"Балаң ер емес, ез екен" деп жатса əкесі ашуланбағанда қайтеді

Қазақта: "Ұлың жұлқынып өлсін, қызың тұншығып өлсін" деген сөз (мақал не мəтел екенін білмедім) бар. Мұның мағынасын езу көпіртіп көпке түсіндіріп жатудың керегі жоқ. Айтайын дегенім, ертеректе бір қазақ екінші қазаққа "сенің балаң жуас (бұл жерде ер баланы айтып отырмын) десе" бірі-бірімен жатып кеп төбелеседі екен. Ол кезде ұлының жуас болғанын əкесі тұрмақ, анасы да қаламаған. "Жуас" сөзі "ез" деген сөздің баламасы іспетті болыпты. Ал, əке-шешесі емес, бүтін бір ел азамат болады деп үміт артып отырған ұлын біреу "балаң ер емес, ез екен" деп жатса əкесі ашуланбағанда қайтеді. Өйткені, ол сөздің бір ұшы ер баласын ез етіп тәрбиелеген өзіне тиіп тұр. Зейнеп апамыздың "Бабалар аманаты" деген кітабында: "Қазақ ер баланы ешқашан басынан сипамған. Еңсесі түседі, басын төмен салып жүретін ынжық болып өседі деп арқасынан қаққан. Ер бала арқасынан қаққанда басы жоғары көтеріледі. Алақанның жай ғана соққысынан рухтанып қалады. Ал, қыз баланы керісінше, басынан сипап, еркелеткен. Жүзін төмен салып жүруге үйреткен..." дейді. Міне, тәрбие!
Айтпағым, қазірде жастардың ішінде көп ер балалар өз ойын дұрыс жеткізе алмайды. Жиі өтетін жиындар мен басқосуларда талқыланып жатқан ортақ тақырыпқа өз пікірлерін қоса алмайды. Жоқ, пікірлерінің жаны бар, соны айта алмай бұғып қалады. Сонымен бүгінде "жуас" (мұның момынға (мүмін) қатысы жоқ) сөзі "жақсы адамға" берілетін сипаттамаға ие болды. Мен: ата-аналар ер балаларын басбұзар, бұзақы етіп тəрбиелесін дегім келіп отырған жоқ. Орынсыз пікір айтып, жұрттың берекесін қашыратындардан да Құдай сақтасын! Бабаларымыз ер балалардың кішкене күніндегі тентектігін бірден тиып тастамай, "Есі бар тентек есейе келе ер болады" деп қайта ұл баланың аздап мінезділеу болғанын қалаған...
Ал, бүгінде ше, Сіз не айтасыз?
Қуат Адис
Фейсбуктегі парақшасынан





