Құрметті «Алаш айнасы» оқырмандары мен өз басымнан өткен бір оқиғаны сіздерге баяндап бергелі отырмын. Оған базбіріңіз сенбейтін де шығарсыздар. Өйткені өз басынан өтпеген адамның мұндай оқиғаға сенуі қиын. Егер де сол бір оқиғаға дейін маған да біреу сондай жағдайды айтса, мен де сенбеген болар едім. Бұл оқиғаның орын алғанына биыл 11 жыл болды.
Бұл оқиға мектеп бітіріп, университетке түскен жылы болған еді. Жатақханадан орын жетпей, төрт қыз екі бөлмелі пәтер жалдап тұрдық. Көрші бөлмеде тұратын екі қыздың үйлері қаладан соншалық қашық болмағандықтан, олар демалыс сайын үйіне қайтып кететін. Ондай кезде үйде Жанар екеуміз қаламыз.
Сондай күндердің бірінде тағы да үйде Жанар екеуміз қалдық. Ертеңінде ерте тұруым керек болған соң мен ерте жатып қалдым. Түнт ортасында Жанар түртіп оятты.
- Маржан, есітіп жатсың ба?
- Нені?
- Тыңдашы, шіркеу қоңырауы соғылып жатыр.
Расымен де біз тұрған үйге жақын маңда шіркеу болатын. Ақырын қоңырау үні есітіліп тұр. Бірақ түн ортасында шіркеуде ешбір шара өткізілмейді. Олай болса неліктен қоңырау соғылып тұр екен деп мен де таң қалдым. Бірақ Жанардың жүзіндегі үрейді сейілту үшін «алаңдамай жатшы, ештеңе есітіп жатқам жоқ» дей салдым да, өзім теріс аунап жатып қалдым.
Арада екі-үш минут өткенде Жанар «Маржан» деп жан даусы шығып айғайлады. Орнымнан атып тұрдым. Қарасам Жанар басын екі қолымен жауып алып, шыңғырып отыр. Мен оны құшақтай алдым.
- Жанар не болды, жыламашы – деп жұбатып жатырмын. Ол жас балаша менің құшағыма тығылды. Әлден уақытта барып жылағанын қойды да бетіме қарап: «Маржан есітіп отырсың ба, ана бөлмеде бала жылап жатыр» деді. «Мына қыз жынданып кеткеннен ау ма?» деп өзім шошып кеттім. Таңырқап бетіне қарадым. Жүзімнен күдікті сезіп қалмасын деп тез бойымды жинадым. «Саған солай есітілген болар, ол бөлмеде ешкім жоқ» деп жұбаттым. «Кел құшақтасып жатайық» деп бауырыма қыстым. Екеуміз құшағымыз айқасқан бойда төсекке жаттық.
Жанар менің бауырыма кіріп алды. Бір қарасам ол ұйықтап кетіпті. Ал мен ұйықтай алмай жаттым. Бір кезде көзім есік жаққа түсті. Есіктің шынысынан арғы жақта ақ киімді біреудің жүргені көрінді. Қолында әлсіз жарығы бар шам. Шошып кеттім. Жанарды жұлқып оятып, «анаған қара» дедім. Жанар есік жаққа қарап «ол кім?» деп сұрады. Мен оған жауап берген жоқпын. Анадай жерде тұрған телефонды алып үй иесінің нөмірін тердім. Бірақ телефоннан пышылдағаннан басқа дыбыс есітілмеді. Ал ақ киімді болса, есік шынысының арғы жағынан бізге қарап тұр. Әне-міне есікті ашып ішке кірердей. Жанар екеуміз бір бұрышқа тығылып, бір-бірімізді құшақтап жылап отырмыз. Көз қиығымен есік жаққа қарап отырмын. Тік қарауға шама жоқ. Сәлден соң ақ киімді есіктен алыстап барып жоқ болып кетті. Біз таң атқанша көз ілмедік.
Ертеңінде үй иесіне болған жайды айттық. Бірақ ол біздің сөзімізге сенбеді. Апайға «біз қорқамыз, бүгін біздің қасымызға қоныңызшы» деп өтіндік. Апай үйдегі шаруаларын реттеп, кешке келетінін айтты.
Кешке қарай көрші бөлмедегі қыздар да келді. Олар да біздің сөзімізге сенбеген сыңай танытты. Кешке апай келіп, бәріміз бір бөлмеде жаттық. Түн ортасы ауғанда шатырда біреудің жүргені сезілді. Біздің пәтер бес қабатты үйдің бесінші қабатында еді. Шатырда біреудің жүргенін бәріміз де естідік. Апай «қаңғыбастар» шығар деп бізді жұбатты. Бірақ таңертең тұрғанда шатырға шығатын есік құлыптаулы тұрғанын көрдік. Сонда түнде шатырда жүрген кім? Түн ортасында қолына шам алып, үй ішін аралап жүрген ақ киімді кісі ше? Бәрі жұмбақ.
Сол оқиғадан кейін арада екі күн өткенде басқа пәтерге көшіпі кеттік.
Арада бараз жыл өткенде мен сол оқиғаны бір үлкен кісіге айтып бердім. Ол кісі «аруақтар бірдеңеге мазасызданған ғой. Одан қорқудың керегі жоқ» деді де, басқа ештеңе айтпады.
Маржан, Семей
alashainasy.kz/