Алматы-Үрімші бағытына аялдамасыз қатынайтын жаңа әуе рейсінің ашылғанына бір ай болды.
Үрімші – Қытайдың бес ұлттық автономды ауданының бірінің астанасы. Әкімшілік орталықтың Тянь-Шаньның солтүстік бөктерінде орналасуы оған географиялық жағынан рекордтық ерекшелік сыйлады. Ол Гиннесcтің әйгілі кітабына теңізден ең шалғай жатқан мегаполис ретінде енген. Мұнай, текстиль мен металлургиясы дамыған өңірде Қытайдағы ең алып жел энергиясы орталығы бар. Алматы – Бейжің халықаралық теміржолы бойындағы ірі қаланы екі мемлекеттік маңызы бар автокөлік жолы кесіп өтеді. Сондықтан да болар, тоқсан жолдың торабындағы шаһарда кәсіпкерлік те жақсы дамыған. Үрімші – Орталық Азиядағы халқы көп астаналардың бірі. Екі миллионнан астам халықтың қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Қысқасы, қарқынды дамушы қала. Оны еліміздің қаржы-іскерлік орталығымен жақындастырудың қисыны – осында. «Эйр Астана» ұлттық әуе тасымалдаушы компания ашып отырған жаңа рейс бойынша «ЭйрбасА320» ыңғайлы жолаушылар ұшағы Алматыдан Үрімшіге аптасына үш рет қатынайды. Бұған дейін жүзеге асырылған Алматы – Бейжің және Алматы – Үрімші рейстері қазіргі таңдағы сұранысты қамтамасыз етуге жеткіліксіз болған еді. Өйткені екі ел арасында кәсіпкерлер; шығыстың тарихы, өркениеті, сервисі мен асханасына қызығатын туризмнің барлық саласының өкілдері; Қытай медицинасы бойынша емделушілер; студенттер; ғалымдар; басқа да жолаушылар бірде-бір апта үзілген емес. Сол себепті қазір жаңа әуе сапары аймақаралық транзиттік жолаушылардың негізгі таңдауына айналды. «Эйр Астана» АҚ президенті Питер Фостердің айтуынша, Алматы – Үрімші бағыты бойынша іске асырылатын әуе қатынасы «Эйр Астана» компаниясы үшін болашағы зор жаңа нарықты ашып, екі ел арасындағы сауданың дамуына қосымша түрткі болмақ. Жаңа рейс бойынша ұшу ұзақтығы – 1 сағат 50 минут. Әуежайдың алымдары мен басқа да төлемдерін қоспағанда, әуе билеттерінің құны – 27 мың теңгеден, ал бизнес кластағы орындар құны 140 мың теңгеден басталады.