WhatssАpp желісінде 26 мамырдан 27-не қараған түні аспанда екі айдың көрінетіні туралы хабар тарап жатыр. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Соңғы кезде айдың екі-үшеулеп көрінуі жиі болып жүр. 2012 жылы 27 тамыз күні де адамдарға екі ай көрінген. Сол күні сағат 00.30 минут өткенде Марс планетасы Жерден 34,65 мың миль қащықтықтан өтеді. Соны көргендердің айтуынша, аспанда екі ай тұрады. Бірақ оның біреуі Марс планетасы, екіншісі Ай болатын. Келесі жолы Марс Жерге 2287 жылы осылай жақын өтеді екен.
2011 жылы екі емес, тіпті үш ай көрінген. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Ержан Байтілес «Күн біреу. Ал ай ше?» мақаласында жазған. Ол: «Өткен демалыс күндері ауылға бардық. Шиелі ауданының Еңбекші ауылына. Күн сенбі еді. Қарашаңырақтың түтінін түтетіп отырған Бектөре ағам біртүрлі әңгіме бастады. Әдетте томаға-тұйық, ішіндегісін сыртқа көп жаймайтын адамның ашылып сөз бастағанына тосырқап отыр едік. Айтқан әңгімесі құйқамызды шымырлатып жіберді.
– Кеше түнде далаға шықтым. Аспанға қарап едім, ай үшеу болып тұр екен. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын» оқып едім. Ұзақ уақыт кітап оқығаннан көзім талған шығар деп ойладым. Екі көзімді уқалап аспанға қайта қарадым. Ай үшеу. Сосын ұзақ уақыт көзімді жұмып тұрдым. Тағы үшеу күйінде. Жетіқарақшыға қарадым. Ол – жетеу. Темірқазықты іздедім. Жалғыз өзі жарқырап тұр. Ақбозат пен көкбозатқа қарадым. Олар екеу. Айға қайта қарадым. Үш ай әлі тұр, – деді ағам.
Өз көзіне өзі сенбеген Бекең қыздарын шақырады үйден. Үш қызы қатар шығады. Олар да үш айды көреді», деп жазған болатын.
Жалпы, аспанда екі айдың, үш айдың көрінуі Күннің төңірегінде болатын орбитамен байланысты делінеді. Орбита латыннан аударғанда із, жол деген мағынаны білдіреді. «Күнге ең жақын орналасқан Меркурий, одан кейін Шолпан, Жер, Марс, Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун, ең қашықтығы Плутон планетасы. Олардың өлшемі де түрліше – жерден үлкен, кішісі, сонымен шамаластары бар.
Планета – өзінен жарық шығармайтын салқын дене. Дегенмен, түнгі аспанда олар да жұлдыз сияқты жылтырап, көрінеді. Олай көрінетін себебі: планетаның бетіне күннен түскен сәуленің шағылысуына байланысты екен. Планета – «кезбе жұлдыз» деген мағынаны беретін грек сөзі. Жұлдыздар сияқты планеталар да белгілі бір орында тұрмайды, үздіксіз қозғалып аспан әлемінде жүреді. Себебі олар күнді айнала қозғалады», дейді ғалымдар.