Егемендік алған алғашқы жылдары қазақ халқы 32-36% болған екен. Ширек ғасырда 70%-ға жетті. Өзге ұлттарда өсім жоқ. Орыс диаспорасы,керісінше, көшуіне, қоныс аударуына байланысты минусқа кеткен. Ал қазақтың ішінде өсім беріп отырған қазақтілділер. Осы қарқынмен кете берсе, қазақ халқы алдымыздағы 15-20 жылда 90%-ға жетеді, оның ішінде қазақтілділер 75-80% болады. Демек, мемлекеттік тіл өзінен-өзі сұранысқа ие болады. Саннан сапа шығатын заңдылыққа сүйенсек, қазақ тілінің болашағы зор. Яғни, халықтың инерциясы өзгені еріксіз ығыстырып шығарады да, өзгелер өзінен-өзі мемлекеттік тілді үйренуге мәжбүр болады. Ендігі мәселе халықтың осы инерциясын мемлекет зерттеп, зерделеп, халыққа жағдай жасау керек. Дер уақытында дөп басып отырмаса, әртүрлі шиеленістер болып, экономикалық зиян, дамуымызға кедергі келтіретін жайттар туындауы мүмкін. Тағы бір ескеруге тұрарлық жағдай бар. Ұлттық сана жаңғырған сайын өзге тілде сөйлейтін қазақтар жағымсыз болады. Жағымсыз күй кешпес үшін қазақтың тек қазақ тілінде сөйлеуіне тура келеді...
Амантай Тойшыбайұлы
Фейсбуктегі парақшасынан