«Алаш айнасының» «Мистика» айдарын оқып отырып, менің есіме әкем айтқан бір оқиға түсті. Өз басынан өткен осы бір оқиғаны атам әкеме айтып берген екен. Оқиға өткен ғасырдың 60-шы жылдары орын алған. Осы бір оқиғаның тылсым тұстары көп болғандықтан «Алаш айнасына» жолдауды жөн көрдім. Қатесі болса, кешірім өтінем. Тақырыпты өздеріңіз қойып, қатесін түзетерсіздер деп ойлаймын.
«Ол кездері ауылда көлік былай тұрсын, аттың өзі аз болды. Көрші ауылда жиын-той болса, жаяу барып қайтатынбыз. Кейде ауылға жеткенде таң атып кететін. Сондықтан болар, ата-анамыз, «егер түнде далада қалып қойсаңдар мазаратқа барып түнеңдер, мазаратта жын-шайтан болмайды» деуші еді. Сол кездері әр үй ауыл малын кезекпен бағатын. Әкем қайтыс болған соң қойдың кезегіне мен барып жүрдім. Үйде ат жоқ, сондықтан, жаяу бағам. Қараша айының соңы болатын. Қойдың кезегі тағы да бізге келді. Жерде қар аз болғанмен, қара суық болған соң, үстіме әкемнен қалған үлкен жағалы, ұзынетек тонды киіп, нан-суымды алып, ауыл малын өріске айдадым. Жайылған малдың соңынан еріп, ауылдан ұзап кеттім. Түс мезгілі болғанда, асымды ішіп болған соң, қисайып жатып ұйықтап қалыппын. Қанша ұйықтағанымды білмеймін ысқырған желден ояндым. Қар ұшқындай бастапты. Жан-жағыма қарасам, қой көрінбейді. Із кесіп, қой кеткен жаққа қарай бет алдым. Жүріп келем, қой көрінбейді. Қар мен жел күшейіп, борандата бастады. Бағанадан қар үстінде көрініп жатқан қой іздерін енді қар жауып тастады. Кеш болмай қойды тауып алайын деп сол бағытпен алға қарай асығып жүрдім. Дөңес жер көрінсе, үстіне шығып жан-жаққа көз жіберем. Қой көрінбейді. Сөйтіп жүргенімде кеш түсіп, боран күшейді. 15-20 метрден әрісі көрінбейді. Бетті қарыған ызғырық суық жел бас көтертер емес. Адасқанымды сездім. Ендігі мақсат - пана жер тауып, боранның басылуын күту. Әйтеуір бір бағытты бетке алып жүре бердім. Әбден шаршадым. Боранның басылар түрі жоқ. Қорықыныштан ба қасқырдың ұлыған даусы естілгендей болады. Қасқыр кез болса, не боларын бір құдай біледі. Далада жалғыз қалған адамдарды қасқыр жеп кеткені туралы талай естігем. Бар сенген қаруым - шопан таяқ. Бір жерге келгенде қалың қарағанға тап болдым. Қарағанды паналап біраз тынығып алдым. Бір кезде қараңдаған бірдеңені көзім шалғандай болды. Алғашында қой екен деп қуанып кеттім. Орынымнан атып тұрдым. Қой емес, түлкі екен. Неге екенін қайдам, бәрін ұмытып, бар ойым сол түлкіні ұрып алу болды. Сол оймен ақырын басып түлкіге қарай жүрдім. Жақындасам, түлкі анадай жерге қашып барады, бірақ ұзап кетпейді. Сөйтіп түлкінің бұлаңына еріп артынан жүре бердім. Түлкінің соңынан қанша жүргенім білгісіз, бір кезде бейітке кез болдым. Бұрын ауыл маңынан мұндай бейіт көрмегем. Осы кезге дейін мазарат маңынан түнде жүруге қорқатынмын, бірақ бұл жолы қорқыныштан қуанышым басым болды. «Боранда қалып, тоңып өлмеймін, бейітті паналаймын» деп қуандым.
Бейіттің іші жып-жылы сияқты көрінді. Әрі құрғақ. Аздап бойым жылынған соң ойыма бағанағы түлкі түсті. Тысқа шықтым. Бірақ бағанадан менен ұзап кетпей жүрген түлкі көрінбеді. Әрі-бері қарадым, жоқ. Сосын қайта бейіт ішіне кірдім. Қатты шаршағандікі болуы керек бойым жылынған соң ұйықтап кетіппін. Түс көрдім. Түсіме әкем кіріпті. Сол баяғы қалпы. «Балам енді тұр, үйге барайық» дейді. Мен болсам «әке кішкене тынығып алайыншы, қатты шаршадым» деймін. Әкем қатқыл үнмен «қазір тұрмасаң, бойыңды суық қарып, сосын тұра алмай қаласың, тұр» дейді. Көзімді ашсам, алдымда әкем тұр. Құшақтамақ болып едім, ол маған қолын тосып, тоқта дегендей ишара жасады. Соңымнан ер дегендей белгі беріп, бейіттен шықты. Мен әкемнің соңынан ердім. Әкем 5-6 метр алда келеді. Сөйлемейді. Артына да бұрылмайды. Түсім бе, өңім бе ұқпай келем. Әкем қайтыс болған еді ғой?! Әкем мұнда қайдан жүр?! Біраз жүрген соң «әке әлі ауыл алыс сияқты, кішкене тынығып алайыншы» дедім. Әкем үн қатпайды. Қолын бұлғап, соңымнан ер дегендей белгі береді. Соңынан еріп келем. Бір кезде әлім құрып, отыра кеттім. Әкем қасыма келіп орнымнан тұрғызды. Мені қолтықтап алып, алға қарай жүрді. Сәл жүрген соң ауыл көрінді. Қуаныштан бойымды күш кернеп, жылдам басып, әкемнің алдына түсіп алдым. Үйге де жеттік. Сырт қорғанға сүйеніп, артыма бұрылсам, әкем жоқ. «Әке» деп айғайлайын десем дауысым шықпайды. Кейін қарай жүріп, әкемді іздейін десем, аяқта әл жоқ. Буыным босап, жерге құладым.
Құлағыма алыстан бір дауыс есітілгендей. Біреу жұлқылайтын сияқты. Көзімді аша алмаймын. Бір кезде анамның жылаған дауысын естідім. Көзімді аштым. «Тұршы Бекен» деп, анам жылап тұр. Одан әрі есімде жоқ» деп атам әкеме басынан өткен осы бір әңгімені айтып берген екен.
Әкемнің айтуынша, таң ата мал жайлауға шыққан анасы есік алдына ес-түссіз жатқан баласын (Бекен атамды) көреді. Анасы, қарындасы, інісі үшеулеп Бекен атамды үйге көтеріп кіргізеді. Атам бір тәулік есін жия алмай жатыпты. Тек келесі күні көзін ашады. Содан кеудесіне суық тиіп, бір ай төсек тартып жатады. Атам 56 жасында сол өкпе ауруынан қайтыс болған екен.
Кейін белгілі болғандай, атам паналаған бейіт бір атақты бидің бейіті екен. Сол бейіт бүгінде де ауылдан үш-төрт шақырым жерде жалғыз тұр. Қазір күмбезі қайта жөнделген. Жан-жақтан адамдар келіп, сиынып, бейіт басына түнеп жатады. Біз де ауылға барғанда міндетті түрде сол бейіттің басына барып, құран бағыштаймыз. Атамды ажалдан алып қалған, сол қасиетті би атаның аруағы шығар?! Егер сол кезде атамыз аман қалмаса, біз де болмас едік.
Атамды әкесінің әруағы ажалдан аман алып қалыпты...
Последние статьи автора