«Жасыл ауыл»
Елімізде Мемлекет басшысының таза экологиялық технологияға және жаңғыртылған энергетикаға негізделген «жасыл экономикаға» көшу тапсырмасын орындау бойынша алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Павлодар облысындағы Железин ауданының шаруалары да аталмыш игі бастамадан құр алақан емес. Келешекте Астанада «Жасыл квартал» бой көтеретін болса, Железин өлкесінде өзінің «Жасыл ауылы» болмақ.
Железин ауданы «Пахарь» ШҚ жанындағы «Жасыл ауыл» облыстың ауыл шаруашылығы саласына серпіліс әкелетін агроқалашық жобасы аясында бой көтермек. Экологиялық технологияға және жаңғыртылған энергетикаға негізделген «Жасыл ауыл» жобасын жүзеге асыру бойынша железиндік шаруалар күн, жел қуаты технологиясын игеру бойынша алғашқы талпыныстар жасауда. Жаңа жоба аясында өңірдегі С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың энергетика және қаржы-экономикалық факультеттері және ресейлік Челябі университетімен биогаз өндіру бағытында келіссөздер жүргізілуде. Аталмыш жоба іске асса, электр энергиясын үнемдеп, аймақтың экологиялық жағдайына нұқсан келтірмеуге септігін тигізбек. Энергия үнемдеу жобасының құны 1 млрд теңгені құрайды.
Ерлан АРЫН, Павлодар облысының әкімі:
– «Пахарь» шаруа қожалығы агроэнергетикалық тұрғыдан дами түспек. Алдағы уақытта аталмыш жобаға қатысты құжаттық жұмыстар жүзеге асырылса, қолдауға әзірміз. Сонымен қатар алдағы уақытта табиғи энергия көздерін игеру технологиясы бойынша бірнеше маманды Германияға жіберу керек. Кейін жүйелі ұйымдастыру шараларын жүзеге асыру бойынша іс тындырамыз.