Алтай тауындағы "жұмбақ пирамиданың" құпиясы қашан ашылады?

Ежелгі заманның қатпарлы қойнауынан сыр шертетін көне жәдігерлер мен ғасырлар шежіресінің мұражайындай болып сақталған ескі қорымдардың маңызы ерекше. Оны табу, зерттеп сырына үңілу тарихи көкжиегімізді кеңейте түсері анық. Міне, осындай құнды ескерткіштердің бірегейі Алтай тауының алыс бір қойнауында жатыр. Олай болса, жергілікті халық «Хан мазары» атап кеткен осы алып қорым туралы аз-кем сөз қозғап көрелік.

Бүгінгі күні «Орта Азияның алып пирамидасы» талай ғасырлар құпиясын  ішіне бүгіп, түркілер тарихының сырлы қазынасын бауырына басқан күйі үнсіз тұр. Зерттеушілер әр алуан пікір білдіріп, ой топшы, жормал жасалғаны болмаса, ол жайында дөп басып, түбегейлі тұжырым айта алмай келеді.
Талай жанның таңдайын қақтырған жұмбақ қорым Қытайға қарасты Алтай аймағы, Шіңгіл ауданының Үшкөл жайлауында орыналасқан. Жергілікті тұрғындар ата қонысында отырған өзіміздің қандастарымыз. Үшкөл жайлауы теңіз деңгейінен 2600 метр биік үстіртте, Моңғолия шекарасына жақын жерде. Үшкөл - араларын жоталы кезеңдер бөліп жатқан Шеткікөл, Ортакөл, Шұбаркөл деп аталатын тау қойнауына орыналасқан, табиғаты әсем үш жайлаудың ортақ атауы.
Аталған жайлаулар сахара мәдениетінің құнды мұраларын сақтап келе жатқан мұражай қоймасы іспетті. Қазірге дейін осы жерден үлкенді-кішілі 60-тан астам ежелгі қорым табылған. Ал аумағында ірілі-ұсақты 10-нан астам көлі бар Шұбаркөл жайлауының қақ ортасында «Хан мазары» аталған, бір ыңғай тастан қалап жиналған ең үлкен қорым алыстан «мен мұндалап» тұр.
Белгісіз дәуірдің құпияға толы, сырлы ескерткіші үш қабатты шеңбермен қоршалған. Қорым төбенің етегінен сыртқы шеңберге қарата шығыс, батыс, оңтүстік, солтүстік бағыттар арқылы арба дөңгелегінің шабағы формасында сызықтар тартылған. Осы нобай сызықтардың барлығына аласа етіп тастар жиналған. Алып қорымның диаметрі 200 метрден астам, биіктігі 20 метр. Яғни, 4-5 қабатты үймен қарайлас, тастан үйілген алып құрылыс көз алдыңызға келеді. Қорымға белгілі тәртіппен жиналған тастар үш-төрт шақырым алыстағы тау беткейінен тасып әкелінген. Ол жерден қазылған тастардың орны бүгінде анық аңғарылады. Қорым маңына бірнеше балбал тастар қойылған. Және осы аумақтағы шағын қорымдардың жанынан да балбалдар мен бұғытастар көптеп ұшырасады. Тағы бір таңғаларлығы - осы алып қорымның үстіне шығуға арнап жасалған айналма қабырға жолдың бар болуы. Сондай-ақ, қорымның айналасы сумен қоршалып, табиғи қамал түрінде болуы да өз алдына бір құпия...

Ендеше, осы ғасырлар бойы қазақтар атақоныс еткен Үшкөл жайлауындағы мұнаралы тас төбенің құпиясын кім ашпақ? Осыған дейін зерттеуге талпынған тарихшылар қандай пікір айтады? Жергілікті халық арасындағы атадан балаға қалдырған аңызнама не дейді?
Алтай топырағы бағзы түркі халықтарын кіндігінен таратқан түп мекені. Сондықтан болар, Өр Алтай аталатын Шіңгіл ауданында түркі жұртына тән сынтастар, балбалдар, бұғытастар, жартас суреттері, қарауыл обалар, көне мазарлар көп. Бұл түркі халқының осы өңірлерде белсенді өмір сүргенінің белгісі. Жергілікті тұрғындар Шұбаркөлдегі көне қорым секілді, бірақ одан көлемі шағын үйілген тастарды «мықтың үйі» деп атайды. Белгілі этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы академик Әлкей Марғұланнан «мықтың үйі» туралы сұраған екен. Абыз ғалым қазақ даласындағы «мықтың үйі» деп аталатын тас үйінділердің бірнешеуін қазғанын, олардан адам сүйектері шыққанын айтыпты. Ал, Алтай бетіндегі осы қалыптас қорымдардан адам, жылқы сүйектері, қару-жарақ, ежелгі тұрмыстық бұйымдар табылып отырған.
Шұбаркөлдегі алып қорым туралы жергілікті халық арасында әр түрлі аңыз сақталған. Олар Шыңғыс ханның немересінің (Күйік хан), Керей ұлысының ханы Тұғырылдың немесе ертедегі белгісіз бір патшаның асқақ етіп тұрғызған мазары болған деп айтып жүр. Бұл жердегі ортақ пікір патша қабірі деген сөзде жатса керек. Бұлардың әрқайсысын таратып айтатын дәйекті аңыз шежірелері де бар. Бұл өлке менің туған ауылым болғандықтан, кішкентай күнімізден жоғарыдағы секілді талай әңгімелерді естіп, құлағымызға сіңіріп өстік. Жайлаудың ой мен қыры маған етене таныс. Бала кезімізде алып қорымның үстіне жан жолымен жаяу да, атпен де шығып жүрдік. Жолды шағын күйме, арба жүретіндей кең етіп салған. Ал, осы арадан екі-үш шақырым жерде үлкендер «Шыңғыс ханның күйме жолы» деп атап кеткен қасқа жол бүгінгі күнге дейін бүлінбей сақталған. Оның сорабы Шеткікөл арқылы Моңғолияға қарай өтіп кетеді.
Бүгінге дейін көне қорымның сырын ашуға ұмтылған зерттеушілердің пікірі әр түрлі болып келді. Алайда қорымды өңірдің тарихи құпиясын ашуға  әлемнің немесе түркі жұртының білікті ғалымдары атсалысып отырған жоқ. Мүмкін, осы бір тау қойнауындағы ескі қорымның даңқы алысқа жетпей жатқандықтан шығар. Сондықтан біз қытайлық зерттеушілердің жорамалдарына құлақ түруді жөн көрдік.


Қытай ғылым академиясына қарасты Шыңжаң география зерттеу орталығының мамандары Шұбаркөлдегі тастан жиылған қорымдардың біразын патшалардың қабірі болуы мүмкін деп топшылайды. Қытайлық зерттеуші Хуаң и «Алтай тауындағы тылсым патша молалары» деген мақаласында үлкен қорымды Шыңғыс ханның немересі, Шыңғыс хан империясының үшінші ұрпақ қағаны Күйік ханның (1206-1248) қабірі болуы керек деп тұспалдаған.
Тіптен, Шыңғыс ханның мазары осында деп санайтын Шыңжаң мәдени мұраларды зерттеу орталығының маманы Жаң Хи өз уәжінің дұрыс екеніне сенімді. Ол Үшкөлдегі көне қорымдарды зерттеумен 4 жыл бойы айналысқан. Негізгі қорымнан 400 метр қашықтықтағы тау беткейінен қазып алған адам сүйектеріне сараптама жасап, көптеген ғылыми мақалалар жазған. Жаң Хи бұл белгісіз қорымдардың айырықша сырлы мәнге ие екенін айтады. Бір қарағанда үйілген тастарды ретсіз қойылған сияқты көрсетіп, адамдарды алжастырып, назарын аудартпауға тырысқан. Анығында бұл қорым күрделі құрылыс үлгісімен жасалған деп санайды.
Біз «Үшкөлдегі көне қорымдар Шыңғыс хан заманына тән» дейтін пікірлерді туындатқан негізгі себептерге қысқаша  тоқтала кетейік. Қытай жерінде Құбылай хан құрған Юань патшалығы (1271) тарихшыларының жазба мұрағаттарында Юань патшалығының батыс пен шығысты жалғайтын керуен жолы, бір дәуірдің еркесі Шыңғыс ханның және оның ұрпақтары Үгедей мен Күйік хандардың жорық жолы осы Үшкөлдің аумағын басып жүрген деп айғақтайды. Сондағы жер-көкті дүбірлеткен қаһарлы қалың қол, сансыз сайлауыт әскердің жата-жастана тынығатын жайлы орны  осы Үшкөл болуы ғажап емес. Тарихи жазбаларда Күйік қағанның батыстағы Бату ханға жасаған жазалау жорығында жолай қайтыс болғандығы баян етілген. Сол сапарында Күйік хан ат шалдырып, аялдап жатқан Үшкүл жерінде бақилық болып, сүйегін осы араға қалдырған деген жорамал көп айтылып жүр. Жергілікті халық арасында таралған тағы бір аңызда Шыңғыс хан «әке» деп құрметтеген, Керей ұлысының билеушісі Тұғырыл ханның мазары осында деген пікір де бар. Сондай-ақ, Қытайдағы белгілі жазушы Шәміс Құмарұлы «Тұғырыл хан» атты романында ханның қаза болған жерін Үшкөл жайлауы деп тұрақтандырған.
Енді жоғарда айтылған жорамалдармен келіспейтін, аталған қорымды мүлде басқа дәуірдің бүгінге қалдырған мұрасы санайтын зерттеушілердің уәжіне де тоқталып өтейік.
Шыңжаң өлкелік мәдени мұраларды зерттеу орталығының мамандары Ли Шутаң мен Лун Гүн Үшкөлдегі тарихи қорымды зерттеп көріп, оны көне тас дәуірінен немесе қола дәуірінен қалған ескерткіш деген меже жасайды. Ал Бейжің университеті тарих факультетінің мамандар тобы, өз зерттеулерінен кейін бұл көне қорымдардың сыртқы формасына, жасалу құрылымына талдау жасай отырып, Сақ дәуірінің туындысы және Сақ патшасының айбынды мазары деген қортындыға келеді. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлының пікірі де осымен үндес.
«Бұл ерте дәуірдің мұрасы сияқты, Сақ, Ғұн заманына тән болуы ықтимал. Берелдегі қорым секілді тереңдегі мұз қабатында жерленген адам не жылқы, басқа да заттар болуы мүмкін. Меніңше, Шыңғыс хан заманына келіңкіремейді», - дейді профессор.
Шыңжаң ғылым академиясының  зерттеушілері алып қорымды қоршай ағып жатқан өзен суының астын да зерттеген. Сүңгушілер өзен ернеуінің құдима тік болып келетінін, ернеуінен 50 см аралықтан бастап өзеннің тағанына дейін тас қаланғанын айтады. Жергілікті  тұрғындардың пікірінше, өзеннің үш-төрт шақырым бойы қорымға жанасып ағатын арнасындағы судың тереңдігі бірдей болып, өзеннен өткенде ат сауырына жететін дейді. Осыған қарап зерттеушілер ертедегі адамдар өзеннің табиғи арнасын өзгертіп, жасанды тоған қалыптастырған деген ой түйеді. Сол кездегі адамдардың нанымы бойынша өлген адам осы көлдің ортасындағы қорымдарға жерленсе, өлгендердің рухы жанатта болады деп сенген болуы керек.

Ал қорымның төбесіне шығатын даңғара жол нені аңғартып тұр? Мұсылмандық дәстүр, тайпалық салттар мен нанымдардың жол жосыны бойынша адам жерленген мазарды аяқпен басу үлкен құрметсіздік. Сондықтан осы құрылымы күрделі, белгілі салттық дәстүрмен айбынды етіп салынған қорымды ежелгі тайпалардың діни сенім-нанымдық жоралғы жасайтын, тасаттық кешені етіп пайдаланған ба деген ойға жетелейді. Егер  Күйік хан мен Тұғырыл ханның Үшкөлде қаза болғаны шын болса, осындағы көп қорымдардың біріне жерленгенін де жоққа шығара алмаймыз.
Осылай сан саққа жорылып, түрлі болжаулар айтылған Шұбаркөл қорымының тек бір ғана тарихи шындығы болатыны белгілі. Ат үсті пікірлердің шешімі,  анық ақиқаты тау болып үйілген кесек тастардың астында көмулі жатыр. Бұл қорым Қытай жерінің аумағында тұрғанымен, ол түркі халықтарына тән тарихи нысан екені әуел бастан анық. Ал Қытай тарапы бұл алып қорымды неге түбегейлі зерттеп, құпиясын қазбаламай отыр? Бәлкім өздеріне аса қатысты емес болған соң аса қатты құлшыныс танытпайтын болар? Шын мәнінде сырлы қорым түркі баласының түп тарихына қатысты талай жұмбақты ашып жіберсе, Үшкөлдегі тас қорымға бүкіл түркі мемлекеттерінің, тіпті әлемдік ғылым орталықтардың назары ауады. «Орта Азияның құпия пирамидасы аталып кеткен қорымның» басқалардың жоғын түгендегеннен гөрі, Қытай үшін сол сырлы қалпында қала бергені тиімді. Ал қорымға әлеуетті түркі мемлекеттері назар аударып, Қытаймен бірлескен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген жағдайда, оған Қазақстан ғалымдарының да қатысқаны әбден орынды. Егер, зерттеу жұмыстары осы жылы-ақ басталып, тарихымызды тереңдеп тануға септігі тиетін асыл жәдігерлеріміз, құнды мұраларымыз осы жерден табылып жатса, Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойына ғажайып тарту  жасаған болар едік.

inform.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста