Әлемдегі үрей билеген он үй
Бүгінде әлемде аңызға толы әңгіме де, жұмбақ жағдайлар да, көпшілік куә болған оқиғалар да жетіп артылады. Олардың біріне сенсең, екіншісіне сенгің келмейді. Дүбірлі дүниеде жария болмаған жаңалық қалмағандай-ақ. Амал қанша, ашылмаған құпиялар әлі де жеткілікті екен. Солардың қайсыбіріне куә болғандардың әсерге толы әңгімелерінен соң, болған оқиғаларды болжау былай тұрсын, табиғатта тылсым жағдайлардың көрініс беруі болуға міндетті құбылыстай көрінеді. Сондай жағдайлардың бірқатары жақында Forbes журналында жан-жақты қозғалды. Онда әлемде елдің есін шығарған он үй туралы сөз болады.
Иә, бүгінде тылсым оқиғалар кім-кімге де қызық көрінеді. Айталық «ұшатын табақшалар» туралы қаншама мақала жазылды, кітаптар шықты, деректі кинолар көрсетілді. Бірақ оны көзбен көргендер жоқ. Осының өзі қызық. Тағы бір мысал, қар адамына қатысты. Тіпті оны көргендер бар. Бірақ ешкім ұстай алмаған. Енді бір мәселе, жын-шайтандарға қатысты. Бұл туралы қазақтар арасында да сан түрлі болжам жасалып, ұзақ әңгімелер айтылады. Үйде жападан жалғыз қалғанда ыдыс-аяқ пен жиһаздардың сықырлауы, орнынан қозғалу секілді адам нанғысыз оқиға тілге тиек болғанымен, содан зардап шеккен ешкім жоқ. Дәл осындай жағымсыз жағдайлар шетелдерде де болып тұрады екен. Әсіресе, ғажайып ғимараттардың ішінде әлдебір дауыстың шығуы, әлдебір көлеңкенің көлбеңдеп, өзіңмен ілесіп жүруі секілді оқиғалар жергілікті жұрт түгілі, естіген кісілерді еліктіреді. Мұндай жерлерге туристер де әуес келеді. Осылайша елесті есепсіз ақшаға айналдырушылар да бар. Расында да қызық қуғандар әлгі жерге апталап жатып, жын-шайтанды күтетін көрінеді. Солардың әлемге әйгілері мыналар:
Сан Хосе, Калифорния штаты
Оливер Фишер Винчестер - ерлерге киім тігетін дәулетті кәсіпкерлердің бірі. Ол XIX ғасырдың 50-жылдары қару жасаумен шұғылданды. Бұл оған атақ-даңқ әкелгенімен, отбасына жақсы болмаған көрінеді. Өйткені жақын-жұрағатының біразы аз уақытта бірінен соң бірі көз жұмады. Бәріне кінәлі өзі шығарған қарудан қаза тапқандардың аруақтары көрінеді.
Ол бөлме кезген «кісілерді» адастыру үшін ғаламат үй салуды ұйғарыпты. Винчестер бұл баспананы салу барысында да күтпеген оқиғаларды бастан кешіріпті. Айталық біресе баспалдақ, біресе, бөлме төбелері құлаған. Соған қарамастан бой көтерген үйдің 150 бөлмесін бүгінде туристер еркін аралай алады.
Тайбэй қонақүйі
Тайвандағы бұл ғимарат жақсы қонақүйлер қатарында. Алайда елес қана қонақтарға маза бермейді. Тіпті бұл мәселе туристік форумдарда да тілге тиек болған.
Құпияның сыры мынада көрінеді: қонақүй бұрынғы түрме орнына салынған. Мұнда екінші дүниежүзілік соғыстың көптеген тұтқындары өлген. Осындағы қызметкерлер адамдардың күлкісі мен дауыстарын, аяқ дыбысы мен есік қаққан сәтін алғашқы күннен естіген. Бертінде қонақтар да күдікті ойға берілген. Себебі бөлмедегі заттар бір орыннан екінші орынға ауысып кете береді екен. Мекеме басшылары фэн-шуй мамандарын шақырып, елеспен өздерінше күрескен көрінеді. Соған қарамастан қонақүйден қорқыныш кетпей тұр.
Көне синагога (Прага)
Бұл - XIII ғасырдың ортасында салынған Еуропадағы көне синагога. Мұнда саздан салынған адам бейнесі талайды тамсандырады. XVI ғасырда Париж раввині Йехуд Лев Бен Бецалель мұнда сыйыну орнын жасайды. Бірде ол осы дәстүрінен жаңылғанда, алып ескерткіш көше кезіп кетіпті деседі аңыз. Сондықтан бұл ғимаратқа кіруге тыйым салынған. Бірақ фашистік Германия жандайшаптары 1940 жылдары тыйым салуға қарамастан шатырға шығыпты-мыс. Соңы не болды?
Бриссак-Кенсе
Францияда Луар жазығындағы көне ғимаратта ХV ғасырда екі кісі өлімі болады. 1462 жылы ғимараттың алғашқы иесі Жак де Брезе Шарлотте де Валуаға үйленеді. Күйеуі аңшылыққа кеткенде әйелі ондаған бөлмелерді шарлап, көңілдестерімен күн өткізеді. Мұны Брезе арада 15 жыл өткенде ғана біледі. Ашу үстінде әйелі мен оның көңілдесін өлтіреді. Кейіннен өзі де көз жұмады. Барлық елес содан кейін басталған...
Кроаджинголонг саябағы
Бұл маяк - Австралиядағы ең биік нысан. 1947 жылы сәуірде жергілікті басылымда «Адам жоғалды» деген мақала басылады. Осы оқиғаны маякпен байланыстыратындар мұндай елесті ұдайы байқайды екен. Елесті көруге туристер жыл бойы ағылатын көрінеді.
Брэдфордтың баспанасы
Үй тарихы 1796 жылдан басталады. Баспананы тұрғызған - генерал Дейв Брэдфорд (Луизиана штаты, АҚШ). Жергілікті халық үйдегі елесті генералдың қызы және оның күйеуімен байланыстырады. Отбасындағы Хлоя есімді малай елдің аузындағы сөзді тыңдауды сүйеді. Бірде қыздың осы қылығын қойдыру үшін қожайын құлағын кесіп алады. Хлоя бірде өш алу ниетінде у қосып бәліш пісіреді. Өкінішке қарай, оны генерал жемей, өзге отбасы түгел жеп, өмірмен қоштасады. Содан бастап шаңырақтың шайқалуы, елестің кезуі басталады.
«Дом Берии» (Тунис елшілігі, Мәскеу)
Ғимарат Мәскеудің орталығында орналасқан. Бір кездері мұнда Лаврентий Берия тұрыпты. Одан көшеде жүрген кез келген сұлу қыз қорқады екен. Берияға жолыққан бикештер жоғалып кететін көрінеді. Ал жергілікті жұрт осы ғимарат маңынан көзге көрінбейтін көлік жүретіндігін талай мәрте байқапты. Тіпті қыздардың шыңғырған дауыстарын да естіген.
Қазіргі Тунис елшілігі де ғимараттан түрлі құжаттардың жоғалатындығын байқапты. Тіпті Берияның өзі де жүретін көрінеді.
Стивен Кингтің кітабы бойынша түсірілген Стэнли Кубриктің «Сияние» деп аталатын триллері - өте қорқынышты фильм. Ол суреттегі The Stanley Hotel қонақүйінде түсірілген. Ғимараттағы дау аспазшының айғайынан соң шыққан. Ол ешкім жоқ кезде де әлдекімдер той-томалақ жасап жатқандай дауыстер естілетіндігін қонақүй басшыларына жеткізген. Алғашында бұған сенбегендер кейіннен көп нәрсеге куә болған сыңайлы. Сондықтан елесті қууға шара қолданған.
aikyn.kz