Әрбір үйде сатып алған дипломы сандықта жатқан бір адам бар

Әрбір үйде сатып алған дипломы сандықта жатқан бір адам бар

 Былтыр бір оқу жылында апалы-сіңілілі екі қызбен тұрдым. Үлкені медициналық университетте, кішісі ұлттық ЖОО-ның саясаттану мамандығында оқиды. Әкеден ерте қалған қыздарға шамам келгенше көмектескім келетін. Өз қолыммен пісірген дәмділерімді алдарына тосып, арнайы кестеміз болса да, есепсіз үй жинай салатынмын. Кішісі компотымды, үлкені бауырсағымды жақсы көретін. Екеуі де мемлекеттік грантта оқиды. Стипендия жетпегендіктен, үлкені оқу арасында тырнақ бояп ақша табады. Клиент тарту да кәдімгідей жұмыс, қолы қалт еткенде тырнақ бояудың сан түрлісін үйрететін видео қарап отыратын. Мен оған: «Неге одан да бір емханаға жұмысқа кірмейсің? 5-курста оқисың, бұл деңгейде ассистент болуға болады ғой. Студент күнімде оқу орнындағы және қалалық газеттерде тегін істедім. Соның жемісін қазір жеп жүрмін. Сен болашақта тырнақ бояушы емес, дәрігер боласың ғой», дейтінмін. Алайда ол үшін келешек кәсібінің майталманы болу емес, ақша, күн көріс алдыңғы орында болды. «Мен бітіргенде мемлекеттік ауруханаларда жұмыс істемеймін, айлығы аз. Өзім клиника ашып аламын», дейтін мемлекеттік грантта оқитын ол.
Бір күні қос қыздың кішісі сабаққа күндегіден ерекше дайындалды. Ас бөлмеге шығып, шай қойдым. Ботқаны бұқтырып бола бере үстелге жайғастым. Болашақ саясаттанушы үстелге қарсы ілінген айнаның алдында үсті-басын түзеп тұр екен. «Бүгін бөлекше әдеміленіп кетіпсің ғой, студент емес, оқушы секілдісің», дедім. Ол кең етекті, тізеге түскен белдемшесін айнала көрсетіп: «Ештеңе байқамадыңыз ба?», деп сұрады. Басымды шайқадым. Сонан соң ол етегін түріп, санына айналдыра жапсырылған шпаргалкаларын көрсетті. «О, Құдайым! Қайдан шығарасыңдар осындайды?», дедім таңғалысымды жасырмай. Ол осы тірлігін ерлікке балап, емтиханға жөнелді. Тапсырып келгеннен кейін отырғызып: «АҚШ-тағы бір кейіпкерім туралы мақала жазғанда көзім шалып еді. Америкалық оқушылар мен студенттер шпаргалка пайдалануды намыс көреді екен», деп бастай бергенім сол еді: «қойыңызшы», деді. Оның күлкісінен «өзіңіз пайдаланбағандай сөйлейсіз ғой» дегенді айтпай-ақ ұғуға болатын. «Жеке басым мектепті 9 жыл, колледжді 4 жыл, универді 3 жыл оқыдым. 16 жылдық оқуда талай рет емтихан тапсырдым. Бірақ шпаргалка алып кірген емеспін. Бір рет колледжде ғұрыппаластарымның бәрі қолданғанын көріп, арам ой келді. Сонда мені іштегі «Өзімді-өзім алдаудан кім ұтылады?» деген сұрақ тоқтатты. Сен мұғалімді алдаймын деп ойлайсың, бірақ шын мәнінде өзіңді-өзің алдап тұрсың ғой», дедім. Ол үнсіз қалды.
Ақиқатында жетістікке деген қадам өзіңді білетін адамдай көрсетуден емес, өзіңнің білмейтініңді мойындаудан басталады.

Биыл білім гранттарын бөлетін республикалық комиссияның мүшесі болдым. Ұсыныс түскенде «Бұл маған не береді?» деп ойладым. Тым құрығында табыс табатын да жұмыс емес. Иә, біреулер үшін бедел де болар, бірақ маған тек болашақты бағамдауға болатын мүмкіндік қана еді. «Сен маған жастарыңды көрсет, мен сенің болашағыңды айтып берейін», деген сөз бар емес пе?
Осы орайда білім грантын жеңіп алғандарды құттықтап қояйын. Шынтуайтына келгенде, грантты жеңіп алғандар тым аз, көбісіне тек тағайындалды. Бакалаврға 50 балмен мемлекеттік грантқа түскендер бар, бұл барлық ұпайдың небәрі 36 пайызын құрайды. Оның өзін қалай белгілеп алып шыққанын бір Құдай мен тапсырушының өзі ғана біледі. Магистратурада конкурс мүлде болған жоқ. Ренжімеңіздер. Қуанышпен құттықтау қабылдап жатқандардың көңілін түсіргендей болмайын, бірақ ащы да болса шындығы сол – өлімсіреген балмен жоғары білімнен кейінгі білімге берілген грантты алып жатыр. Әлбетте бакалаврдан соң бірден тапсырғандар 100-ден жоғары жинады. Бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды, бірақ 1 орынға 1 адам ғана үміткер болып тұрған конкурс, конкурс па?.. Магистратураға бөлінген 2 мың 7 жүздің үстіндегі грантты мемлекетке қайтару туралы шешімге дауыс бердік.

Әрине, мемлекет пен ата-ананың көңілі, ойы қазір бірдей болып тұр. «Қалайда грантта, өлгенде ақылы болса да универде оқу керек, басқалай болмайды!» - бізді алға сүйремей отырғаны да осы көзқарас. Келесі жылы тапсырып көру деген кәдімгі трагедия, тіршілік сол жерде тоқтап қалады.
Сенесіз бе, өмірдің өзін сөз етейін, осы уақытша қызметімді естіген таныстарым жан-жақтан хабарласты. Бір ата-ана: «Көрші, мүмкіндік бар ма? Өзінікіне талас көп әрі балл жоғары, әнебір мамандыққа түсе салса да болады. Грантқа оқыса болды», деді. Ол мамандық баласын қызтыра ма? Ертең дипломды қалай қорғайды? Жұмыс істей ме? Ол мағызды емес. Енді бірі: «Біздің бала грант түгілі ақылыға да ілікпей қалды. Мына көрсеткішпен қабылдайтын қандай ЖОО-лар бар?», деп сұрады. Мемлекеттік универлер бір пәннен шекті балл жинай алмағандарды қабылдамайды. Енді жекеге баратыны белгілі. Жақында хабар алдым, миллион бірдеңе төлеп оқытатын болыпты. Және 7 жыл. Біз балаларды мамандық таңдауға, келешек кәсібіне ұмтылуға емес, «мемлекетті алдап оқимын да, дипломы бар адам деген атақ аламын» дейтін идеологияға тәрбиелеп жатқандаймыз. Ал шын мәнінде жастар мемлекетті де емес, өзін-өзі алдап жатыр.

Әрбір үйде сатып алған дипломы сандықта жатқан бір адам бар. Құрылыста, бақшада, базарда жүр. Ең ғажабы – олар жоғары білімді дәлелдейтін қағазымен сондай жерде нан тауып жүргеніне намыстанбайды. Алайда әуел баста «Адам мамандықты күнін көріп, жұмыс істеу үшін оқып алады. Сен әзірден-ақ уақытың мен ақшаңды сарп етпей, керек кәсібіңе қағазсыз бара бер», десең намыстанады.
Бәрі қоғамның өзі ішінен басталады. Мемлекет пен ата-ана шын білім қуғанды қалтасын қағып оқытқанда әрі ең бастысы, өзін-өзі алдамайтын балалар алдыңғы қатарға шыққанда ғана біз дамыған ел боламыз.

facebook.com парақшасынан 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста