Шетелдік сүт өнімдерінің жарнамасына алдана беруге болмайды
Санат ҚҰРМАНҒАЛИЕВ, экономика ғылымының докторы, академик:
– Санат аға, Қазақстан сүт өндіру жағынан көрші елдерге қарағанда, артта қалып келе жатқаны белгілі. Бұл салада қандай басты кемшіліктерді байқап жүрсіз? Оны шешудің қандай нақты жолдары бар?
– Біріншіден, бізде қандай да болсын шаруашылық кәсіпорындары тек ұсақ тауар шығарумен айналысады. Мәлімет бойынша, осы күні елімізде жалпы 170 мыңнан астам ұсақ шаруашылық бар екен. Олардың 90 пайызы мал өнімдерін шығарумен айналысады. Ал сол өнімдер барлық көрсеткіштер бойынша бәсекеге қабілетті емес. Себебі белгіленген қазақстандық, тіпті халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Мұны сүт шаруашылығына қатысты да айтсам болады. Менің ойымша, осы мәселені шешу үшін, ең алдымен, ірі тауар өндірісіне көшуіміз керек. Бұл бастаманы қолға алмай, ауыл халқы қолда бар ресурстарын толық игере алмайды. Қазір ауылдық жерлерде ветеринарлық жағдай да толық сақталып отырған жоқ. Соңғы жылдары туберкулез, бруцеллез ауруларының асқынып бара жатқаны байқалады. Жеке шаруалар шығаратын сүттің сапасы, майлылығы, тығыздығы, ақуыз құрамы, қышқылдығы жағынан бәсекеге қабілетсіз. Қайталап айтайын, егер ірі тауар өндірісіне көшсек, мәселе оңай шешілер еді. Бүгінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2010-2014 жылдарға арналған ірі сүт фермаларын құру жоспарын әзірлеп қойды. Жоспар бойынша құрылатын әрбір фермада 1000-8000 аралығында ірі қара өсіріледі. Осы фермалар жанынан сүт өндірістері де ашылмақшы. Екінші бір мәселе – Қазақстанға сүт өнімдерінің көбі сырттан, атап айтқанда, көрші Ресей, Қырғызстан, Еуропалық Одаққа кіретін 27 елден импортталады. Себебі бізде сүт өндіру көлемі де азайып кетті. Егер біз 1990 жылы 85 мың тонна май өнімін шығарған болсақ, қазір небәрі 16 мың тонна өндіреміз. Сол жылы 32 мың тонна балмұздақ шығарсақ, қазір оның көлемі – бар-жоғы 8 мың тонна. Айтып кетейін, бізде өндірістің қуаты жеткілікті, тек оны дұрыс пайдаланып отырған жоқпыз. Қазір өндіріс қуатының бар болғаны 27 пайызы ғана қолданылып жатыр. Еуропа елдері сияқты оны пайдалану мүмкіндігін 95-98 пайызға көтеруіміз керек.
– Ал кооператив құру мәселесіне қалай қарайсыз?
– Иә, мұны да мәселені шешудің бір жолы ретінде қарастыруға болады. Ауылдық жерде біреудің малы, жері, біреудің техникасы бар, егер бәрі кооперативке бірігіп, мал-мүлікті ортақ пайдаланып, жұмыс істейтін болса, мал өсіру, сүт өңдеу проблемаларын шеше алатын еді. Мұндай кооперативтерді әр облыста ұйымдастыру қажет. Біздің есептеуіміз бойынша, 2014 жылға дейін елімізде 642 кооператив салуға болады. Оған барлығы 38 миллиард теңгеге жуық қаражат қажет екен. Кооперативтерден кейін шаруалар бірте-бірте кооперацияға да көше алады.
– Қазір бәрі жекеменшік болып кетті ғой. Мүлікті ортақ пайдалануға жеке шаруалар қалай қарар екен? Біреудің малы көп, біреудікі аз дегендей. Осы жағын қалай реттеуге болады?
– Кооператив құрғанда пайлық жарна енгізу керек. Мәселен, кооперативке кірген шаруаларға 150 мың теңгеден жинау қажет болды дейік. Мұндай жағдайда егер біреудің қаржысы жоқ болып қалса, оның жері немесе техникасы теңгеге айналдырылып есептелінеді. Сөйтіп, ол адам да ақша төлеген болып саналады. Басқа мал-мүлік те осылай есепке алынады. Қазір мемлекеттің кооперацияға қатысты бес бағдарламасы бар. Оның бір бағдарламасы бойынша жеке шаруа жеті жылға дейін бес пайызбен несие ала алады. Бұл өте тиімді жол дер едім. Жеке шаруа иелері осы заңды пайдалануы керек. Міне, көрдіңіз бе, несие жағы да оңай шешіліп жатыр. Әрине, ауыл халқы кооперация құруға бірден бел шешіп кірісіп кетеді деу қиын. Сондықтан да бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Экономика және ауыл шаруашылығы кешені институтын жеке шаруаларға аталған бағдарламаға қатысты дәріс оқуға міндеттеп жатыр. Лекция барысында мамандар оларға кооперация дегеніміз не, оның қандай пайдасы бар, бизнес жоспарын қалай жасауға болады, несиені қалай алуға болады, субсидия мәселесін қалай шешу керек деген сияқты сауалдарға түсінік береді. Қазір мұндай оқу орындары Шымкент және Алматы облысына қарасты Үшқоңыр елді мекенінде орналасқан. Бір жылдың ішінде бұл орталықтан жүздеген адам дәріс алып шықты. Менің ойымша, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасы министрліктен бастап қарапайым ауыл тұрғынына дейін бірдей түсінікті болуы керек. Міне, осындай жағдайда ғана біз нақты әрекеттерге бара аламыз.
– Біраз уақыт бұрын ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев сиыр тұқымын асылдандыру керек деп айтқан болатын, бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
– Алдымен мынаны айтқым келіп отыр, бізде соңғы жылдары мал саны күрт азайып кетті. 1990 жылы елімізде жалпы 9 миллион 597 сиыр болса, қазір 5 миллион 900 сиыр қалды. Сол жылы 35 миллион қой-ешкі болса, қазір 16 миллионға әзер жетеді. Әрине, бүгінде малдың санын емес, сапасын арттыру басты мақсат болып отыр. Еуропа елдерінде бір сиыр жылына 8-15 мың тонна сүт береді. Ал біз бір сиырдан небәрі 2100 келі сүт аламыз. Салыстырып көріңіз. Сондықтан сүтті сиыр ұстауға көңіл бөлу қажет. Он сиыр ұстағаннан гөрі, соларға татитын бір сүтті сиыр ұстаған анағұрлым пайдалы. Шарт бойынша, бір табында 40 пайызға жуық сүтті сиырлар болуы керек екен. Басқа елдерде осындай. Ал енді сіздің сұрағыңызға келер болсам, шетелдерден сүтті сиырларды алдыру үшін қазір мемлекет қомақты қаражат бөліп отыр. Осыған дейін Канада және басқа да елдерден жүздеген сүтті сиыр сатып алдық. Неге біз басқа елдердің сиырларын сатып алуға мұқтаж болып отырмыз? Себебі біздің ғылыми-зерттеу институттарымыз сүтті сиыр алу, өсіру мәселесімен шұғылданып жатқан жоқ. Қолда да сүтті сиырлар аз. Мемлекет ірі қара өсіруге ерекше назар аударып отыр. Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында 800-1000, Астана қаласының маңында 1000-ға тарта ірі қара ұстайтын сүт тауар кешені салынды.
– Әңгімемізді сәл өзгертсек, мамандар малдың шикізатын кешенді түрде пайдалану қажет деген пікірлер айтып жүр. Осы жағын ашып айтып кетіңізші. Оның қаншалықты тиімділігі бар?
– Бұл пікірдің жаны бар. Мәселен, біз ірі қара сойған кезде оның қанын далаға төгеміз. Ал қанды жинайтын болсақ, әйел мен балаға қажетті гемотоген жасауымызға болады. Егер эндокринді ферменттерді жинасақ, медициналық препараттар әзірлей аламыз. Қазір ауру адам ауруханаға барса, оны қабылдамайды. Неге? Себебі оған операция жасайтын медициналық жіп тапшы. Ал біз малдың ішегін жинап, одан операциялық жіп дайындайтын зауыт сала аламыз. Бүгінде малдың терілері де шетел асып, Қытай, Италия, Германия, Түркия сынды елдерге кетіп жатыр. Малдың сүйектерінен неше түрлі бұйымдар, тіпті тамақ қоспаларын әзірлеуге болады. Шұжық шығаратын зауыттар, шұжықтың сыртындағы жабындысын шетелден сатып алады. Ал біз оны өзіміз ішектен дайындауымызға болады. Біз сүттен қалған сарысуды да сыртқа төгеміз. Ал майлылығы алынған сүтке түрлі компоненттер қосып, бұзауға берсек, олар жақсы өседі. Еуропалық елдер бұзауларды осылай қоректендіреді. Қазір бізге осы айтылған заттардың барлығы өзге елдерден келеді. Әрине, айтылған мәселелерді бір күнде шеше алмаймыз. Менің ойымша, оны қолға алу үшін жеке шаруаларға жағдай жасауымыз керек.
– Балмұздақ туралы сөз қозғалса, Италияның Рим немесе Түркияның Мараш қаласы еске түседі. Біз сүт өнімімен атымызды әлемге таныта аламыз ба?
– Ірімшік, қаймақ, сыр, май басқа да тауарларымызды әлемге таныта аламыз. Бұл біздің брендіміз бола алады. Оған мүмкіндігіміз де жетеді.
– Медицина мамандарының сөзіне қарағанда, халқымыз сүтті, жалпы, сүт өнімдерін қажетті мөлшерде пайдаланбайды, соның салдарынан түрлі ауруларға душар болуда. Мәселені шешу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Біріншіден, сүт кәсіпорындарының жанынан балаларға арналған сүт асханаларын ашу керек. Екіншіден, балалар мен қарттарға арналған арнайы сапалы сүт дайындау керек. Оған міндетті түрде мемлекеттің көмегі керек. Үшіншіден, өнімдеріміздің мықты екенін көрсететін жарнама қажет. Осы жерде айтқым келгені – шетелдік өнімдердің жарнамасына алдана беруге болмайды. Олардың жарнамасы өнім сапасына сәйкес келе бермейді. Ал мұны халық әлі түсінбей жатыр.
– Жеке шаруа демекші, сауда орындарында ешқандай тазартудан, тексеруден өтпеген сүт, сүт өнімдері қаптап тұр. Оларды қалай жоюға болады?
– Біріншіден, жоғарыда айтқандай кооператив, кооперациялар құру керек. Екінші жолы, статистикалық басқарманың көмегімен осы шикізаттың есебін дұрыстау керек. Олар сүттің қайдан келгенін және қаншасының нарыққа түсіп жатқанын бақылап отырғаны жөн. Себебі бүгінгі күні біздің қолымызға осы туралы түсіп отырған ақпараттардың көбі жарамсыз. Мәселен, бізге түсетін ақпараттарда 5 миллион 900 тонна сүт сатып алынғаны туралы жазылады дейік. Бірақ оны сыр, май, ірімшік, басқа да сүт өнімдеріне айналдырып есептегенде, бар болғаны 2 миллион тонна сүт жұмсалғаны анықталады. Қалған сүт қайда? Ауыл тұрғындарының осыншама сүтті ішіп қоюы мүмкін емес қой. Демек, бұл жерде санақ дұрыс жүргізілмейді немесе кәсіпорындар салық төлеуден жалтарып, нақты есепті көрсеткісі келмейді. Қазақстан 2 миллион тонна сүтті шетелден экспорттайды. Менің түсінбейтінім – өзімізде сүт жеткілікті болса да, өзге елдерден қосымша сатып алып отырмыз. Ал егер сүтті шетелден алсақ, бізде сүт жетіспейді деген сөз бе? Көрдіңіз бе, мәселе санақта. Бізде нарыққа түспейтін сүттің қай жаққа кетіп жатқанын анықтап беретін мамандар жеткілікті. Оларды тек іске тарту керек.
– Ал ауыл шаруашылығы мамандарына тоқталсақ. Бұл салада мамандар жеткілікті ме?
– Жеткілікті. Қазақстанда технолог, механик, тоңазытқыш саласының инженерлерін дайындап шығаратын жоғары оқу орындары бар. Мұндай жоғары оқу орындары Астана және Алматыда орналасқан. Менің ойымша, осы мамандықты оқытып шығатын қосымша кәсіби техникалық училищелер желісін құру керек.
– Мәселен, кейбір мамандар тазалық үшін әрбір қойдың құжаты болуы керек деп есептейді. Бәлкім, сиырға да құжат әзірлеу керек шығар?
– Жоқ, керек емес. Шаруа өз малын қалай пайдаланатынын тек өзі ғана біледі. Егер менде 100 сиыр болатын болса, әрқайсысына құжат дайындап жүремін бе? Мен бұл пікірге қосылмаймын.
Алашқа айтар датым...
Қазақстан, Ресей және Белоруссия арасындағы ортақ Кедендік одақтың үлкен маңызы бар. Біз осы елдердің заманауи техникаларын сатып алып, кадрларын тартып, көптеген өндіріс орындарын ашуымыз керек. Осы орайда Белоруссиямен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Олар бізге құрал-жабдық, өңдеу технологияларын, малдарын алып келіп, фермалар құрып беретін болады. Бірақ бір қауіп бар. Бұл елдерден келетін арзан өнімдердің кесірінен біздегі кәсіпорындардың көбі жабылып қалуы мүмкін. Менің айтарым нақты бәсекеге түсетін уақыт келе жатыр. Сондықтан кәсіпкерлеріміз әрі сапалы, әрі арзан өнім шығаратын технологиялардың бар мүмкіндігін осы күннен бастап меңгергені жөн.