Қазақ жері кең-байтақ дейміз. Осылайша мақтануға әуеспіз. Оны жөн-ақ делік. Ұлан-ғайыр даланың барлығы түгін тартсаң, майы шығатын құнарлы емес. Аттылы адамға айшылық алыс жол болатын жерімізде шұрайлы, жартылай шөлейт және шөлді аймақтарды кездестіре аласың. Алайда егін-терімге қолайлы өңірлерде ауыл шаруашылығы саласын қалай дамытып отырмыз? Оның ішінде жеміс-жидек өсіру жайы қалай? Таразыға тартқан адамға бұл сауалдың жауабын табу ешқандай қиынға соға қоймайды. Күзгі мезгілде ағыл-тегіл жиналған өнімнен молынан ауыз тиіп жатамыз. Ал одан кейін еріксіз сыртқа көз тігуге мәжбүр боламыз. Бұл – күнделікті көзіміз көріп жүрген жағдай. Ауыл шаруашылығы бір ғана бидай өсіруден тұрмайды. Өкінішке қарай, қалған дақылдардың жиналу деңгейі бұл мәселеге түбегейлі бетбұрыс жасауды қажет етіп отыр. Жүзім және жеміс-жидек шаруашылығына да салғырт қарамауымыз керек.
Қазір базарға барсаңыз, елдің жеңсік асы саналатын жүзім, өрік, шие, алмұрт, алма, шабдалы секілді жеміс өнімдерінің бағасынан бас айналады. Тіпті олардың кейбірі сөреден мүлдем кездеспейді. Қыстың көзі қырауда жүзімнің бір келісіне қалтаңнан 800-1000 теңге шығын етуге тура келеді. Қалғаны да асау аттай жалына қол тигізбей тұрғаны тағы бар. Алыпсатар қалтасының қалың болғанына мәз. Есесіне қарапайым халық одан зиян шегіп отыр. Шындығын айтқанда, екінің бірінің жеміс-жидекті күнделікті тұтынуға шамасы келе бермейді. Тіпті оларды айына тұтына алмайтын жұрттың қарасы біраз. Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орында тұрақ тапқан Қазақстан үшін бұл өнімдерді сырттан тасымалдауы қалай болады?
Мамандардың айтуынша, қыс айларында жеміс-жидек, негізінен, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерден келеді екен. Тұрмыстық ахуалы бізден көш төмен өзбек пен қырғыз шаруалары қара жерден осылайша несібе теріп, тіршілігін қамсыз жасап жүрген жағдайы бар. Шындығын айтқанда, кезінде бізде де жеміс-жидек көлемі қазіргіден біршама артық болды. Алайда 90-шы жылдардан кейін солардың көбісі құрып кетті. Оған ешкім мән бере қойған жоқ. Жекенің қолына өтіп, кезінде қаншама адамның еңбегі жұмсалған алқаптар талан-таражға ұшырады. Нәтижесінде біз еріксіз өзгенің қолына қарайтын тәуелді күйге түстік. Бүгінгі күні қай өңірде қанша көлемде жеміс-жидек өсіп жатқанын ешкім де дөп басып айта алмайды. Кезінде осы бағытта тиянақты тірлік жасаған шаруашылықтар шаңырағы ортасына түсті. Түрлі жағдайларға байланысты жеке бағбандар да есік алдындағы көгеріс көлемін кемітті. Айналып келгенде, бұл жеміс өнімін жинауды мүлдем төмендетіп жіберді.
Қазақстанда қазір қанша көлемде жеміс ағаштары бар, одан қаншалықты өнім жинап жүрміз? Бұл тақырыпта зерттеу жүргізіп көргенбіз. Өкінішке қарай, қолымызға тұщымды дерек тие қойған жоқ. Ашығын айтқанда, жеміс шаруашылығы бізде мүлдем ұмыт қалып бара жатқан секілді. 90-шы жылдарға дейін елімізде бұл бағытта еңбек еткен арнайы шаруашылықтар болғанын білеміз. Одан бергі жағдай қалың қауымның назарынан тыс қалып тұр.
Дәулет ИБРАГИМОВ, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:
– Біздің Сыр өңірінде аталмыш жұмыстарға маманданған арнайы шаруашылықтар болды. Олардың қатарында Жаңақорған ауданындағы «Юбилейный», «Алмалық», Шиелі ауданындағы «Алмалы» ауылдары бар. Дегенмен қазір бұл елді мекендерде сол бақтардың орны да қалмаған. Жалпы алғанда, жеміс ағаштары 40-50 жылға дейін жеміс береді. Ал жаңағы ауылдарда сол ағаштар аяусыз оталып кетті. Оған ешкім де мән бермеді. Соның салдарынан күнделікті ішіп-жемге қажетті жеміс-жидек түрлерін өзге елдерден тасымалдап жүрміз. Әзірге мұндай шаруашылықтарды қайта қалпына келтіруге ешкім назар аударып отырған жоқ.
Біз қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмай жүрміз. Біріншіден, бізде жеміс ағаштарына қажетті алқаптар жетіп-артылады. Екіншіден, бұл ағаштар суды өте көп қажет ете бермейді. Үшіншіден, елдің арасында жасыл желектің бабын білетін бағбандар жетерлік. Төртіншден, бұл бағытта ғалымдар шығарған жаңа сорттар көп. Ендеше, осындай мүмкіндік көзін неге тиімді пайдаланбаймыз? Бәлкім, арқа терлетіп еңбек етуден қашып жүрміз бе? Болмаса өзбек пен қырғыздар секілді жер тоңы жібісімен бау-бақшалықты баптай білмейміз бе?
Әлемде Түркия мемлекеті жеміс-жидек өндіруден алдына жан салмай отыр. Мына дерекке көз салыңыз, түбі бір түрік бауырлар өрік пен шиені шетелге шығарудан бірінші келеді екен. Осыдан екі жыл бұрын ол елде 695 мың тонна өрік, 418 мың тонна шие алыс-жақындағы ағайынға жол тартыпты. Сондай-ақ осы өнімдерді экспорттау жөнінен Иран, Италия, Испания, Алжир, Пәкістан секілді мемлекеттер алдыңғы қатарда келеді. Өрік өнімін жинаудан ала тақиялы өз-ағалар алғашқы үштікте болса, шие жинаудан бірінші ондыққа табан тіреген. Өзбектер қара жердің қадірін біледі. Олар ауыл шаруашылығы саласын да табыстың көзіне айналдырған. Ал біздер түрлі сылтау айтуға әуеспіз. Бабын білсең, жер де жомарт емес пе?! Өкініштісі, көршінің еккен жеміс-жидегін қымбат бағасына сатып алудан әріге аса алмай жүрміз.
Қазақстанда жеміс-жидек негізінен оңтүстік өңірлерде өсіріледі. Оның ішінде Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары оларды өсіруге өте қолайлы. Өкінішке қарай, осындай мүмкіндік бола тұрып, аталмыш облыстар да жеміс-жидекті сырттан тасымалдайтын күйге жеткен.
Жеміс-жидекті неге сырттан тасымалдаймыз?
Последние статьи автора