Әруақ қонған Әмит ишан
Сыр жерінде талай әруақты адамдар өмірден өткен. Олар жайында ел арасында айтылатын аңыз бен әпсаналар аз емес. Солардың қатарында қазақ баласы қастер тұтатын Марал бабаның ұрпағы Әмит Ишан да бар. Қармақшы ауданының «Қармақшы» ауылында Марал бабаның шөбересі Әмит ишан (Абдулхамит) және оның ұрпақтары өмір сүрді. Жергілікті халықпен тығыз қарым-қатынаста тіршілік етті. Адамдармен сыпайы сыйластықта болып, елге үлкен адамгершілік сипаттағы мәнді тәрбие берді. Ислам дінінің әдет-ғұрыптарын кеңінен насихаттаушы ағартушылықпен, елдің денсаулығына шипасын тигізетін емшілікпен де айналысты.
Осы жайында тереңірек зерттеп жүрген еңбек ардагері Исағали Жұмағұлов ағамыз көптеген әңгімелер айтып берді. "Әмит ишанның елге қорған болып, тәлім-тәрбие берудегі орасан зор еңбектерін бүгінгі ұрпаққа атап-атап айтуға тиістіміз деп есептеймін. Абдулхамит ишан 1905 жылы дүниеге келген. Бес жасынан бастап-ақ Құран Кәрімді жүргізіп оқиды. Он үш жасқа келгенше Убайдулла, Бәжім, Иманалы молдалардан, кейін өзінің әкесі Абдрахман Мағзұмнан діни дәріс алады. Ташкент, Бұқара медреселерінде оқып, 1926 жылы үздік бағамен бітіріп, жан-жақты терең білім алып шығады. Араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін еркін игеріп, діни әдебиеттерді оқиды, аударып жазады" дейді. Өзінің құдай берген дарындылығының, терең де жан-жақты білімділігінің арқасында науқастарды шөптен жасалған дәрілермен емдеп, жүйке ауруларын дұғамен оқып, екінші рет келмейтіндей етіп жазып жіберіп отырған. Алдын ала болжайтын көріпкел әулиелігі мен неше түрлі керемет қасиеттерді көрсеткендігі әлі елдің есінде. Алдына қол-аяғын байлап әкелген науқастардың құлан-таза жазылып кеткендерін жұрт көзбен көрген. Сүлеймен ишанның айтуы бойынша «Марал баба тірі кезінде келешек ұрпағымнан менің құдіретім дарыған, кереметтерім мен қасиеттерімді қайталайтын ұрпақ келеді деген. Сол болжам Әмит ишанға келді» деген екен.
Ол кісі 1950 жылдары іргелес Қайыршақты бекетінде тұрған жылдары ондағы қамыс зауытының айналасы өртке оранған. Зауыт басшысы ишанның үйіне «сотталатын болдым, енді не істеймін?» деп жылап жүгіріп келеді. Ишан қолына ақ қағазға дұға жазып беріп, «жанып келе жатқан өрттің алдына ық жағынан таста» деген. Ол тапсырманы бұлжытпай орындаған. Сол сәтте желдің бағыты өзгеріп, аспанды бұлт торлап, артынша нөсерлеп жаңбыр құйып, қаптап келе жатқан өрт сөніп, қамыс зауыты аман қалған. Бұл оқиғадан сол кездегі балалар, қазіргі аулымыздың ересек азаматтары хабардар болуы керек. Ол кісі бұл дүниеден өтсе де кейбір кереметтері әлі де байқалады. Қармақшы ауылында 1997 жылы бір үлкен ғимаратты бөліп, Әмит ишан атындағы мешіт ашылған. Мешітті ашуға ауыл халқы жиналды. Мешітті ашу салтанаты өтіп, лентасын қиған сәттен бастап, жаңбыр жауды. Баласы Асқар туысы Есенжолов Қалдыбектің үйінен құдай жолы берді. Құдай жолы тарасымен жаңбыр да тынды. Бұл көрініске біраз адам таңғалған еді.
Өткен жылы Қостанайдан Марал бабаның басына бабаның жиеншарларының бірі болып келетін Мейрамкүл деген әйел келіп түнейді. Ол кісі бабаның басындағы шырақшы Бисенбайға «маған бірнеше рет түсімде Әмит ишан еніп, «менің бетім ашық жатыр» деп аян берді. Бейітін көрсет, бетін жабайық деген. Бейітті көрсе, шынымен ашық екен. Бисенбай Ақтөбедегі баласы Абдоллаға қоңырау шалып, жабуға рұқсат алып, бейіттің бетін жауып, құран бағыштайды. Артынша бүкіл Қармақшы өңірінде күні бойы Алланың нұры жаңбыр жауып тұрған.
"Әмит ишан жылы жүзімен, кең пейілді, өресі биік, ойы ұшқыр, білімі тереңдігімен елге сыйлы болып, халық құрметіне бөленген ерекше мейірімді жан еді. Ол өз төңірегіне тұстастарын, замандастарын, ағалары мен құрдастарын, аулымыздың белгілі ақсақалдары Көпеш, Айток, Ыбырай, Айдархан, Медеу, Медекеш, Қошмағанбет, Опаш, Тоқбай, Кенебаев Yбіш, Әбдіәли (сары қожа), Мырзабаев Шадай, Исабаев Ұзақбайды, т.б. топтастырып соңынан ертіп сөздерін тыңдатып, айтқанын істететін. Олар өздерінің жүріс-тұрыстарымен, атқарған өнегелі істерімен айтқан ұлағатты сөздерімен елге тәрбие беріп, кейінгі ұрпаққа өшпестей із, таусылмастай рухани азық қалдырған жандар. Олар бәрі жиналып жиын-тойларда, шақырыспа-қыдырыстарда, жұма намаздарда әңгіме-дүкен құратын. Әңгімелерінің арқауы адам тәрбиесі, ескі салт-дәстүрлеріміз бен діни әдет-ғұрыптар туралы. Арасында сыпайы әзіл-күлкілері де болатын. Ол кездерде ауылдарда мешіт жоқ. Жұма намазды бұрынғы майда төрт колхоздың шалдары жиналып, көбінесе Әмит ишанның үйінде оқитын. Бұл кісінің жұбайы Тәжігүл анамыз қонақжай адам еді. Yйлерінен қонақ арылмайтын" дейді И.Жүмағұлов ағамыз.
Ағамыздың айтуынша, ишанға сәлем беру үшін Арқадан, алыстан-жақыннан келетін қонақтары көп болатын. Жиі мал сойылып, асылып-түсіріліп, дастархандары үнемі жиналмай жататын. Бір үйір жылқы байланып, сауылып дәмді қымыз даярланатын. Қонақтар, көрші-көлем жиналып, күндегі әдеттері бойынша түске таман қымыз ішуге кірісіп, әңгімелерін одан әрі жалғасатын. Немере інісі Әбдірахманов Мінуар бастаған жігіттер қонақтарды күтіп алып, ат-көліктерін жайлап-сулап, жем-шөп беріп, қайтадан аттандырып шығарып салып жүреді екен. Сонымен қатар жан-жақтан ишанға арналған сәлемдемелер, хаттар, сыбаға ретінде сүрленген қазы-қарталар, жент, түрлі жемістер салынған жәшіктер толастамай келіп жататын. Ишан бұларды жиналған адамдардың көзінше аштырып, ауыз тигізіп, сәлемдемелерін көрсетіп, хаттарын оқып беретін көрінеді.
Исағали ағамыздың айтуынша, ертеректе ауыл халқы жиналып тасаттық жасап, құдай жолы бермекші болған. Көпшілік құдай жолыға сойылатын жылқыны іздеп, таңдап сатып алуды сол кездегі колхоздың жылқы фермасының меңгерушісі Ұзекеңе тапсырған екен. Әмит ишан әкелген жылқыны көріп тұрып, елдің көзінше «Бұл өзі колхоздың жылқысы емес пе, қарызға алған жоқсың ба, кісі ақысына қиянат жасамай, ақысын ренжітпей толық бердің бе?» деп есімді тандырып сұрақтардың астына алыпты.– Менің жас кезімде біздің үй қысы-жазы Әмит ишанмен көрші тұрып, әке-шешем ол кісілермен жиі араласты, – дейді Исағали ағамыз. – Ишанның нұсқалы сөздері мен өсиеттерін тыңдап, ұлағатты әңгімелерін естіп, атқарған қасиетті істерін көріп өскенмін. Жас болсам да мені атқа мінгізіп, жан-жаққа барып кел, айтып кел, шақырып кел, қонақтарды күтіп алып, шығарып сал деген сияқты жұмыстарға жиі жұмсаушы еді. Әкем бұған риза болып «айналайын ишанның жұмсайтын адамдары көп, үлкен адамдардың қайсысына айтса да, «ләпбай тақсырлап» әрқашанда дайын тұрады. Бірақ ол кісінің назары саған ауып, батасын саған беріп жүр, Аллаға шүкір келешегің жаман болмас» деп қуанушы еді. Ауылға Әмит ишанның үйіне немере ағасы Қызылорда мешітінің бас имамы Сүлеймен ишан да қонаққа келіп тұратын. Ол кісіні ауылға келді деген хабарды естіген көрші ауылдардың халқы кезектесіп қонаққа шақыра бастайды. Ол түскен үй той жасағандай күйге түседі. Сойған малының етін түгел асып, ауылды қалдырмай шақырады. Бірге тамақ ішіп, әңгіме тыңдайды. Ол кездерде бір ауылда 20-30-дан артық үй болмайтын. Аулымыздың ақсақалының бірі Тоқбай деген үлкен кісі: «Ауылға Сүлеймен ишан келді дегенше, тоқшылық пен береке қоса келді десеңдерші» дейді екен. Бірде Жалағаштан Әмит ишанға сәлем беруге атақты Қалжан ахунның ұрпағы Уамық мақсұм келді. Ірі денелі, сымбатты да келбетті, сабырлы адам екен. Әмит ишан екеуі кезек сөйлеп отырғанда үй іші толған адамдар үнсіз бар ынтасымен тыңдап отыратын. Бұндай жиындарға әкем мені де әңгіме тыңдайсың деп өзімен бірге ертіп баратын.
Әмит ишанның асыл қасиеттерін ұлықтап, әруағын ардақтап, рухына бас ию, көрген-білгенімізді кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттап, таныта түсу біздің міндетіміз.