Зілзала қаупі алаңдатады
Кеше Алматыда «Жетісу-2009» халықаралық сейсмикалық оқу-жаттығу шараларының дайындығына арналған үш күндік конференция басталды. Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі мен зілзалаға шұғыл әрекет ету жөніндегі Еуро-Атлантика үйлестіру орталығының бірлесуімен ұйымдастырылған оқу-жаттығу жұмыстары биылғы қыркүйек айына жоспарланған. Бұрын тек батыс елдерінде ғана өткізілген мұндай шара Орталық Азияда алғаш рет өтпек. Дайындық жобасын іске асыруға Төтенше жағдайлар министрлігінің Алматы облысындағы оқу полигоны таңдап алынды.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан мәлімет бойынша, соңғы 150 жылда Алматының өзінде жойқын зілзала үш рет тіркелген. Бұдан бөлек 1889 жылы Шелек, 1911 жылы Кемен аудандарында, 1990 жылы Зайсанда, 1993 жылы Сусамырда, он жылдан соң Жамбыл облысының Луговой ауданында болғаны белгілі. Еліміздің жеті облысы және оңтүстік астанамыз – Алматы қаласы сейсмикалық қауіпті аймақтарда орналасқан. Жер сілкінісі қаупі соңғы кездері күшейіп келеді. Еуропадағы елдерді айтпағанда, іргедегі Қырғызстан апаттан көз ашпай келеді. Экономикалық дамудың қазіргі жетістіктері зілзала әкелетін оқыс шығынның орасан болатынын көрсетіп отыр. Сол себепті оның алдын алу мен апаттан мейлінше аз шығындану жолдарын қарастыру – ең өзекті мәселе. Жергілікті мамандар сейсмикалық қаупі басым Алматы өңірінде биылғы жартыжылдық ішінде MSK шкаласы бойынша 7 балдан жоғары жерасты дүмпуі болмайтынын айтып отыр. Бірақ мұны үзілді-кесілді болжам деуге сейсмологтардың өзі кепілдік бере алмайды. Өйткені апаттың бұл түрі табиғаттағы құбылыстарға тәуелді.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Юрий Ильиннің айтуынша, жер сілкінісінен сақтануға арналған конференция әлемдік деңгейде өтіп жатыр. Халықаралық құтқару бөлімшелерін жойқын зілзала зардаптарын жоюға дайындауды көздейтін басқосуға 23 мемлекеттен 70-ке жуық маман қатысуда.