Дәстүрлі бизнесте әрбір тауар зауыттан шыққаннан кейін тұтынушыға жеткенше ортада көптеген сауда делдалы арқылы өтеді.
Олар бас дистрибьютер, аймақтық дистрибьютер, көтерме саудагерлер және дүкен иелері.
Осындай делдалдардан өткен тауардың бағасы 20 пайыздан 80 пайызға дейін қымбаттайды. Бірақ тауарды өндірушінің зауыттан тікелей тұтынушыға делдалсыз жеткізу мүмкіндігі бар.
Осындай жүйені «нетворк маркетинг» деп атайды. Бұл кәсіптің жаңа түрі емес. Оған 60 жылдан астам уақыт болды. Бүгінгі күні көптеген танымал брендтер өз тауарларын осы жолмен ұсынады. Себебі бұл жолмен сату жүйесінде шығын көлемі өте аз болады. Мысалы, кез келген шетелдің брендтік әшекей бұйымдарын сататын болсаңыз, төмендегідей шығындарға жолығасыз. Сіздің өзіңіздің қымбат әшекей бұйымдарыңызды орталық базар төңірегіне сата алмасыңыз белгілі. Сондықтан өз тауарыңызды үлкен сауда орталықтары мен арнайы жасақталған дүкендерде сатуыңызға тура келеді. Ол жердегі шығындардың барлығы міндетті және максималды шығындар екенін ұмытпаңыз. Лицензия, сертификат, кеңсені жалға алу, сатушының жалақысы, күзет, камера, тасымал, қойма, коммуналдық төлемдер, сатушының жалақысы, жарнама... Осындай шығындарды тізе берсек, күнұзаққа отыратынымыз белгілі. Енді осы шығын көлеміне тауарға кеткен ақшаны қосыңыз. Бұл шығындардың міндетті болатын себебі, сіз егер бір айда бір алтыныңыз өтпесе, дүкен иесіне тауарыңыздың өтпей жатқанын және жалға алу сомасын келесі айда төлеймін деп айта аласыз ба? Айта алмайсыз(!) Ал сатушыңызға алтын өткен кезде айлық төлеймін, қалған уақытта ақша бере алмаймын деп тағы айтпасыңыз түсінікті. Жарнама – өз алдына жеке мәселе. Сондықтан көптеген компания жоғарыдағы максималды және міндетті шығындарды төлегісі келмейді. Одан да өзі тауар алып, аталған компанияның тауарларының өтуіне септігін тигізіп, дистрибьютердің, жарнаманың, тасымалдаушының қызметін бір мезетте атқаратын адамдарға төлегісі келеді. Бұл әрі тиімді, әрі жылдам. Ал тауарыңыз қоймаларда сіресіп тұрмайды.
Бүгінгі қоғамның ең тиімді құралы интернет екені белгілі. Сондықтан көптеген алдыңғы қатарлы компания осы интернет мүмкіндіктерін толықтай пайдаланғысы келеді. Оның да астарына үңілген адамға өзіндік себептері бар. Егер сіз тауарыңызды интернет арқылы сататын болсаңыз, жоғарыдағы максималды және міндетті шығындар мүлде қажет болмайды. Сөзіміз түсінікті болу үшін мынадай мысалға көз жүгіртейік, сіздің ғаламторда бес дүкеніңіз бар делік: ұялы телефон, компьютер, үй жиһазы, тұрмыстық техника, ыдыс-аяқ... Осы дүкендерге сіз өз тауарларыңыздың бейнесін орналастырдыңыз. Ал енді санап көріңіз. Ғаламторға виртуалды дүкен орналастыру үшін сізге орынды жалға алудың, сатушы мен күзет ұстаудың, ірі көлемдегі қойма алудың, тасымал үшін ақша төлеудің қажеттілігі бар ма? Жоқ, әрине. Сізге бар қажеттісі – өз мамандығын жетік меңгерген программист. Қалған ақшаның барлығы қалтаңызда қалады. Бірақ сізге мұндай дүкен ашу үшін ғаламдық биржада міндетті түрде активіңіз болуы керек. Себебі тұтынушыдан алдын ала алған ақшаңызды тауар өндірушіге бергенше орта жолда бірнеше айналымға салып, өзіңіздің жеткізуші қызметіңізге кеткен қаржыны өтеп алуыңыз керек болады. Сонда тұтынушы да, өндіруші де, жеткізуші де ұтылмайды. Міне, экономиканың осындай қарапайым қағидаларын білмейтіндер бұл жүйені ақылға сыйымсыз көреді. Бәсекеде бір-бірінен басып озуға дайын тұрған мына заманда мұндай жолды қолдану өте тиімді. Тек ұтымды бизнес сапалы тауар өндіретін серіктесіңіз болса болғаны. Электрондық коммерция желісі немесе виртуалды экономика ұғымы – осы.
Желілік маркетинг пе, әлде қаржы пирамидасы ма?
Әрі қарай көпшіліктің көкейіндегі желілік маркетингте табыс жоқ деген пікірін талдап көрейік. Орталықазиялық елдерде желілік маркетинг атты индустрия түріне ел-жұрт үрке қарайды. Оның бірнеше себебі де бар. Біріншіден, көп адамдар сауданың бұл түрінде табыс жоқ деп есептейді, екіншіден, онда сапалы тауар болмайды деп санайды, үшіншіден, мұндай сауда түрін қаржылық пирамидалармен шатастырады. Енді осы қалыптасқан ұстанымдарды жеке-жеке талдап көрелік.
«Желілік маркетингте ақша жоқ» деген ұғымды алайық. Статистикалық деректерге сүйенсек, қыз балалардың 95 пайызы 12 жастан бастап косметиканы тұрақты колданады екен. Опа-далап, сүрме, содан кейін иіссу. Осы бұйым түрлерінің барлығы қазіргі таңда желілік маркетинг өнімдері екеніне ешкім қарсылық білдіре алмайды. Ол компаниялардың атын атап, тегін жарнама жасамай-ақ қояйық. 2010 жылғы деректерге қарасақ, Қазақстан халқының 8 миллионнан астамын әйелдер құраса, осы көпшіліктің 4,5 миллионы косметика пайдаланады. Енді осы мәліметтерді қарапайым арифметикалық есепке салып көрейік. Бір айда орта есеппен әр адам 5000 тг көлемінде косметика қолданады екен. Біз тек қана әйелдер туралы айтып отырмыз.
4.5 млн * 5000 теңге = 22 млрд 500 млн тг бір айда кететін ақша.
22 млрд 500 млн тг * 12 ай = 270 млрд тг бір жылда кететін ақша.
Енді бұған түрлі косметика қолданатын ерлер санын қосыңыз. Көрдіңіз бе, қанша ақша кетіп жатқанын? Жылына шамамен 270 млрд теңгеге тауар айналым жасайтын желілік маркетинг қызметкерлеріне төлейтін 10-15 мың теңге үшін сапасыз тауар ұсынып, адамды алдап, заңсыз жұмыс жасап, өзінің абырой-беделін таразыға салмасы анық.
Адамдардың көп бөлігі сапалы тауар тұтынғысы келеді; арзан дүниеден қашпайды; өзі үшін алған тауарының есебінен қосымша пайда көруге де қарсылығы жоқ. Осындай ерекшеліктер адамды желілік маркетингке итермелейді. Бірақ көпшілігі классикалық қаржы пирамидасына ұрынып қалып жатады. Бұл екеуінің айырмашылығы жер мен көктей десек, артық айтқандық емес. Осы мәселенің дұрыс-бұрыстығына сау ақылмен зейін салып көрейік.
Алдымен «қаржы пирамидасының сипаты қандай?» деген сұраққа жауап іздесек. Белгілі бір компанияның немесе фирманың тауарының сапасына қатысты ұсыныс білдіру пирамида талабына жатпайды. Экономист ғалымдардың пікірлеріне сүйенер болсақ, қаржы пирамидасының жұмысы заңсыз, сапалы тауары мүлде жоқ, арнайы оқытулар өткізілмейтін, тек қана ақша айналымынан тұратын жүйені айтады. Онда қандай әрекет арқылы ақша табуға болатынына ешкім кепілдік алмайды. Одан бөлек, өзінен кейінгі адамдардың табыс табуы маңызды емес. Қаржы пирамидасы қалыптасқан 7 мен 21 кезең аралығында жұмыс жасайды. Егер сызба түрінде көрсетер болсақ, төмендегідей болады.
Көріп отырғандай, жоғарыда тұрған адам үшін төмендегі адамдардың табыс табуы маңызды емес. Ал желілік маркетингте өзінен кейінгі адамдар табыс таппаса, жоғары тұрған адамның да пайдасы тоқтайды.
Бұл жерде төменгі топтың табысы болмаса, жоғарғы топ өкілдері мүлде табыс таппайтынын ескеру керек. Ал қаржы пирамидасында кейінгі келген адамдардың табыс табуы маңызды емес. Өйткені олар жоғарғы топқа жеткен кезде қомақты қаражатпен бастайтын келесі пирамида күтіп тұрады. Осылай шексіз кете береді.
Ал енді желілік маркетингте тек жоғарғы топ қана қомақты ақшаға кенеледі деген қате қағиданы сызба түрінде түсіндірейік.
Жоғарыдағы мысалдарды ескере отырып, сызба түріндегі дүниенің барлығын қаржылық пирамида немесе желілік маркетинг қатарына жатқыза беруге болмайды. Әрине, әркімнің өз таңдауы бар екенін ұмытпаған абзал. Сондықтан қоғамдағы дұрыс пен бұрыстың аражігін ажыратып, айтар пікірімізді салмақтай алсақ жөн болар.