Мына көрші Тасарық ауылында бір жігіт бар, – деп бастайды әңгімесін Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Жамбыл ауылының азаматы Дүйсенбек Жасұзақов.
– Өзі өмірі ауылдан шықпаған, мектептен кейін жоғарғы оқу орнына бармастан колхозда жұмыс істеуге қалыпты. Ол кезде мақта теруге колхоз-совхоздардан жұмысшылар жіберетін. Колхоз мақта теруге мұны жібереді. Таудың баласы өмірі мақта көрмеген, бір апта теріпті де қашып кетіпті. «Икарусқа» отырып, Мақтааралдан Шымкентке келеді. Ары қарай ауылға басқа автобусқа отыруы керек қой. Автобекетте «Ақ жол» деген асхана болатын. Қарын аш. Жолдан шаршаған.
Тамақ ішіп алмақ болып асханаға кіреді. Қою, сұйығы бар, әйтеуір екі тамаққа және бір стакан айран мен бір үзім нанға тапсырыс беріпті. Асхана кең, орын көп. Алдына әкелген тамағын енді жейін десе, қасық жоқ. Ол кезде қасық, шанышқы атаулының бәрін асхананың бір шетінде тұрған арнаулы ыдысқа салып қоятын. Оны өзің барып алуың керек. Жұрттан көріп бұл да барып, қасық алады. Қайтып келсе, мұның сұйық тамағын түрі жаман бір орыс сылпылдатып ішіп жатыр дейді. Не істерін білмей сасып қалады. Не жарытып орысша білмейді. Әрі ол кез орыстан ептеп сескенетін заман. Тұрып-тұрып «қой, бұйырғаны осы шығар, ең болмағанда екінші тамағымды ішіп үлгерейін» деп ақырын орысқа қарама-қарсы жайғасады. Қою тамағына қол созады. Орыс көзі бақырайып, үндемей отыра беріпті. Үндемеген соң бұл асығып-аптығып тамақты жей бастайды. Бірақ орыс екеуі бір-бірінен көз алмайды. Тамақты тауысып, стакандағы айранды сіміріп, нанын қомағайлана жеген бұл тез-тез тұрып кетеді. Орыс көзі бақырайған күйі қалады.
Асханадан шығып, орыстан аман-есен құтылғанына «уһ» деп кетіп бара жатқанда есіне түседі. Әлгі тамақ ішкен үстелінің үстінде шәпкісі қалып кетіпті. Амал жоқ, қайтадан барады. Барса, қалпағы жоқ. Жақындап кеп қараса, орыстың ар жағындағы үстелде мұның екі тамағы да, наны мен айраны да сол күйі тұр екен. Сөйтсе, бұл үстелден шатасып, айдаладағы орыстың тамағын ішіп кетіпті. Бұл орыстан сескенсе, орыс бұдан қорыққан ғой. Ал, асхана қызметкерлері бұны сыртынан қызықтап қарап тұрыпты. Қайтып келсе, бәрі ішек-сілесі қатып күліп жатыр екен. Бұл шәпкісін алыпты да зытып тұрыпты.
Оралхан Дәуіт
Фейсбуктегі парақшасынан
"Орыстың" тамағын жеу...
Последние статьи автора