Желді қашан елдің игілігіне жаратамыз?
Қазақтың кең-байтақ даласында не жоқ дейсіз? Бәрі бар. Сұлтанмахмұт Торайғыров айтпақшы, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтана айтуға тұрарлық дүние жетерлік. Құдайға шүкір, әлемнің кейбір мемлекеттері секілді жылдың төрт мезгіліне жарымай отырған жоқпыз. Қаһарлы қысымыз да, кейде өктем келетін көктеміміз де, жайдары жазымыз да, күрең күзіміз де бар. Жайма-шуақ ауа райымен қатар, долданған боранымыз да, азынаған желіміз де бар. Жел дегеннен шығады, әлемде желдің игілігін көріп отырған елдер де бар. Ал біз ше? Қазақ қашан азынаған желді кәдеге жаратады?
Еліміздің 45 өңірінде жел электрстансыларының құрылысы салынады-мыс. Қашан?
Бүгінде дәстүрлі энергетикалық қуат көздеріне тиімді балама табу бүкіл әлем жұртшылығын толғандырып отыр. Жұмыр жерді мекендейтін 7 миллиард адамның күннен-күнге өсіп бара жатқан энергетикалық сұранысын қанағаттандыру планетамыздың болашақтағы ең бір өзекті мәселесіне айналып бара жатыр. Сондықтан қазіргі таңда әр мемлекеттің балама қуат көздерін табу жолында өздерінше қам-қарекет етіп жатқан жайы бар. Балама қуат көздерінің түрі көп. Соның бірі – жел энергиясы. Бүгінде әлемдегі бірқатар мемлекеттер желді елдің игілігіне жарату ісіне белсене кірісіп те кетті. Қазіргі уақытта жекелеген елдерде жел энергетикасының қуаты елдегі бүкіл электр энергиясына деген сұраныстың бестен бір бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, Испания мен Дания мемлекеттерінде жел генераторлары барлық тұтынатын электр қуатының 20 пайызын, ал Германияда 10 пайызын құрайды. Соңғы кезде жел энергетикасын дамыту бағдарында Қытай тұрақты түрде көшбасшы болып келеді. 2011 жылы әлемде орнатылған жаңа жел генераторларының жартысына жуығы Аспанасты елінің үлесіне тиді. Дегенмен жан басына шаққанда жел генераторы арқылы электр қуатын өндіруде Дания, Испания, Германия сияқты Еуропалық одақтың мемлекеттері алдына ел салмай тұр.
Ал енді аумағына бір емес, бес Франция сыйып кететін, Атырау мен Алтайдың арасын еркін жайлаған кең-байтақ еліміз бұл тарапта не атқарып жатыр? Бұл ретте біздің мемлекет те қол қусырып қарап отырмаған сыңайлы. Білікті мамандардың сөзіне сенсек, Қазақстанның жел энергиясының қуаты ешбір елден асып түспесе, кем емес. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің соңғы деректері бойынша инвесторлар тарапынан «жасыл энергия» қуатын 2000 МВт-ға жеткізу үшін бірнеше жобаны іске асыру қолға алынған. Мәселен, Корея компаниясының қатысуымен Маңғыстау және Алматы облыстарында жел паркі құрылыстарын салу жоспарланған. Атап айтқанда, Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко қаласына жақын жерде жалпы қуаты 19,5 МВт болатын жел электрстансысының құрылысы салынбақ. Бұл құрылыс жұмысы «ДМК-Ко» атты корей компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Сонымен бірге Алматы облысындағы Шелек дәлізі аумағында кореялық «Самсунг Си Энд Ти Корпорейшн» компаниясымен бірлесе отырып, қуаты 51 МВт болатын жел электрстансысының құрылысы бой көтереді.
Тағы бір жағымды жаңалық – «Казсельэнергопроект институты» ЖШС-ның мәліметі бойынша, қазір еліміздің 45 өңірінде жел электрстансыларының құрылысын салу жобалануда. Мамандардың пікірінше, бұл орайда, қуаты 100 кВт болатын шағын жел агрегаттарымен бірге қуаты 2 МВт және одан да жоғары болатын жел агрегаттарын салу тиімді болмақ. Осыған байланысты еліміздің өңірлеріндегі жел әлеуеті жоғары сегіз алаң таңдап алынды. Олардың ішінде Жамбыл облысының Қордай кенті, Оңтүстік Қазақстан облысының Жүзімдік кенті, Астана, Форт-Шевченко, Атырау, Ерейментау, Арқалық және Қарқаралы қалалары бар. Маңыздысы сол: Қазақстанның жел энергиясын дамытудағы әлеуеті жан-жақты зерттеліп, еліміздің кеңейтілген жел атласы жасалды. Бұл атласқа ұлан-ғайыр Қазақ даласының жел қуаты басым болатын өңірлерінің кестесі енгізілген. Мамандардың сөзіне сенсек, осы атласқа сәйкес, Қазақстанның 50 000 шақырымнан астам аумағында жылына 900 000 гигаватт-сағат электр энергиясын өндіруге болады.
Мамандар не дейді?
Сонымен, жел энергетикасының пайдасы қандай? Білікті мамандардың сөзіне сенсек, мұның ең әуелі елдегі экологиялық ахуалды оңалтуға әсері мол.
– Жел энергетикасы қуат көздерінің анағұрлым серпінді дамитын коммерциялық түрі болып табылады. Қазақстан бұл энергия көздеріне өте бай. Бұл салаға адам қолы әлі тиген жоқ. Егер жан басына шаққанда парниктік газдарды ауаға таратудан Орталық Азия елдерінің алдында тұрсақ, оның басты өндірушісі – энергетика секторы (84,4%). Жел энергетикасын дамыту арқылы экономикалық және экологиялық мәселелерді тиімді шешуге болады, – дейді «Қазақстандағы жел қуаты нарығын дамыту бастамасы» атты БҰҰ-ның Даму бағдарламасы жобасының ұлттық менеджері Айнұр Саспанова.
Айнұр Саспанованың айтуынша, кәдеге жарата алсақ, елімізде желі қуатты жерлер жетерлік. Бұл арқылы елдегі өндіріс көлемін де арттырып, сыннан көз ашпайтын экология саласын да сауықтыруға болады.
Айнұр САСПАНОВА, «Қазақстандағы жел қуаты нарығын дамыту бастамасы» атты БҰҰ Даму бағдарламасы жобасының ұлттық менеджері:
– Қазақ даласында қысы-жазы тоқтаусыз соғып тұратын желдің қуаттылығы жағынан Жоңғар қақпасы ауданы –алдыңғы орында. Ондағы соғатын желдің жылдық орташа жылдамдығы 9,68 м/с-ты құрайды. Ел аузында «Ебінің желі» деп аталатын осынау қақпадан соғатын алапат жел өндіріс қуатын жылына 5 мың МВт/секундқа дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Ал Алматы облысындағы Шелек дәлізінен соғатын желдің жылдамдығы 7,77 м/секундқа тең. Сондай-ақ желдің соғу жылдамдығы Ақтау-портында – 7,83 м/с, елорданың маңайында – 6,8 м/с, Ерейментауда – 7,79 м/с, Қарқаралыда – 6,26 м/с, Арқалықта – 6,93 м/с, Оңтүстік Қазақстан облысының Жүзімдік ауылы мен Атыраудағы Қарабатан теміржол стансысы аумағында 7,5 м/с-ты құрайды. Егер еліміздегі осынау табиғи қуатты іске жарата алсақ, пайдаланылатын жел қондырғыларының жиынтық қуаты 550 МВт-ты құрап, ал жылдық электр энергиясын өндіру көлемі 1,65 млрд кВт-сағатқа тең болмақ.
Техника ғылымының докторы, профессор Тоқтамыс Меңдебаев желді екі бірдей мақсатта пайдалануға болатынын айтады. Біріншісі – құбырлар тізбегін жалғастыру арқылы желден қуат көзін алу, яғни электр тогы. Екіншісі – ластанған ауаны тазарту.
– Құбырдағы шектеулі кеңістікте жылдамдығы үлкен, қуатты, реттеулі және басқаруға болатын бағытталған жасанды жел өзендері пайда болады. Осыдан барып құбырлар тізбегінің ішіндегі есептеулі арақашықтық сақталып орналастырылған шағын, ықшам турбогенераторлардан өте арзан, қуат көрсеткіштері тұрақты, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін электр тогын алуға болады. Құбырдағы жасанды жел өзендерін қосымша екінші мақсатқа, мысалға, зиянды улы қалдықтарға толы Алматы қаласының ауа кеңістігін әрдайым тазартып тұруға пайдалануға болар еді, – дейді ғалым.
Керек дерек
Бүкіләлемдік жел энергетикасы ассоциациясының (БЖЭА) мәліметі бойынша, 2011 жылы бүкіл дүниежүзінде жалпы қуаты 40 гигаватт жел қондырғылары орнатылған. Сөйтіп, 2011 жылы әлемдегі барлық жел электрстансыларының жалпы қуаты 237 гигаватты құрады. Бұл 280 ядролық реактор қуатының көлеміне тең. Айта кетер болсақ, қазір әлемде барлығы 380 ядролық реактор жұмыс істеп тұр. БЖЭА-ның болжамдары бойынша, 2020 жылға таман жел генераторларының жалпы қуаты төрт есе өсіп, 1 мың гигаватт электр қуатын өндіретін болады.
P.S.
Түйіндей айтсақ, күні-түні бір тынбай дала кезіп, ауық-ауық соғатын азынаған желдің де пайдасы аз емес. Әрине, кәдеге жаратып, қадіріне жете алсақ. Байқағанымыз, елімізде бұл тарапта әзірге нақты істен гөрі жоспар көп. Алла сәтін салса, 2017 жылы Астанада ЕХРО 2017 халықаралық көрмесі өтеді. Жай көрме емес, жауапты көрме. Жоғарыда аталған жоспарлар сол уақытқа дейін жүзеге асып, төрткүл дүниеге қазақтың да технологияның құлағында ойнап, техниканың тілін ешкімнен кем білмейтінін көрсете алсақ игі.