Бүкіләлемдік көрме жұмысы өнеркәсіптік төңкерістің қарқын алған тұсында басталды. Алғашқы халықаралық мамандандырылған ЕХРО көрмесі 1851 жылы Лондон қаласында Гайд-паркте өтті. Оның «Барлық халықтардың өнеркәсіптік жұмыстарының ұлы көрмесі» деп аталуы тегін емес. Тұңғыш көрменің бас көркі темір мен шыныдан жасалған Хрусталь сарайы болатын.
Осы көрмелерді ұйымдастыруға жауапты мекеме – Халықаралық көрмелер бюросы 1928 жылы ғана құрылды. Құрамына 166 мемлекет кіретін халықаралық ұйымға Қазақстан – 1997 жылдан бері мүше. Осы ұйымға мүше болуының 20 жылдығында Қазақ елі өз жерінде кезекті мамандандырылған көрме өткізуді мойнына алып отыр. Ресейдің өзі бұған дейін ЕХРО көрмелерін өткізуге бірнеше мәрте талпынып, енді 2020 жылдан үмітті екенін ескерсек, мұны Қазақстанның халықаралық деңгейдегі ірі жетістігі деп бағалауға болар.
Біріншіден, ЕХРО көрмелері қашан да тыңнан түрен салған ғылыми жаңалықтардың, тосын ойлы өнертапқыштықтың ордасы бола білді. 1904 жылы Сан-Луисте өткен көрмеде көрме қонақтары алғашқылардың бірі болып мұз қосқан шай, ыстық бұршақ, түтікті балмұздақ жеп, шала туған нәрестелерге арналған инкубаторды тамашалады. Қазір бұл тағам түрлері мен медициналық құрылғы ешкімге таңсық болмаса да, сол кезде елді елең еткізерлік жаңалық еді.
1967 жылы Монреалда израильдік архитектор Моше Сафди құрастырған Фуллердің геодезиялық күмбезі мен «Хабитат 67» жобалары, 1970 жылы Осакадағы «Күн мұнарасы» мен 1962 жылғы Сиэтл көрмесіндегі «Ғарыш инесі», шын мәнінде, аңызға айналған жобалар. Монреал көрмесінде АҚШ павильонында ғарыш кемелері таныстырылды. «Аполлон-2012» ғарыш кемесінің астронавтары әкелген Ай тасы көпшілік назарына ұсынылды.
2005 жылы Жапония «Табиғат даналығы» деген ұранмен Нагоя қаласының шығыс жағында Нагакута, Тойота және Сето қалаларында ЕХРО қонақтарын қабылдады. Жапония бұған дейін де көрмелер өткізген. Бірақ бұл ХХІ ғасырда өткізілген алғашқы халықаралық көрме болатын.
Осы көрмені дүниежүзі ақпарат құралдары 25 наурыз бен 25 қыркүйек аралығында жіті назарда ұстап, насихаттаумен болды. 125 мемлекет қатысқан, 170 гектар ауқымды алып жатқан көрменің әлем жұртшылығын тамсандырар жаңалығы көп еді.
Бұл көрменің басты кейіпкерлері роботтар болды десек, артық айтқандық емес. Вакамару деген робот көрмеге келушілерді босағадан күтіп алып, қолын қысады. Ағылшынша амандық сұрасады, нендей көмек бере алатынын сұрайды. «Роботтар станциясы» деген павильонда үй тазалайтын, күзетші, жүргізуші роботтар, екі динозавр робот және басқа да құлтемірлер болды. Олардың ішіндегі ең танымалы бала бағушы робот PaPeRo болды. Ол адамдардың түр-түсін ажыратып, ән салып, сұрақтарға жауап беріп, ата-анамен телефон немесе бейнекамера арқылы сөйлесіп, пәтер ішінде қозғала алады.
2005 жылы Аити көрмесінің қонақтар саны 15 миллион болады деп болжанса да, іс жүзінде олардың саны 22 миллионға жеткен.
Ал 2008 жылы 14 маусым мен 14 қыркүйек аралығында Испанияның Сарагос қаласында «Су және тұрақты даму» атты халықаралық көрме өтті. 25 гектар аумақты алып жатқан жерде испандықтар архитектуралық жетістіктермен талайды тамсандырды. Еуропадағы ең үлкен тұщы сулы аквариум да, цунами императоры да осында еді.
Екіншіден, ЕХРО көрмелері ғылыми жетістіктер мен жаңа стандарттарды тамашалаудың мүмкіндігі ғана емес, туристер үшін сейіл құрып, көңіл көтеретін орын болатын. Мысалы, ХХ ғасырдың екінші жартысында халықаралық көрме кешендері жалпыға ортақ сауық-сайран құру алаңына айналды. Осакада өткен EXPOland, Монреалда ашылған «Ла Ронд» саябағы – осының дәлелі. 1967 жылы Монреалда көрмеге қатысушылар Роман Кройтердің 4,5 миллион долларға түсірілген «Лабиринт» фильмін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Осылайша ЕХРО көрмелері ғажайыптар мен ертегілер әлеміне айналуға жақын. 2010 жылы «Тюнити» газетінің жазуынша, жапон астронавты Соити Ногути ғарыштан бейнетелефон арқылы 17 қыркүйекте ЕХРО көрмесіндегі Нагакутэ кешеніне қатысып, жерлестерімен сөйлесті.
Үшіншіден, ЕХРО өткізетін қожайын ел өзінің осындай сый-құрметке лайық екенін дәлелдеуге тырысып бағады. Айталық, 1970 жылы Осакада өткен көрмеде Жапония өзін әлемдік держава ретінде насихаттауды қолға алды. Фестивальдар алаңына салынған Күн мұнарасы осы көрменің ең айшықты символына айналды.
Төртіншіден, ЕХРО көрмелері қай кезде де сол дәуірдің тынысын сездіретін, халықаралық жағдайдың айна-қатесіз көрінісін дөп басатын әлемдік деңгейдегі оқиға еді. Мысалы, 1992 жылы Севильеде өткен көрме қырғиқабақ соғыстың аяқталуынан кейін өткен бірінші көрме болатын. Сол жолы энергетикалық дағдарыс және экология мәселелері халықаралық деңгейде сөз болды. Германия осы жолы біртұтас павильон жасады, осының өзі халықаралық жағдайдың өзгергенінің белгісі еді.
Бесіншіден, 160 жылдық тарихында ЕХРО көрмелері адамзаттық мәселелерді шешуде ортақ шешім іздеудің, белгілі бір ортақ жол ұсынудың оңтайлы құралына айналды.
2000 жылы Ганновердегі көрме «Адамзат, табиғат және технологиялар» деп аталды. Бұл көрме Аляскадан Гавайға дейінгі аралықта әлемдік әріптестік жобалардың дүниеге келуіне себепкер болды.
Алтыншыдан, ЕХРО кейде заманауи өнер сахнасына да айналады. Оның үстіне, ЕХРО көрмелері сол елдің мәдениетін, дәстүрі мен тарихын насихаттау үшін кеңінен пайдаланылады. Мысалы, 2005 жылы жапондық көрмеде 185 күн бойы жыр оқушы ансамбль күніне 20 рет табиғатпен етене өмір сүру жайлы өлеңдер оқыды. Әлемге әйгілі музыкант Ватанабе Садао жапон экспозициясына арнап барша адамдарды біріктіруге үндеген гимн жазып шықты.
2005 жылғы көрме туралы әдеби шығарма да жазылды. Жапондық «Иомиури» газетінің жазуынша, Францияның бас комиссары Бернар Тестю бүкіләлемдік көрмеге арналған хикаят жазып, сол жылы 20 шілдеде арнайы баспасөз мәслихатын өткізген. Ол 1998 жылы Лиссабондағы көрмеде, 2000 жылы Ганновердегі көрмеде Францияның бас комиссары болған екен.
Жетіншіден, ЕХРО көрмелерінің ел экономикасына тигізер оң ықпалы бар. Бұған халықаралық көрмені лайықты деңгейде ұйымдастырған мемлекеттердің тәжірибесі дәлел.
2005 жылғы халықаралық көрме жұмысына 121 мемлекет пен төрт халықаралық ұйым қатысты. Жарты жылға созылған көрмені 21 миллион адам тамашалаған екен. Көрменің жабылу салтанатын көру үшін 40 мың адам кезекке тұрған көрінеді. Әйтсе де бұл Жапонияда бұрын өткен көрме қонақтарының санынан әлдеқайда аз еді. 1970 жылы Осакада өткен көрмеге 64,22 миллион адам келген екен.
Жапония көрмесіне келушілердің жалпы санының 10 пайызы шетелдіктер болады деп жоспарланған екен, бірақ олардың саны 4 пайыздан аспаған. Бас павильонда Якутиядан табылған мамонттың басы қойылды. Кейбір қонақтар осы көрмені 50 рет аралаған екен.
Ресми деректерге қарағанда, ЕХРО-2005 көрмесінің жалпы пайдасы 57,5 миллиард иен немесе 550 миллион долларды құраған.
Біздің тәжірибе. Бұған дейін еліміз ЕХРО халықаралық көрмелеріне төрт рет қатысқан. Солардың бірі – 2008 жылғы Сарагостағы көрмеге арнайы барып қатысқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада ЕХРО көрмесін өткізу идеясын айтқан болатын. Сол жылы 104 мемлекет қатысқан көрмеде «С» категориясы бойынша Қазақстан ішкі және сыртқы безендіру жұмыстары үшін үшінші орынға ие болып, қола медальмен марапатталды.
Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан Шанхай көрмесіне қатысты. «Азия» деп аталатын аймаққа орналасқан қазақ павильоны Жапония мен Оңтүстік Корея кешендерінің жанына жайғасқан еді.
ЕХРО-2010 көрмесінде Қазақстан ұлттық экспозициясы «Астана – Еуразия жүрегі» атты тақырып аясында жасалды. Ресми деректерге қарағанда, қазақ павильонын 1 миллионға жуық адам тамашалаған.
Қазақстан былтыр ЕХРО көрмесінен де тыс қалмады. Ғылым мен мәдениет, бизнес пен туризм салаларындағы инновацияларды пайдаланған қазақ павильоны суға байланысты экспозиция құрды. Бұған қоса қазақ мемлекетінің кешегісі мен келешегі, тарихы мен салт-дәстүрі де таныстырылды. Павильон қонақтары интерактивті шоуларға қатысты.
Алты аймаққа бөлінген қазақ павильоны Астана тақырыбын тағы насихаттады. Бұл көрме өтіп жатқан кезде Астана әлі ЕХРО өткізуге үміткер ғана болатын. 2017 жылғы көрмеге дейін әлі төрт жыл бар. Қазақстан бұған дейінгі өзінің де, өзгенің де ЕХРО тәжірибелерін ескеріп, халықаралық деңгейдегі көрмені лайықты деңгейде өткізуге дайын болады. Осылайша Астана өз мәртебесін тағы да әлемге паш етеді.
Замана лебін сездірген...
Последние статьи автора