Павлодар облысы Баянауыл ауданының Күркелі ауылдық округі аумағында Батыртоғай аталатын шағын тоғай бар. Жергілікті қариялар тоғайдың бұлай аталуын 1756 жылы өткен Серектас шайқасына осы өңірден қол бастап барған Сәдірұлы Қараке батырдың есімімен байланыстырады. Яғни шөбі шұрайлы, бұлағы сарқыраған осынау жәннат өлке Сәти мырзаның немересі – Қареке батырдың ата қонысы болыпты. Осы тоғайға қарсы беттегі жақпар тастарға назар салсаңыз, дулыға киген батырдың бейнесі сияқты ерекше тас көзге бірден түседі. Біреулер тоғай атауын осы суретке әкеп тірейді. Бір қызығы, Батыртоғайдың көпшілік біле бермейтін басқа да құпиясы бар болып шықты.
– Жаңылыспасам, 1974 жылдың қыркүйек айының орта кезі болуы керек, – деп әңгіме шертеді бұл туралы күркелілік қария Нығмет Жәмінұлы. – «Южный» кеңшарында экономист қызметінде едім. Астық орағына дайындық барысын тексере келген адамдарды кеңшар басшылары табиғат аясында күтпек болды. Қонақтар үшін Қарақуыс қойнауындағы көзден таса жер – Батыртоғай таңдап алынды. Тиісті қызметтік міндеттерімді атқарып, уәделі жерге жетем дегенімше уақыт түс мезгілі болып қалыпты. Батыртоғайды жағалап, бұлақ басына апаратын дөңге шыға келгенімде, бұрын көрмеген тамаша көрініске тап болдым. Жанымдағы серігім Риза Нығметов екеуміз әлгі суретті тамашалап, тілсіз тұрып қалыппыз. Қарсы алдымыздағы биіктігі 10 метрдей үлкен жартаста дене тұрқы түгел салынған батырдың суреті күнмен шағылысып жарқырап тұр. Дәл бір қолмен салынғандай, дөңгелек бетті, басында дулыға, үстінде шолақ жең берен, белдігінде қанжар, бір қолы бос, бір қолы белдікте, аяғында қысқа қонышты етік. Сызықтары ақсары бояумен жүргізілген сурет түрлі-түсті, сәулеленіп тұр. Көріністі қызықтап бөгелейік деп едік, етектегі кісілер қол бұлғап шақырған соң кідіре алмадық. «Батырды қайта барып көрерміз» дегелі де 30 жыл өтіпті. Менің айтқаныма қызығып, көрсетуімді өтінген талай адамды әлгі жерге ертіп бардым, сурет біреу көтеріп әкеткендей зым-зия.
Сондықтан «мен мына жерден қарағанымда ана беттен көрініп еді...» дегеннен аса алмай, өтірікші атандым. Сурет сырын сұрап білетін үлкендер де қалмады. Тек екі адам «сіз айтқан көрініс жайында ертеректе үлкендерден естіп едік» деді. Соның бірі Сапабеков Мақсұт: «Суретті өзім көрген жоқпын, бірақ әкем Садықтың дәл сіз көргендей қып айтып бергені есімде», – деді.
Бұл ғажайып құбылысқа мына бір жайттың да ұқсастығы бардай. 1963-1965 жылдары осы өңірдегі Қызылтау елді мекеніндегі ескі қорымда қыз бейнесі бар бір құлпытас болыпты. Сәукеле киген келбетті, қыр мұрынды, бота көз әдемі қыз суреті кеудесіне дейін салынған деседі. Шілде айының орта кезінде екі-үш күн тал түсте құлпытас күн сәулесімен шағылысып жанып тұрады екен. Ал сурет сызықтары жаңажылдық шырша шамдарындай жарқырайды-мыс. Ел бұл қорымды «жанып тұратын бейнелі жер» деп атап кеткен көрінеді. 1964 жылы қорымды Әлкей Марғұлан басқарған экспедиция келіп тексеріп кетіпті. Сонда құлпытас орнынан қозғалған ба, әйтеуір, кейін жанып тұруын доғарыпты.
Кім білсін, орнатқан шебер құлпытасты күн сәулесі белгілі бір нүктеге түскен кезде жанатындай етіп қойды ма екен... Батыртоғайдағы батыр бейнесі мен осы құлпытастың құбылуын ауыл адамдары егіз құбылыс деп есептейді. Олардың айтуынша, екеуінің де жарқырап жанатын шағы жылдың белгілі бір мезгіліне ғана дәл келеді.
Нығмет ақсақалдан бері Батыртоғай жанындағы жартастан жанып тұрған суретті көрдім деген тірі жан жоқ. Қызылтау қойнындағы құлпытас орнында болғанымен, онда да адам баласын селт еткізерлік ерекшелік байқалған емес. Біреулер ерекше тастардағы жоғарыда біз айтқан құбылыстар бір мүшелде, яғни 13 жылда бір қайталанатынын айтады. Оның өзінде күн сәулесінің белгілі бір уақытта тастың ерекше нүктелерін «тірілтуіне» байланысты.
Кім білсін, алдағы уақытта тас батырдың тылсым бейнесі көзге шалынып та қалар... Ал әзірге Батыртоғай жанындағы табиғат қолдан соққан дулығалы бейне батырлар жайлы талай әңгімеге арқау бола бермек.
Батыртоғайдағы батыр елесі
Последние статьи автора