Бомбейдегі соғыс немесе қыз алып қашу хикаясы...
Ол кезде үшінші сыныпта оқимыз. Ауылымыздағы ең бірінші нөмірлі сүр бойдақ, отызға он қадам қалған Асқар көкеміз қыз алып қашып келді. Келін түсіп "Бомбей" ауылы (Шындығында Қазақ есімін иеленген біздің ауыл әлі күнге дәл солай аталады) мәз мейрам, толарсақтан той кешті. Ойбай, артынша аттандап бір топ қуғыншы келді. Атын атап, түсін түстесеңіз адам шошыйды. Капитан шеніндегі әскери ағасы, мойор погонды милиция нағашысы, "нештатный" КГБ-ның тыңшысы туған әпкесі, бес алты "боксер", екі-үш "киллер"... Құдай басқа салмасын бәрі қан ішіп келгендей түнеріп кеткен. Қолдарына түскенді тірідей үйтіп жеуден тайынатын емес. Басмашы сияқты басып жаншып барады. Өлген-тірілгеніңе пішту деп те қарайтын емес. Олардыңда өз уәжі бар екен. Көкеміз жиырма тоғызда, ал алып қашып келген қыз он алтыда. Ең сорақысы сол қылықты қыз небәрі сегізіншіден тоғызыншы сыныпқа өткен мектеп оқушысы. Сонымен "сұрапыл соғыс" басталып кетті. Қарсы жақ "Қызды қайтарып алып кетіп, айыптыларды түрмеге тоғытамыз" дейді. Біздің жақ "Өліспей беріспейміз" дейді. Не керек сонымен сойқан соғыс ары қарай қайыру бермей қыза түсті. Қуғыншылар ашықтан ашық жұдырық жұмсауға құштар, біздің жақ болашақ құдалардың көздері көгермесін деп қылқындыру мен қол бұрау әдісіне көшкен. Біз балалар жағы жаға жыртысып жүргендерді реті келгенде тірсектен теуіп "Ұлы жеңіске" өз үлесімізді қосуға құлшынып жүрміз. Екі жақта берісер емес, төбелес төрелік деңгейден өтіп қып-қызыл қан майданға шақ қалған. Оқыс оқиға дәл осылайша ары қарай өрбісе бақылаудан шығып кететінін қызыл жағалы кісі аңғарса керек, аспанға екі дүркін оқ атты, Жұртты заңды сыйлауға үгіттеген милиция тапаншасын қорабына салып жатып үйірін қорғаштаған айғасқа айғырдай айбат шегіп айқайға басты. Жан қалтасынан қағаз қалам алып протокол толтыруға көшті. Қалыңдық қаламға жармасып милиция нағашысының қызыл түсті жағасын жырта жаздады.
- Соттасаң мені сотта, түрмеге тоғытсаң мені тоғыт. Бұлардың еш жазығы жоқ. Мен өз жүрек қалауыммен алмаймын дегеніне қоймай артынан қалмай еріп келдім, - деп тобығынан асатын шашын жайып салып дауға нүкте қойды. Милиция аңтарылып аузы аңқиған күйі шарасыздықтан қолындағы қаламын сындырып, қағазын жыртып тастады.
- Ой антұрған, менің тұрмысқа шыққалы жүрген жігітімді неге тартып алдың, - деп сіңлісін талдырып тастауға жуан жұдырығын ала ұмтылған қалыңдықтың әпкесін жұрт жібермей асау байталды жүгендегендей әзер ұстап қалды.
Сонымен не керек қуғыншылар салы суға кетіп тайып тұрды. Ауыл қалыңдықтың батылдығына риза болды. Бәріміз аң-таңбыз. Көмірдей қара шашы тілерсегіне түскен жеңгеміздің аты Баян, түр әлпеті нағыз хас сұлудың өзі екен, Үлкендер жағы тойды думандатып жалғастырып әкетті. Ал біздер, жас жеткіншектер "Үлкейгенде дәл осы жеңешемдей өзі ақылды, өзі сұлу Баян есімді келіншек аламыз" деп серттесіп тарқастық. Сөзімізде тұрдық. Қазір біздің аядай ауылда отыз шақты Баян есімді жеңге, келіндеріміз бар екен. Менде Баян есімді қыз көрсем кет әрі емеспін...Бір түрлі көзге ыстық, жүрекке жақын, көңілге сағыныш отын жаққан кәусәр сезімнің түнгі елесіндей көрінеді екен...
Қалыбек Атжан
Facebook-тегі парақшасынан