әрі қалай болғанын, не болғанын өздері де білмейді екен. Қазіргі уақытта олардың екеуінің де есі дұрыс, өз тірішіліктерін жасап жүрген көрінеді.
Осы бір оқиғаны есіткен соң дәрігерлердің «адамдардың өз-өзіне қол жұмсауы жүйкеде пайда болған ауытқудың салдары» деген тұжырымына күмәнмен қарай бастадым (бұрын өзім де солай ойлайтынмын). Егер аман қалған екі кісі шынымен де жүйке ауыруына шалдыққан болса, олар тағы да өз-өзіне қол жұмсамас па еді? Олардың көзіне көрініп, қолына арқан ұстатып, асыл деп жүрген ақ киімді ақсақал кім? Бұл жағдай Жер Ананың қаһарынан да болуы мүмкін бе?
Осы сауалдарды өз-өзіме қойып, жауап таба алмадым. Бір білерім адам санасына бағынбайты бір тылсым күштің бары рас-ау. Әйтпесе, он екіден бір гүлі ашылмаған жас баланың да, ақыл есін тоқтатқан, орта жастағы азаматтардың да өз-өзіне қол жұмсауының сыры неде? Егер бұл тылсым күш болмаса, оған қандай да бір түсінік табылар еді ғой.
Осы оқиға жайлы жазар алдында адамдардың өз-өзіне қол жұмсауына қатысты біраз мағлұматтарды ақтардым. Мына бір статистикалық мәліметті көргенде таң қалдым. Рас болса, әлемде сағат сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайды екен.
Автор: Медет МҰҚАНОВ
alashainasy.kz/