Баянауылдағы жартастың атауын "Мыстан кемпірдің басы" деп жазыпты. Оның қазақы атауы - "Кемпіртас"!
Бүгін 1 сынып оқушыларына Президент атынан "Менің Отаным - Қазақстан" кітабы табыс етілді. Мұның бүлдіршіндерді отансүйгіштікке баулитын тамаша тәрбие құралы екені айтылуда.
Құнды дүниені қызықтап, біз де парақтап көрдік ("ҚазАқпараттан" суреттерін беріпті). Тараулары мазмұнды, суреттері тартымды.
42-43 беттер Павлодар облысына арналған екен. Суреттерін қарап отырып, амалсыз қынжылдық. Облыстың бір ерекшелігі Баянауыл көріністері екені дәл табылған. Алайда бір жартастың атауын "Мыстан кемпірдің басы" деп жазған. Оның қазақы атауы - "Кемпіртас"! Шәкен Аймановтың кезінен, тіпті атамзаманнан солай.
Құрастырушылар орысшаға сүйенген бе? Мұнда аудармасы "Скала "Голова Бабы-Яги" деп берілген. Орыстілділердің солай деп ауызша былғап айтып жүргенін естіп едік. "Баянауылдағы атамқазақ қойған атаулар білместіктен қазіргі кезде орыстілді қойыртпақ сөздермен аталуда" деп біраз уақыт бұрын мәселе көтерген едік. Енді сол тасқа басылып, кітапқа айналыпты.
Әттеген-ай!
Нұрбол Жайықбаев
Facebook-тегі парақшасынан