Ерінбегеннің бәрінің аузында – «мүшеқап»

ЖОҚ! ЖОҚ! ЖОҚ!

Жұмекен Нәжімеденов жарықтық «Ақ шағыл» романында кейіпкеріне қайта-қайта «қай пағамбарым еді, бір пайғамбарым айтып еді» дегізетіні сияқты, әлгі қай әнші қыз еді, бір әнші қыз «жоқ, жоқ, жоқ» деп қазақтың қалаларын санап жүр ғой. Сол сияқты бүгін амалсыздан төмендегі сөздерге «жоқ, жоқ, жоқ» деп жазуға мәжбүрміз.
Оншақты күн болды алдымен әлеуметтік желі, сосын баспасөз, сосын эфир «мүшеқап» деген сөзге толып кетті. Бір-екі жерден ғана «бұлай айтуға болмайды» деген ескерту оқыдық. Оны ескерген құла тасқын қайда? Ерінбегеннің бәрінің аузында – «мүшеқап».
Жалпы дау тудырған мәселенің өзіне қатысты пікірімізді мыңдардан асырып айта алмаймыз. Мектепте әлгі пәлені таратуға үзілді-кесілді қарсымыз. Оны Серік Әбікен бауырымыз жіліктеп жазды. Соған толық қосыламыз. Ал «мүшеқап» сөзінің өзіне қатысты пікіріміз бар.
Адам денесінде он екі мүше болады. Бала кезімізде үлкендер, әсіресе әжелеріміз амандық сұрасқанда «он екі мүшең сау ма?» десетін.
Көру мүшесі – көз. Оны қорғау, жақсарту үшін киетін нәрсе – көзілдірік. Жүру мүшесі – аяқ. Аяққа ішінен-сыртынан киетіннің бәрінің төл атаулары бар – байпақ пен шұлықтан бастап саптама етікке дейін. Есту мүшесі – құлақты бастың өзімен қоса ер адамдарда: тұмақ, бөрік, тақия, тағы басқасы; әйелдерде: кимешек, жаулық, қарқара, тақия, тағы басқасы жауып тұрған. Технология заманында «құлаққап» деген аударма сөз кірді. Оған да анау айтқандай дауымыз жоқ. Ия, қыста, тіпті күн жылының өзінде қауіпті заттармен жұмыс істегенде сақтық үшін қолға киетін нәрсеміз бар, ол – қолғап. Арғы жағы «қол» мен «қап» сөздерінен қосылған.
Қазіргі балалар біле қоймас, «аяққап» деген де сөз бар. «Етік» пен «байпақтың» туысқаны емес, бұл – ыдыс-аяқ сақтауға арналған зат. Қазақ ежелден көшіп жүріп мал өсірген. Үш-төрт ай сайын қоныс аударатын отбасыға шкаф, буфетіңіздің қажеті шамалы. Ыдыс-аяқты арнайы қапта сақтаған. Біріншіден, таза тұрады; екіншіден, жүкке тиеп алу жүруге қолайлы.
Көшпелі өмір туралы кезінде Сәбит Мұқанов жақсы жазды. Студент кезімізде «Халық мұрасы» кітабын оқығанбыз. Кеңестік цензура жұлмалап, ит-рәсуасын шығарғанын тәуелсіздіктен кейін осы еңбек «Қазақ қауымы» деген атпен қайта басылғанда көрдік. Қолымызда екеуі де бар. Кейде салыстырып қарап, цензураның қай тұстарына шүйліккенін зерттейміз.
Сол аяққаптан «кеудесі аяққаптай» деген бейнелі сөз қалыптасқан. Кейде ірі денелі жігіттерді сипаттаса, енді бірде басқаларды менсінбейтін, паң адамдарға қатысты айтылады.
Міне, адам мүшелеріне қатысты заттардың біразын түгендедік. Он екі мүшеге, яғни бүкіл денеге ортақ қап та бар. Туристер түнде ішіне кіріп ұйықтайтын. Атақты «Кавказдың тұтқын қызы» фильмінің бас кейіпкері сонымен өзенге ағып кететін. Оның да аудармасы бар. «Түнемелқап». Қалихан Ысқақовта. «Ақсу – жер жанаты» романында Бекет бала кезінде өзі қатарлы қызбен осындай бір қаптың ішінде қонып шыққанын еске алады.
Енді бірталай күн болды жұрттың бәрі кейінгі заманның қажетті ме, қажетсіз бе, бір бұйымын «мүшеқап» деп сөйлеуге кірісті. «Он екі мүшенің біріне, яғни жыныс мүшесіне ғана қолданылатын бұл пәле қалай бәріне ортақ «қап» болмақ?» деп қайран қалғанбыз. Болмаған соң ойымызды жазуға отырдық.
Ол жыныс мүшесі адамзаттың жаратылысына қарай екіге бөлінеді: ер адамның жыныс мүшесі және әйел адамның жыныс мүшесі. Қазақша медициналық еңбектердің бәрінде ғұлама Ишанбай Қарақұловтан бастап ғалымдарымыз осылай жазса керек. Ара-тұра сот-сараптама құжаттарында да осылай. Тіпті, қажет жерінде әдебиет пен баспасөзде осылай жазылады.
Рас, қазақ тілінде оның екеуінің де бірнеше атауы бар. Иісі қазақтың бәрі біледі, бірақ жазбақ түгіл көпке естіртіп айтпайды да. Ұят!
Сол ұят сөздер аталатын небір өлең, мақал-мәтел, белгілі адамдардың бірқақпайлары бар. Берідегі Шәкір Әбенов не, арыда Мәшһүр Жүсіп атамыз да айтыпты. Дұрыс. Боғауыз сөздер ғасырлар бойы ұлттық ұғым айналымында болған, одан әрі болуы тиіс. Бірталай тақпағын біз де білеміз. Бала кезде ауылдың өзінде жаттап алғанбыз. Бірақ, ешбір баспасөзде, ешқашан көпшілік алдында айтқан емеспіз.
Ақселеу Сейдімбек марқұм оны жинап, кітап етіп шығарды. Оны мансұқтауға болмайды. Бұл – ұлттық тіл мұрасының бөлігі. Қолданылмаса да, мүлде ұмыт қалмай, жинақталып бір жерде тұруы тиіс. Басқаның батылы бармайтын, тіпті қолы тимейтін, қолы тиген кездің өзінде қарымы жетпейтін бұл іске Ахаң осыны ескергендіктен амалсыз кіріссе керек. Басып шығаруға батасын берген ұлттық академияның академигі Сейіт Қасқабасов ағамыз да осыны ойлаған-ау. Сол Ахаңның атын атамаса да, марқұмның осы жинақты шығарғанын мысқалдап отыратын замандасымыз бар. Ахаңа арашашыға жарамаспыз. Жарықтықтың парасаты – бізден он есе биік, ұлт алдында қызметі – мың есе бағалы еді. Тек, мына азаматтың әруақпен алысып жүргенін жөн көрмейміз. Бірер рет айтты, бәріміз естідік. Сол жетеді ғой. Адам жалпы, кешірімді болуы керек. Тіріні қойып өліден жау іздегеннің қажеті не? Бір қазақты ғайбаттап отырып, «бүкіл қазақ тұтасайық» деп ұрандату – маяның мына шетінен от салып қойып, ана шетіне шығып «ойбай шөбімізді өртеп алмайық» дегенмен бірдей шығар.
Бұл – басқа сораптағы әңгіме еді, реті келген соң амалсыз айта кеттік. Ахаңды ағаш атқа теріс міңгізіп жүрген азамат бұдан соң біздің соңымызға шам алып түсіп жатса, халқымыз оны да естір. Ал, ұяты болса осыған тоқтар.
Хош, сонда жазуға болмайтын бірнеше аты бар, ғылымдағы қалыптасқан тіркесі – «ер адамның жыныс мүшесі» болса, оған кигізілетін затты қалай атаймыз? Оқу керек еді. Мұның баламасын ұлтымыздың келесі теңдессіз тұлғасы қағазға түсіріп кеткен. Баршамыздың кемшілігіміз – мұраға мұқият емеспіз. Оқығанды тоқымаймыз. Ыбырай ақсақалдың «оқығанды көңілге ықыласпен тоқылығы» айтылғалы бір жарым ғасыр өтсе де, қазақ тілді қауым үшін әлі өзекті болып тұр. Әр аймақтан Әуезовше айтқанда «толмаған Толстойлар мен шала Шекспирлер» пайда болып, білгішсініп кетеді. Мысал керек пе?
«Қауқар» деген сөзді осылар ит талаған тулақтай етті. «Қауқар» - күші бар, жанды нәрсеге айтылатын сөз. Қолданыста «қауқары бар жігіт» делінетін. Енді біздің экономикамыз да, облысымыз да, ауыл шаруашылығымыз да тегіс «қауқарлы».
Бәрін қауқарлап тастаған соң енді... «еңсеруге» кірістік. Қиындықты, тапшылықты, қымбатшылықты, әлемдік экономикадағы дағдарысты... о-о, бірер жылдың беделінде біз еңсермеген ештеңе қалмады.
Сосын бәрін «қолжетімді» жасадық. Баспанамыз, балабақшамыз, оқуға құны, пойызға билет, тіпті кейбір әкіміміз, не керек барлығына қатысты бағалау сөз – «қолжетімді» болды да кетті. «Арзан», «тиімді», «ұтымды», «қолайлы», «ыңғайлы», «мол», «жеткілікті» десе, ол сөздер тілшілердің тілін тістеп алатын сияқты. Ізденбейтін жазарман қауымның орыс тіліндегі «доступный/ая/ое» сөзін сипаттайтын басқа баламаларға өздерінше айтсақ «қолдары», анығында милары жетпейтіні – өкінішті. Өкінішті ғана емес, аянышты!
Сонымен «презерватив» сөзін қазақ тіліне ұлттық ұғымға қонымды етіп кім аударып еді? Анығында аударған да жоқ, қазақтың төл сөзін қолданып еді. Қадыр Мырза Әли. Не деп? Оп-оңай: «күйекқап»!
Әйтеуір осы тақырыпты қозғаған екенбіз, Мағауинше айтқанда: «бізден қалып қоймасын», бірер жерде баклажанды «жертатақ» деп жазғандарды оқыдық. Бұл масқара! Жол беруге болмайды. Жол бермеген қайда, «жертатақ» деп қалған ауыз енді «бананды» «тағы бірдеңе татақ» деуге көшіпті. Ата-бабамыздың «бір қызымнан бір қызым сорақы болды» деп күйінгені тіліміздің өз басына келіпті.
Ертең шетелдіктер, алдымен іргелес орыс пен қырғыз, өзбек пен қытай «қазақтар баклажанды, бананды не дейтінін білесіңдер ме?» деп мазаққа айналдырмай ма? Ұл-қызымыз сонау жапон, ағылшын, америка жерінде жүр. Солардың алдынан осы сөз мысқылмен айтылса, біз үшін жерге кіріп кетпей ме?
Енді ары қарай тізбектейік. Өзі кез-келген құбылыс тізбектен тұрмай ма? «Банан» сөзін олай айтуға болмайды» деп, оның орнына «бір атамыз солай жырлап еді: «айжеміс» дейік» деген тағы біреулер шықты. Онда ертең «апельсин» сөзін «күнжеміс» деңіздер. Ай өзі кейде солып, кейде толып тұрады, тіпті өліара кезінде бірер түн мүлде көрінбейді, оның қасында Күн әр таңда апельсин сияқты сарғайып шығып тұрады. Осы ма жеткен жеріміз?!
Бәрі ішке сыймай кетті. Көкейлеріңізге қонса, бөлісіңіздер. Бізде «пәленше», «түгенше» досты жіпке тізіп шығу дағдысы жоқ еді.

Баршаңызды, тіпті оған қарсылығымызды ашық жаза отырып «жертатақ» пен «айжемісті» ойлап тапқандардың жеке басын құрметтеуші –
Қайнар Олжай.
2018 жылғы желтоқсанның 9-ы.
АСТАНА.

Фейсбуктегі парақшасынан


Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста