365 талапкер ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды
Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеудің алтыншы аптасы аяқталды. ҰБТ басталғаннан бері 267 мың ретке жуық тест тапсырылды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Zakon.kz"-ке сілтеме жасап.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, талапкерлердің 76%-ы қазақ тілінде, 24%-ы орыс тілінде, 292 рет ағылшын тілінде тестілеуден өткен.
Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін 273 адам аудиториядан шығарылып, олардың нәтижесі жойылған. Бөгде адамдар анықталмаған.
"ҰБТ-ның аяқталуына бірнеше күн қалды. Осы аптада біз грант тізімін жарияладық. Гранттардың басым бөлігі "Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары"білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 18 744 грантты құрайды. Ал "Педагогикалық ғылымдарға" – 12 560 грант, "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" саласына – 10 103 грант, "Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика" бағытына – 7 388 грант тиесілі. Сондай-ақ, "Серпін" бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген. Жалпы, бакалавриатқа түсу үшін 2023-2024 оқу жылында 73 мыңға жуық грант бөлінді", – деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Айта кетейік, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында алты аптаның ішінде олар 719 рет ҰБТ-ға қатысты. Бүгінгі таңда 365 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды.
Сурет: Ұлттық тестілеу орталығы
2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.