«Астральді» денені өз көзімен көрген екен
«Рух және ғалам» атты кітапта осы мағыналас басқа да оқиғалар айтылады. Мына бір оқиға Доктор Бургестің досы Доктор Ходгсонға жазған хатынан алынған. Хат былай баяндалады:
«Әйелім 1902 жылы 22 мамырда, жұма күні сағат 23.45-те дүниеден өтті. Сол күні түстен кейін сағат төрт шамасынан бастап науқастың халі нашарлап, үмітіміз үзіле бастаған еді. Мен әйелімнің оң қолын алақаныммен қысып, жанында отырдым. Сағат 06.45 шамасында бөлменің есігі жақтан ауада қалықтап, бір-бірінен бөлек тұрған үш бұлтты көрдім. Бойлары төрт қарыс, көлемі бір құлаштай екен. Осы кезде бөлмеде де, дәлізде де ешкім жоқ еді. Әлгі бұлттар баяу қалықтап, төсекке қарай жақындап келіп, біраз уақыттан кейін төсекті түгелдей жайлап алды. Сол сәтте науқастың аяқ жағында бойы үш қарыс шамасындағы бір әйел бейнесі көріне бастады. Бұл бейне өте мөлдір болатын және жүзінен алтын түсті нұр шашырап тұрды. Үстінде көне грек үлгісіндегі жеңі ұзын және етегі жер сүйреткен көйлегі бар, басына гүлден жасалған тәж киіпті. Қолдарын әйелімнің басына созған күйде түрегеп тұрды. Жүзінен қуаныш пен қонақжайлық, әрі салқынқандылық байқалады. Осы кезде оның айналысында бұлыңғыр күйде көрінетін әлдебір бейнелер толқи бастады.
Әйелімнің үстінде тегіс, шұбатылған, ақ түсті бір бейне пайда болды. Бұл бейне жан тәсілім еткелі жатқан науқастың сол көзіне бір жіппен байланған екен. Бұл оның «астрал» (рухани және мөлдір күйдегі материялық дене) тәні еді. Асылып тұрғандай әсер қалдыратын әлгі бейне кейде еш қозғалыссыз тұрса, енді бірде жиырылып, бір елідей ғана болып кішірейіп алатын. Әлгі елес бейненің барлық мүшелері түгел және толық көрінді. «Астрал тәннің» әрбір жиырылуында тәнде ауыр жанталас басталып, күшейеді. Адамның жанталас халі сәл саябырсығанда «астрал тән» де бұрынғы күйіне қайта оралатын.
Әйелімнің соңғы бес сағаттық өмірінде осы бір жанталас сәтін көру мен үшін оңайға соқпады. Көз алдымдағы сұмдықты тек көзімді жұмғанда немесе назарымды басқа жаққа бұрып әкеткенде ғана көрмеуге болатын, бірақ науқас әйелімнің кереуетіне қарасам болғаны әлгілерді қайта көре бастаймын. Осы уақыт аралығында басым ауырып, аяқ-қолым сырқырады да тұрды. Құдды ұйықтап бара жатқандай көздерім жұмыла бергенін сезіндім. Қазалы сәт те келіп жетті. Әйелім соңғы рет булығып, ақыры демі үзіліп кете барды. Осы кезде «астрал тәннің» өзін құтқару үшін жанталасқа түскенін байқадым.
Науқас демі үзіліп, жан алқымға келгенде, «астрал құбылыстың» адам денесіне байлап тұрған нәзік жібі үзіліп, сол заматта-ақ өзге рухани болмыстармен және бұлттармен бірге көзден ғайып болғанын көрдім. Сол сәттен бастап тұла-бойымды кернеген ауырлық ізім-қайым жоғалып, бірден жеңілдеп сала бердім»[3].
Мақала «Рух және материя» журналынан алынған