Алматылық Аружан өзінің басынан өткен оқиғасын бөлісіп отыр. Ол көшеде есінен танып жатқанда өзіне көмектескен бейтаныс жігіт туралы әңгімелейді.
“Біреуге жақсылық жасасаң, бумеранг секілді өзіңе қайтып келеді” деп айтушы еді. Бірақ қайтарымы әп-сәтте болады деп ойламадым…
Бірде қан тапсыру үшін арнайы орталыққа бардым. Сол кезде медицина қызметкерлерінен қан тобым ІІ теріс екенін және оның сирек кездесетінін естідім.
Біраз уақыт өткен соң туған жерім Ақтөбеге демалысқа кеттім. Еш алаңсыз жатқанымда бейтаныс номер хабарласты. Сөйтсем, мен қан тапсыруға барған Алматыдағы орталықтың қызметкері екен. Олар қаныма мұқтаж екенін айтып, келуді өтінді. Ол кісіге дәл қазір Алматыда емес екенімді, қалаға жеткен соң тапсыруға қарсы емес екенімді жеткіздім.
Демалыс аяқталып, Алматыға жұмысқа оралдым. Бірақ шыны керек, қан өткізу туралы мүлдем ұмытып кетіппін. Орталықтан қайта хабарласып есіме салған соң бірден бардым.
Бұрын қан тапсырып болған соң бірден тұрып, ары қарай шаруаларыммен айналысып кететінмін. Әрдайым иммунитетім жақсы деп ойлайтынмын. Осы жолы да әдеттегідей қан тапсырмас бұрын тексерілдім. Қызуым, қан қысымым қалыпты. Тек гемоглобинім төмен болып шықты. Бірақ дәрігер бұған қарамастан өткізе беруімді сұрады. Мен де келістім.
Қан өткізгеннен кейін өзімді жақсы сезіндім. Жұмысқа асығып, бірден кетіп қалдым. Жолдың бойында такси тоқтатып тұрғанымда да жағдайым қалыпты сияқты еді. Бір мезетте басым айнала бастады. Күннің ыстығынан шығар деп мән бермедім. Жерге бір отырып тұрдым. Бірақ жағдайым одан жақсармады, керісінше, басым қаттырақ айналып, көзім қарауытып кетті. Ары қарай не болғанын білмеймін.
Талып қалыппын. Қалай талдым? Қайда құлап қалдым? Білмеймін. Бұрын таныстарым адамның есінен танып құлауы жайында айтқанда қызық көретінмін. Қалай талып қалуға болады? Тасқа, қатты жерге құлап қалсам қайтемін? Адамдар тек кинода талатын шығар? деп сан түрлі ойға берілетінмін. Сөйтсем, ештеңені сезіп үлгірмейді екенсің.
Көзімді ашсам, айналамда қаптаған ақ халаттағы адамдар. Бәрі зыр жүгіріп жүр. Есімді жисам, әлгі өзім қан тапсырған қан орталығында жатыр екенмін. Дәрігерлердің бірі қал-жағдайымды сұрап, енді бірі шай, енді бірі шоколад әкеліп жатыр. Жанымда менімен бірге қан тапсырған қыз отыр. Көшеде құлап қалғанымды байқаған сол екен. Мені танымаса да, есімді жиғанша жанымда отыруды жөн санапты.
Сонда да мән-жайды әлі толық түсініп тұрған жоқпын. “Дәрігерлерді әуре етіп қойдым-ау. Оның үстіне жұмысыма кешіктім” деп қоямын.
Кейін емханаға өз аяғыммен келмегенім есіме түсті. Мені бір бейтаныс жігіт көтеріп алып келіпті. Ояғанымша кетіп қалыпты. Түрін де көрмедім, есімін де білмеймін. Сол бейтаныс күйінде қалып кетті.
Осы күнге дейін мені әкем ғана көтерген. Әлгі жігіттің көтергенін естігенде ұялып кеттім. “Ауыр болмадым ба екен?” деп те ойлап қоямын. Десе де, оған алғысым шексіз. Әттең, жүзін көріп үлгірмей қалдым. Бетпе-бет рахметімді айтқым келер еді. Сонымен бірге жанымда болған қызға да алғысым шексіз. Адам үшін ең маңызды уақытын жұмсап, жанымда болғаны үшін рахмет.
Иә, бір адам көшеде талып жатса, кез келген адам көмек қолын созатын шығар. Десе де сол жағдай өз басыңа түссе, титтей болсын көмегін бергендерге риясыз риза боласың. Адамдардың жақсы амалын көріп еріксіз қуанасың.