Қазақстанның салық заңнамасында шешілмей жатқан түйіндер әлі де көп. Мәселен, еліміздің Салық кодексінде халықаралық салық салу және трансферттік баға қалыптастыру жүйесіне қатысты баптар жоқ. Кеше Алматыда алдағы күндері өтетін салық форумына қатысты ұйымдастырылған баспасөз жиынында Қазақстан салық төлеушілер қауымдастығының мүшелері осындай пікір білдірді.
Ең алдымен, жиынға қатысқандар жаңа Салық кодексіндегі кейбір ерекшеліктерге тоқталып өтті. Біріншіден, бұл кодекс бойынша шағын және орта бизнес өкілдеріне бірнеше жеңілдіктер жасалып отыр. Егер бұрынғы жылдары бұл сала өкілдері ай сайын корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер төлеп тұрса, енді олар бұл төлемдерді жыл аяғында бір-ақ рет төлейді. Екінші бір жеңілдік – корпоративтік табыс салығы 20 пайызға төмендеді. Басқосуға келген қауымдастықтың мүшесі Айдын Бикебаевтың сөзіне сенсек, келер жылы бұл салық – 17,5 пайызға, екі жылдан кейін 15 пайызға дейін түседі. Тағы бір айта кетерлігі, салық есептерінің көлемі азайтылды. А.Бикебаев сонымен бірге салық жүйесіне қатысты кемшіліктерді де тізбелеп өтті. Мәселен, біздегі шағын бизнес өкілдеріне кәсіптерін патент алып қана жалғастыруға мүмкіндік жасалмай келеді. Оларға ірі кәсіпкерлермен қатар талап қойылып отыр. Табысынан жырып, 10 пайыз салық төлейтін адвокаттарға да тиісінше жағдай жасалуы тиіс. Салық комитетінде жұмыс істейтін қызметкерлердің біліктілігін арттыру да – күн тәртібіндегі мәселе.
Басқосу барысында қыркүйектің 29-ы күні өтетін салық форумына қатысты да әңгіме қозғалды. Осымен төртінші жыл ұйымдастырылып отырған бұл жиын биыл «Жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайында ҚР жаңа Салық кодексін пайдаланудағы тәжірибе» тақырыбымен өтеді. Сөз алғандардың айтуынша, қазірдің өзінде біздің жаңа Салық кодексіміз әлемнің көптеген елдерін өзіне тартып отыр. «Біздің мемлекет өзінің салық заңнамасын ырықтандыру бойынша нақты шаралар қабылдады. Көптеген елдер Қазақстанның Салық кодексін жоғары бағалады. Тіпті олар оффшорлық дағдарыс жағдайында Қазақстанды «жаңа оффшор» деп атады», – дейді А.Бикебаев.
Жаңа салық жобасының артықшылығы мен кемшілігі
Последние статьи автора