Жалған баяндама, жаттанды жауап
Осы аптаның алғашқы күні облыстық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында бір емес, үш бірдей мекеменің, атап айтқанда, «Максимум» аймақтық инвестициялық орталық» ЖШС-ның, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының дирекциясы» мемлекеттік мекемесінің және «Шымкент қаласының индустриалды аймағы» МКК-ның есебі тыңдалып, «емтихан» тапсырды. «Емтиханды» қабылдаған «комиссияның төрағасы» – облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі болды.
«Есебі тыңдалды» дегені болмаса, бәрі де дөй бастықтың алдына дайындықсыз келіпті. Мінберге көтерілгендер үй тапсырмасын орындамаған оқушының күйін кешіп, көпшіліктің алдында ұятқа қалды.
– 2010 жылы 4,9 миллиард теңгеге 1898 жоба мақұлданды. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда, 3,5 есеге көп. Үстіміздегі жылы қаржыландыру несиесінің пайыздық сыйақысының көлемі 9 пайыздан 7 пайызға дейін төмендеді. Қазіргі уақытта сыйақы қайтарымы 99,9 пайызды құрап отыр, – дейді «Максимум» аймақтық инвестициялық орталық» ЖШС-ның бас директоры М.Шыныбаев.
Әрине, бұл қағаз бетіне қанттай тізіліп жазылған, мақтану үшін таптырмайтын, сықиған статистика еді. «Максимумның» мұндай лепірме мінезі бұрыннан бар. Кезінде жарғылық қорының өзіне 1 миллиард 60 миллион теңге бөлінген «Максимумның» жанынан көп ұзамай үш бірдей еншілес кәсіпорындардың тұсауы кесілгені, олардың адам сенбес жүзеге аспайтын жобаларды көпшілікке ұсынып, көзбояушылыққа барғаны баспасөз беттерінде сын садағына алынған болатын. Міне, енді тағы да кезекті сценарий...
Сықиған статистика, жалпақшешей жалпылама баяндама талабы қатал облыс әкіміне ұнасын ба? «Аудан-аудан бойынша жеке-жеке талдау жасалды ма? 2011 жылға жасалған нақты жобаны айтыңыз» деп нақты-нақты сауалдарды қабырғасынан қойды. «Максимумның» директоры М.Шыныбаев болса, «дәптерімді ұмытып, үйге тастап кетіппін» дейтін мектептегі сабаққа салғырт-салақ, ұқыпсыз оқушының күйін кешуден еш қымсынбай, қысылмай, ондай жобалар түзілген құжаттарын жұмысында қалдырып кеткенін айтып, ақталғанына күлесіз бе, жылайсыз ба?
Әкім нақты сөйлеуді қайта-қайта талап еткенімен, бас директор бәрібір биылғы атқарылатын тірліктерді талдап, түсіндіріп берудің ретін таппай, бірнеше жылға жоспарланған жалпылама баяндаманың шеңберінен шыға алмағанына қынжылдық. Оны облыс басшысы «сұрақ түсінікті ме, бір жылдың жоспары құпия емес шығар, сендердің айтып отырғандарың өз жоспарларың емес, кәсіпкерлердің несие алу үшін ұсынған жоспарлары» деп сөзден тыйып тастамасқа амалы қалмады.
М.Шыныбаевтың баяндамасынан бар ұққанымыз мынау: Қазығұрт ауданының кәсіпкерлері бірлесіп, тірліктің көзін табуға зор қызығушылықпен кірісіп отыр екен. Есесіне, шымкенттік, кентаулық кәсіпкерлердің белсенділігі тым нашар. Жеңілдетілген несие беруді ұйымдастыру арқылы сол ауданның, қаланың дамуына үлес қосуға тиіс кәсіпкерлерін ортақ жұмысқа жұмылдыра алмай жүрген Созақ ауданы, Арыс қаласы әкімдерінің осы салаға жауапты орынбасарлары облыс басшысының тікелей бақылауындағы маңызды жиналысқа келуге ерінгендері еркелік пе, енжарлық па, ол жағын түсінбедік.
– Менің артық бір минут та уақытым жоқ, солай болса да бүгінгі жиналыстың маңыздылығына байланысты өзім қатысып отырмын. Алайда жиналысқа лайықты дәрежеде дайындық жасалмаған. Маған мұндай басқосудың қажеті жоқ, қайта дайындалыңыздар. Жиналысты кәсіпкерлер үшін өткізіп отырмыз, ал неге олардың біреуі де жоқ. Ұсынысты солар айтады, –
деді облыс әкімі Асқар Исабекұлы.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы дирекциясының директоры Бақыт Мәуленовтің де «емтиханға» дайындығына облыс басшысының көңілі толмады. «Бүгінге дейін жобаларды қаржыландырған инвесторлар өздігінен келгендер. Демек, бұл дирекцияның тындырған тірлігі емес, оларды сіздерге біз жібердік. Бұл маңызды жобаға керек болса елшіліктерді, Сыртқы істер министрлігін жұмылдыру керек. «Маған жиналысты «для галочки» өткізудің керегі жоқ» деген әкім оған да «емтиханға» қайта дайындалып келуін тапсырды. Иә, «для галочки» жиналыс өткізудің заманы өткелі қа-ша-ан!
«Емтихан» тапсыру кезегіндегі үшінші мекеме – «Шымкент қаласының индустриалды аймағы» МКК-ның есебін облыс басшысы тыңдауды да жөн көрмеді. Олар таратқан баспасөз хабарламасында 2011 мен 2010 жылдан жаңылысқандарына бастапқыда техникалық қателік болар деп түсіністік танытуға тырысқанбыз. Сөйтсек, жылдан жаңылысқандары техникалық қателік емес, жұмысқа қалай болса, солай, көзжұмбайлықпен қараудың салдары болып шықты.