Қазақстанда ғаламторды қанша адам пайдаланады?
Жақында телеарналардың бірінен Қытайда интернет пайдаланушылардың саны 300 миллионға жеткенін естідім. Қазақстанда бұл жағдай қалай екен?
Қайрат Жакин, Қарағанды облысы
Еліміздің ақпараттық технологиялар және телекоммуникация саласын зерттеушілердің айтуынша, Қазақстанда ғаламтор қызметін пайдаланушылар саны жылдан- жылға көбейіп келеді. Мәселен, 2008 жылы интернет аудитория көлемі 2007 жылмен салыстырғанда 14,8 пайызға артып, 2,3 миллион адамды құраған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 30 пайызға жоғарылапты. Тәуелсіз зерттеу компанияларының бірінің 2009 жылдың соңындағы мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда ғаламтор қызметін 3,16 миллион адам пайдаланатын көрінеді. Бұл республика халқының 19, 8 пайызын құрайды. Ал 16 жасқа дейінгі балалар үлесі 12 пайызға тең.