Қазақ бірін-бірі даттауға жұмсаған күшін мақтауға жұмсаса берекесі арта түсер еді
Мен Абайды Толстойдан жоғары қоямын. Абай ақиқатты тауып, танып, сол ақиқатқа елді шақыра алмай зарласа, Толстой сол ақиқатты тани алмай, таба алмай зарлаған. Кім артық? Ақиқатты таныған, тапқан адам ба? Əлде таба алмай зарлаған адам ба?! Абайды артық деуімнің себебі - осы. Бірақ Толстойды түкке алғысыз деуден аулақпын. Оның шындықты іздеу жолындағы жанкештілігіне құрметпен қараймын. Тек өз тұлғаларымызды лайықты танып, бағалай білуіміз керек дегім келеді. Гөте жазып, Лермонтов аударған өлеңді Абай қазақ тілінде сөйлетті. Бауыржан Момышұлы осы үш шығарманы салыстыра келіп, Гөтеге 3, Лермонтовқа 4, Абайға 5 қояды. Бағасын негіздейді, дəлелдейді. Кеңес дəуірінде "Абай орыс əдебиеті арқылы көзін ашты, орыс достары болмағанда ол бұл деңгейге жете алмас еді" деген жаңсақ пікір орнықты. Ол кезде бодан болдық, соцреализм бар, цензура бар дедік. Қазір де осы пікірді қайталай беру- біріншіден шындыққа қайшы, екіншіден біздің əлі де құлдық психологиядан арылмағанымызды айғақтап тұратын қателіктердің бірі. Мысалы, Шекспир жазған "Рамео-Жулетта" идея тұрғысынан Шəкəрім жазған "Еңлік-Кебектің" қолына су құюға жарамайды. Сенбесеңіз екеуін салыстырып оқып көріңіз. Бірақ Шекспирді өз жұрты қатты бағалайды. Біз бағалау былай тұрсын, оқымаймыз. Ұлт тұлғаларын танымайтындар қаншама?! Мұхтар Əуезов: "Абайда еуропа əдебиетінен бастау алатын екі өлең түрі бар. Оның бірі- махаббат лирикасы, екіншісі- көңіл күй лирикасы. Бұлар Абайдың шығыстық болмысын, қазақы ерекшелігін, ішкі əлемін, сенімі мен бағытын өзгертпеген, тек көркемдік əдіс қызметін ғана атқарады" дейді. Көкбай бастап, қазіргі заман ғалымдары Абай шығармашылығының шыңы деп бағалаған "Китаб тасдиқты" Абай шағатай тілінде жазса, өз шығармашылығының шарықтау шыңын түрікше өрнекпен аяқтаса, ол қалай орыстан үлгі алған, солар арқылы көзі ашылған болады. Дəл осы кезеңде осындай шалағай тұжырымдардан миды да, жүректі де тазартпасақ, өзгелерге өкпелеуден пайда жоқ. Жоғарыда Бауыржанды айттық. Екінші дүниежүзілік соғыста Бауыржанның атағы "глобусқа шықты". Оны əлем таныды. Қазақтан шыққан хас батырға соғыс туралы айтып бер деп Александр Бек бір ай жалынады. Өздерін ұлы ұлт деп жариялаған ұлттың өкілі қазақтың баласына жалынып, оған "соғыс туралы айтып беріңіз" деп қыр соңынан қалмай, мүсәпір күй кешеді. Бауыржан шарт қойып, анау бағынады. Кітап бүкіл əлемге тарады. Баукеңнің осы даңқына Жуков та қызғанышпен қараған. Өзінен аспаса, қызғана ма?! Баукең олардың бəрінен асты. Оны ісімен де, сөзімен де дəлелдеді. Александр Бек кейіннен талай шығарма жазғанымен, онысын ешкім оқыған да, бағалаған да жоқ. Өйткені ол жерде Бауыржан Момышұлы жоқ болды. Момышұлы сол қиын-қыстау кезде өзінің қазақы аты-жөнін сақтады. Бір-біріне "пəленшеевич, түгеншеевич" деп тіл қататын қазақтарда намыс жоқ! Өздерінің өресі жетпесе, Бауыржанның үлгісіне қараса болады. Рейхстагқа да туды қазақтың баласы тікті. Шовинистік мінез бойына сіңген бейбақтар оны да шамалары жеткенше бұрмалап бақты. Талғат Бигелді немістер соғысты бастағаннан кейін немістердің астанасына кірген алғашқы адам. Бұл деректі "Аспандағы айқастан" оқып алсаңыз болады. Айтпағым, қазақ ешкімнен кем емес. Кем көретін, өз-өзімізді бағаламайтын өзіміз. Қазақ бірін-бірі даттауға жұмсаған күшін бірін-бірі мақтауға жұмсаса, бірін-бірі қорлауға жұмсаған қайратын бір-бірін қолдауға жұмсаса, екі қазақты шағыстыруға сарп еткен уақытын, екі қазақты табыстыруға сарп етсе, бірін-бірі қас көрудің орнына дос көруге бейіл болса, берекесі арта түсер еді.
Абай Қалшабек
Фейсбуктегі парақшасынан