Ақымақ ұл әкесінің жағасынан алыптыға саятын замана келбеті қылаң беріп тұр
Қазіргі тв-шоу сипаты - қоғамның қожыраңқы өкілдері шығатын алаңға айналды.
Бұрын ел зиялы қауымнан зерде ұғушы еді. Белгілі ақын-жазушы ағалар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері студияда, эфирден көргенде мың жылғы миуа ағашындай жайқалып, ақылман боп, арқаланып отырушы еді. Біздей тал шыбықтар солардай болуға, ұқсап бағуға талпынушы едік. Жұрт олардың сөзін сөз, өзін ес көретін.
Қазіргі шоуларда ардақтылардан бірлі-жарым қонақ боп қатысқан үлкендердің өзіне есерсоқ, ұрда-жық, жындылау жас балалар беттен алып, төске шауып, сөзге тоқтам бермей, шабалаңдап отырады. Ардақ, Бердақ, т.б. дегендей, анау шоу, мынау шоуға қатысып, "Қалаулым" сияқты шоулардан шығып қалып, шоудың шуы мен шаңын шығарған жастарды "Астарлы ақиқат" секілді салмақтырақ, шоулардың чоңдауларының өзі "қоғам белсендісі" деп таныстырып, төбе билердей төрелік айтпаққа төрлеріне шығаратын болыпты.
Сонда, Руханият қайда қалды!?.. Алаулатып-жалаулатқан "Рухани жаңғырудың" жаңа қыры мен жаңғырығы осындай ұсқында ма еді, әлде. Олай жаңғырудың қадары қанша?!..
Ел руханиятының құлдырамауы үшін не істей аламыз?! Телевизия, БАҚ -- замана айнасы, тәрбие құралы, таным тиегі болса, бірақ, оның жалтыраған бетінде ұлттық салт-санаға сай нышан жойылып бара жатса, көгілдір экранда ұят бетін жаппайтын болса; бұрындары ел ішіндегі біріндеген тентектер аласталатын, жасырын ұсталатын, ал, қазір солар алғы шепке шығып, ел айнасының бетін бермесе, не амал етуге болады?..
...Шырылдап жүрген сүттің қаймақтары да аз емес. Бірақ, оларды сары майдай сақтаудың орнына, қазан түбіндегі қаспақ құрлы көрмей, итке тастағысы келетіндер де көп...
Бетімен кеткен тобырды, бірақ, өздерін озық, тұлға санайтын ессіздерді қандай шыбықпен қайтаруға болады?.. Бүгінгі таңда, ақымақ ұл айбаттанып әкесінің жағасынан алыптыға саятын замана келбеті қылаң беріп тұр. Бұ да бір зауал...
Ақ-Зия Жайлы
Фейсбуктегі парақшасынан