Астана – көшпелілер өркениетінің айнасы
«ХХІ ғасыр ғажабы» саналған елорда мерекесі қарсаңында дәстүрге айналған шараның бірі – «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениеті фестивалі. Алғаш рет бас қаланың 10 жылдығында 2008 жылы ұйымдастырылған көшпелілер өркениетінен сыр шертетін фестиваль халықтың үлкен қызығушылығына ие болып, мереке күндері мыңдаған тұрғындар жиналатын алаңға айналған еді. Кеше осы игі дәстүр жалғасын тауып, фестиваль шымылдығы ашылды.
«Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» – фестиваль түрінде өткізілетін көшпелілер өркениетіне арналған әлемдегі бірден-бір іс-шара. Ерекшелігі – көшпелілер өркениетінің айырмашылығын қамтитын шара қала мен дала мәдениеті, кешегі мен бүгінгі сынды қарама-қайшылықтар бірлігін үйлестіруді мұрат етеді. Сондықтан да фестиваль ауқымы көшпелілер өркениетінің тарихи құндылығын көрсетіп қана қоймай, заманауи Қазақстанның, әсіресе оның жас елордасы – Астананың өмір салтына, сән үрдістеріне, сәулет өнеріне өзекті әсер етпекші.
Тоқтала кететін тағы бір жайт, көпшілік тарихшылар көшпелілер мен отырықшы жұртшылық арасында ешқандай қақтығыс болмағанынан дәлелдер келтіріп, осындай пікірді ұстанады. Олай болатын себебін «көшпелілер өркениеті – көшпелі және отырықшы мәдениеттердің үйлесімі» деп түсіндіреді. Бұған дау да жоқ. Ал түпкі тамыры көшпелілікпен тарамданған дара халқымыз үшін мыңжылдықтарға сапар шектіретін фестивальға қызығушылығы ерекше болары да сондықтан деп білеміз. Биыл бесінші мәрте жұртшылыққа жол тартатын жобаның ұстыны да айрықша. Жылдағыдай фестиваль өткізілетін орындарда шатырлы дала қалашығы бой көтергенімен, былтырғы жылдардағы секілді қамал немесе басқа да қала мәдениетіне тән белгілер құрылмаған. Керісінше жоба көшпелілер қаласының ерекшеліктерін паш етуге тырысады.
Ерекшеліктің тағы бірі көшпелілер өркениеті фестивалінде көрермендер назарына алғаш рет «Көшпелі-жылқы өркениеті» ландшафты көрінісі ұсынылады. Экспозицияда Қазақстандағы жылқы шаруашылығының дамуынан мәлімет беретін мұражайлардан алынған үзеңгі, тебінгі және т.б. ат әбзелдері ұсынылады. Фестиваль барысында «Тас адамының жымиюы» балбал тастар аллеясын ұйымдастыру да жоспарланған. Әрбір балбал тас – Ұлы даланың жәдігерлері табылған әр аймақтардан алынған түпнұсқаның дәлме-дәл көшірмесі.
Айтпақшы, фестиваль тағы бір дәстүрге айналып үлгерген жобалардың бірі – «Астана-арқау» жобасымен жолдары түйіседі. Сөйтіп, мереке күндері «Астана-арқау» жобасының қатысушылары көшпелілер өркениеті фестивалінің сахнасында да, жұртшылық алдында өнер көрсетпек. Ал көшпелі қаланың көшелерінде қатысушы елдердің мәдени әр алуандығын тамашалауға болады. Соның ішінде мылтықшы, тоқымашы, аңшы, зергерлердің киіз үйлері орнатылады. Осы жерде қымыз өндірушілердің кішігірім байқауы өтеді. Олар қымызды баптаудың тәсілдерімен бөлісіп қана қоймай, қонақтарға сусыннан дәм татқызады. Шара аясында түркі әлемінің музыкасында ерекше орын берілген. Қазақтың дәстүрлі әндері, түркі халықтарының дәстүрлі әуендері (сыбызғы, дабыл, домбыра және т.б.). Сондай-ақ жұмбақ айтыс, қайым айтыс және басқа да айтыс өнерінің түрлерінен сайыстар өткізіледі. Жылқының құлағында ойнайтын серілердің «Ат жалында» шоуы фестивальдің ең қызықты шараларының бірі болмақ.